Теннис • 05 Сәуір, 2018

Михаил Кукушкин: Чоричті бұрын жеңгенмін, бірақ қазір ол күшейіп алған

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан құрамасының сенім артып отырған лидері Михаил Кукушкин «Егемен Қазақстан» тілшісіне сұқбат берді. 

Михаил Кукушкин: Чоричті бұрын жеңгенмін, бірақ қазір ол күшейіп алған

– Сіз осыған дейін Борна Чоричпен 2 рет кездесіп екеуінде де жеңіске жеттіңіз. Ертеңгі ойында бұл жағы қалай әсер етеді? 

– Осыдан 2 жыл бұрын кездестік. Екеуінде де жеңдім. Екі кездесу де құм төсенішінде өтті. Бірақ, Борна ол кезде болашағынан үміт күттіретін жас бала еді. Ол кезде жеке өз атымнан ойнасам, бұл жолы Қазақстан құрамасының намысын қорғаймын. "Дэвис кубогы" сонысымен де ерекшеленеді. Қазір ол жетілді. Өсті. Мен қатысып жүрген турнирлерде менен жоғары орындар иемденіп жүр. Ертең болатын ойын мүлде басқаша өтеді деп айта аламын. Тіпті, су жаңа бұрын кездеспеген қарсыласпен шыққалы тұрғандаймын. Оның үстіне ол ертең өз алаңында ойнайды, ал мен сыртта. 

– Құрама команда сапына сәл кешігіп келгеніңіз кедергісін келтірмей ме?

Көп кешіктім деп айта алмаймын. Құрама Вараждинге келген соң ертесіне мен де жеттім. Оның үстіне Борна Чорич пен Марин Чиличтер де мен секілді АҚШ-тағы турнирде болды. Қарсыластармен ол жағынан бірдейміз. Мұхиттың арғы жағында хард төсеніште ойнасақ, бұл жолы құмда кездескелі тұрмыз. Аз уақыттың ішінде жылдам үйренісіп аламыз деген үміттемін. 

Ермұхамед Мәулен,

«Егемен Қазақстан»

Вараждин, Хорватия.