Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Астананы одан әрі дамытуға арналған кеңес өтуде

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс өтіп жатыр.

Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Астананы одан әрі дамытуға арналған кеңес өтуде

«Кеше ғана жаңа елордаға көшкен сияқты болып едік. Міне, көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өтіп кетті. Біз биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Менімен бірге сол кезде келген қатарластарым, жастардың есінде болса, бұл жер иен дала болатын. Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегінің қандай болғанын бәріміз білеміз. Жаңа қаланың орнында мидай дала, ештеңе жоқ. Қазір келе жатып қаланы көргенде осылай болғанына өзім де таң қаламын. Біз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы - астананы салып, дүниежүзін тамсандырып, елімізді қуантатын, көршілеріміз таң қалатын шаһарға айналдырдық. Әрине, оның ішінде біздің де аздаған еңбегіміз бар. Сондықтан осы 20 жылдықты қалай өткіземіз деген мәселемен жиналып отырмыз. Жылда қалада істелген шаруаларды осындай кеңесте ақылға салып, ары қарай не істеу керектігін ақылдасамыз», деді мәжілісті ашқан Президент.

20 жылдың ішінде қала мемлекет бюджетіне 6 трлн теңгеге жуық қаражат кірісін қамтамасыз етті. Осы уақыт аралығында алынған трансферттердің көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. Елорданың құрылысы мен дамуына бөлінген қаржы бірнеше еселенген көлемде қайтты. Сондай-ақ, бюджеттен тыс инвестициялардың үлесі 80%-ды құрады. Бұл туралы жиында Астана әкімі Әсет Исекешев  мәлім етті.

20 жыл ішінде Астананың экономикасына шамамен 8 трлн теңге инвестиция құйылды. Өткен жылы тартылған инвестициялардың көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 945 млрд теңгені құрады. Оның 200 млрд теңгеге жуығы – тікелей шетелдік инвестициялар.

«Бюджеттен тыс инвестициялардың өсімін атап өткім келеді. Олардың үлесі 80%-ға жетті. Сіздің құрған даму моделіңіздің арқасында 20 жыл ішінде қала мемлекет бюджетіне 6 трлн теңгеге жуық қаражат кірісін қамтамасыз етті. Осы уақыт аралығында алынған трансферттердің көлемі 2,3 трлн теңгені құрады», деген Ә.Исекешев мемлекеттік бюджетке түсімдер 78 есе өсіп, 1 трлн теңгені құрағанын, оның 77 пайызы республикалық бюджетке бағытталғаныын жеткізді.

Сондай-ақ, әкім қалалық әкімдік қолжетімді баспана бағдарламасын әзірлеп жатқанын жеткізді. «Бірінші және негізгі сұрақ – бұл үй мәселесі. 2017 жылы Астанада рекордтық деңгейде 2 млн 360 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл республикалық көрсеткіштің 25%-ы. Коммерциялық құрылыс туралы сізге есеп бердік. Алдағы уақытта құрылыс жүргізілетін 4 перспективалық аймақ анықталды. Бұл аумақта ауданы 17 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салуға болады. Сонымен қатар, қаланың ескі бөлігінде реинновациялық жұмыстар да жүргізіледі. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы қала тұрғындарына жаңа пәтер алуға қосымша мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасы және президенттің 5 әлеуметтік бастамасы негізінде біз қазіргі таңда өңірлік қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын дайындап жатырмыз», деді Ә.Исекешев.