Кездесуге Съезд спикерлерінің бірі жас археолог, қазақстандық оқу орындарында алғаш PhD дәрежесін алған ғалымдардың бірі Айбар Қасеналин, ҚР Ұлттық Музейінің ғылыми қызметкерлері және елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Сондай-ақ, кездесу қонақтары үшін Қазақстан тарихы мен қазақ ұлтының мәдени-тарихи құндылықтарын көрсететін арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шыққанына 1 жыл болды. Рухани жаңғыру – біздің өзгеруміз, санамыздың өзгеруі, мәдениетіміздің артуы, өмірге, жаңа заманға бейімделуіміз, прагматикалық көзқарастың пайда болуы. Жастарға берер кеңесім – кітап оқу. Қазір интернеттің дамуымен кітаптың түр-түрін табуға болады. Керегін таңдап оқу керек. Интернетті меңгеріңдер, себебі, алдағы 20 жылда білімсіз жастарға жұмыс болмайды. «Жас Отанның» бастамасы – жастармен кездесіп, өз ойыммен бөлісуге, ақыл-кеңесімді беруге арналған пайдалы алаң», деді Мырзагелді Кемел.
Мырзагелді Кемел руханият саласында 10 кітап шығарған. Олардың ішінде ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық, көсемсөздік еңбектеріне қоса, «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптары оқырман қауымнан жоғары бағаға ие болған.