Аймақтар • 05 Сәуір, 2018

Менің атым Өзгеріс!..

830 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өзгеріс Қуанар Моңғолияның Баян Өлке аймағында дүниеге келіпті. Өңіріміздегі аудан орталығы Ақтоғай ауылында Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектепті бітірген. Қарағанды «Болашақ» университеті фиолология факультетінің түлегі. Қазір облыстық «ERTIS» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде тілші қызметін атқарады.

Менің атым Өзгеріс!..

– Атамекенге 2004 жылы көшіп келдік. Әкемнің туған-туыстары, аға-әпкелері 1992 жылы алғаш көш басталғанда қоз­ғалды. Баян Өлкеде әкем мен ағасы Даш қалды. Өйткені атамыз бен әжеміз жастары 80-ге келген еді. «Бізге қарайлай бер­мей, атажұртқа жетіңдер» деген аманаттарын айтып кетті. Содан ата, әжем бірінен соң бірі дүние салған соң барып жолға жиналдық. Құжат жинастыру рә­сімдері әрі ұзақ, әрі қиындау тиді. Баян Өлкенің Сақсай деген жерінде тұрдық. Мен сонда 5-сыныпқа дейін оқыдым, – дейді Өзгеріс.

Қазір Өзгерістің ата-анасы, аудан орта­лығы Ақтоғай ауылында тұрады. Қарын­дасы Сайрангүл жуырда тұрмысқа шықты. Қыз ұзату тойын өткізді.

Інісі Бақдәулет педа­го­ги­ка­лық институт­тың филоло­гия бөлімінде оқып жүр. Үлкен­дер өздері ғұмыр бойы арман еткен атамекенге жете алмаса да, аманаттары орындалып, ұрпақ жалғасуда.

Ал Өзгеріс оқуды бітірген соң, ауылға қайтып келіп «Ауыл ты­нысы» газетінде тілшілік қыз­мет атқарады. Кішкене күнінен-ақ өлеңдер жазып, журналист болсам деген арманы бар еді.

– Әкем Қуанар қолы шебер адам. Жолсапарда жүргенде үйге барып, әкем мен анам жа­саған ұлттық болмысты на­қыш­­ты бейнелейтін қолөнер әле­мін көріңіз. Ұлттық қолөнер – біздің халқымыздың байлығы. Жа­һандану қанша жерден жа­қындап кеп тұр­са да, қалқан бо­лар біздің ұлттық мұ­рамыз же­теді ғой. Әкем Моңғолияда тұр­­ған кезден киіз үй жасаумен айналыс­ты. Қазір де киіз үй, киіз үйдің қажетті жаб­дықтарын жасайды. Өткен жылы «Жас проджект» деп аталатын қанатқақты жобаға қатысып, киіз үй жасау жобасы бойынша грант та ұтып алдық. Ағаштан киіз үйді әкем жасаса, анам Май­рагүл қажетті бұйымдарын тігуге кө­мек­теседі. Алда жобалар да аз емес, – дейді Өзгеріс.

– Есіміңді кім қойды?

– 1991 жылы Моңғолияда заман өзгеріп, Кеңес өкіметі тарап жатқан кез. Атам есімімді қоярда «үлкен бір өзгеріс келе жатыр!» деп қатты қуанып, ұрпақтарым атамекенге жетер күн жақын деп асығады.

 Міне, осылай атам қойған атымды,

Жалғасын деп жазылмаған жырымды,

«Бір өзгеріс болады әлі көрде тұр!

– сонда менің түсінерсің жанымды»

( Кейін бәрі түсінді ғой марқұмды...) деп басталатын өлеңін де оқып берді.

Өзгеріс ақиық ақын Жұматай Жақып­баевтың 70 жылдығына арналған «Жұма­тай – жыр қағаны» атты респуб­ликалық жыр мүшәйрасына қатысып, 2-орын алыпты. Халықаралық «Менің досым» поэзия бай­қауының дипломанты. Өлеңдері «Өр үміт­ті өр жастар», «Қырандар ғана ұшатын биік бар...», «Ақ заңғардағы асулар» атты жи­нақтарда жарық көрген. Біз де ерекше есімді Өзгеріс бауырымызға алдағы уақытта да өмірің жақсы өзгерістерге тола берсін деп тілек айтқымыз келеді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР