Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Оңтүстікте көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды

692 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Диқандар үшін көктемнің әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 833,1 мың гектар болады деп межеленіп отыр. Бүгінге 12,4 мың гектарға жаздық дақылдар, оның ішінде 6,2 мың гектар көкөніс, 0,4 мың гектар арпа, 3 мың гектар жоңышқа, 2,1 мың гектарға картоп егілген.

Оңтүстікте көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды

Көктемгі дала жұмыстары, әсіресе, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында қызу жүргізілуде.  Мақтаарал ауданы бойынша 137959,6 гектар егістік алқаптың 11425,0 гектары тырмаланып, 7327,0 гектары жұмсартылған. Қажетті техника, құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген диқандар 997,1 гектарға жаңа жоңышқа, 931 гектарға ерте пісетін көкөніс, 855,5 гектарға қырыққабат дақылын екті. Бақша өсірушілер де көктемгі егіске ерте бастан қамданып,1723 гектарға қарбыз, 3120 гектарға қауын тұқымын егіпті. Ауылдар арасындағы бейресми жарысты да аңғаруға болады. Көршісі ерте оянған ауыл қазағы ұйықтап жатпасы анық. Бұл орайда,  Достық, Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің диқандары жаңа жоңышқа, қарбыз егуде алда келеді. Ерте көкөніс өсіруде, оның ішінде қырыққабат егу бойынша Атамекен, Мақтаарал ауылдық округтерінің диқандары көш бастапты. Әрбір ауыл округтерінде құрылған жұмысшы бригадалары диқандармен келісіп, жалдамалы негізде жұмыс істеуде. Негізгі дақылы "ақ алтын" болып саналатын мақтаралдық шаруалар жерге мақта шитін себуге де дайындықтарын жасауда.

Ал Сарыағаш ауданында биыл 13 мың 700 гектар жерге көкөніс егілген. Біртілек ауылдық округіндегі «Нұржан» шаруа қожалығы 1,6 гектар жылыжайға құлпынай өсіруде. Шаруашылықта 30 адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығы 1 маусымда 50 тонна көлемінде құлпынай өндіруді жоспарлап отыр. Қызанақ және қияр өсірумен айналысатын «Фахритдин» шаруа қожалығы да биыл өнім көлемін арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Жылына 250 тонна өнім өндіріп отырған қожалықта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кездерінде жұмысшылар саны 2 есеге дейін артады.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы