Әлем • 06 Сәуір, 2018

Ирвин Джонсон. Қайта оралған «Құбылыс»

431 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кезінде баскетболдың тар алаңында тарғыл допты ұршықша үйіріп, көрер­менді естен тандырған Ирвин Джонсонды бас­кетболдан хабары бар жандар жақ­сы біледі. Жанкүйерлер арасында «Құ­былыс» («Мэджик») атанған ол 1959 жылы 14 тамызда АҚШ-тың Мичиган шта­тының Лансинг қаласында дүниеге кел­ген. Оның баскетболға деген құмар­лығы соншалық, 20 жасында білім алып жүрген Мичиган университетін аяқ­тамай, «Лос-Анджелес Лейкерс» клубы­ның құрамына қабылданды. Осында 12 жыл тер төгіп, бес дүркін NBA чемпио­ны атанды. Сол жылдары Джонсон орнатқан кейбір рекордтардың мұрты әлі бұзылмай тұр.

Ирвин Джонсон. Қайта оралған «Құбылыс»

Клуб тарихындағы «Ең үздік ойыншы» деген атаққа ие болған И.Джонсон осыдан бір жыл бұрын аталмыш клубтың үйлестіруші директоры қызметіне тағайындалған-ды. Осы бір оқиға жайлы клуб президенті Джини Басс: «Бүгін мен маңызды қадам жасадым, бұл күн лейкерліктер үшінде тарихи оқиға ретінде қа­был­данары сөзсіз. Өйткені бұдан былай атақты Джон­сон клубтың ойын жүйесіне жауап беретін болады», деп мәлімдеді. Америкалық баспасөз жоғарыдағы оқиғаға «Қайта оралған «Құбылыс» деп баға беріпті. 

Өмір деген тек сәттіліктен тұрмайтыны белгілі. 28 жыл бұрын әлемге әйгілі бас­кетболшы И.Джонсон нағыз жарау аттай тулап тұрған шағында абыройсыз дертке шалдығып, спорттық өміріне жылай-жылай нүкте қойған болатын. Үнемі көтеріңкі көңілде жүретін баскетболшы алғаш рет өзіне ВИЧ инфекциясы жабысқаны жайлы естігенде бұл дүниеге адам болып келгеніне өкініпті. Тағдырының бұлай өзгеруіне өзінің бәзбір келеңсіз қылықтары әсер еткенін білді. Бірақ бәрі кеш.

1991 жылдың 7 қарашасында Джонсон телеэфир арқылы халықпен тікелей тілдесуге шығып, өзінің басына түскен оғаш оқиға жайлы: «Мен өзімді бұған дейін дүниедегі ең дені сау адам ретінде есептеуші едім. Бүгін міне, дәрігерлердің кеңесімен үлкен спортпен қоштасып отырмын. Бұл менің жеке басымның трагедиясы. Үйленгеніме де бірнеше айдың жүзі болды. Неткен ауыр тағдыр. Әйелімнің аяғы ауыр. Жарым екеуміз іштегі нәресте дүниеге сау келсе екен деп күні-түні жалбарынудамыз. Маған құдайдан басқа ешкім көмектесе алмайтынын толық түсіндім. Мені мұндай күйге түсірген – нәпсі құмарлық және адам ретіндегі ақымақтығым. Адам баласы тәңір бұйырған түзу жолмен жүрмесе, көрер күні осы. Оны тым кеш түсіндім және бұдан былай бір Жаратушыға жалбарынудан басқа жол қалмағанын ұғындым» деген еді. 

* * *

Жаратушы керемет кең емес пе. Джонсонның тілегін қабыл етіп, қызы ешқандай ауру-сырқатқа шалдықпай аман-есен дүниеге келді. Бұрынғы ауыр күндер туралы атақты баскетболшы былай деп еске алыпты: «Өмірімдегі ең ауыр кезең: ВИЧ вирусымен ауыратыным жайлы дәрігерлерден естіген сәт. Бұл оқиғаны жаңа үйленген әйе­ліме қалай айтпақпын. Ол мені тас­тап кетуі мүмкін бе, әлде басқаша шешім қабылдай ма екен... Санам әлемтапырақтанып кетті. Үй­ге кіріп келіп, жарыма болған жайды жайып салдым. Жұбайым «екеуміз бұл ауруды же­ңіп шығамыз» деп жауап берді. Осы сөзді есті­генде жанарымнан жас саулап қоя берді».

Осылай Джонсонды жары түсінді, бірақ баскетбол добын бұдан былай ұстай алмайтыны жанын жегідей жеді. Джонсон айтады: «Баскетболдан ажырау маған өте қиын болды, жанкүйерлерім болса бір-ақ жыл өмірі қалды дегенге сенді. Оның сыртында вирус жұқтырған адам жайлы қоғамдық ортаның түсінігі өзгеше болатын. Мен үшін осы дертті басқаға жұқтырмай, әрі тарғыл допты қайта тулату қажеттілігін жан-тәніммен ұғындым. Қысқасы, Жаратушы қабыл көрсе, жазылмайтын дерт жоқ екенін дәлелдеу керек болды».

Содан әрі қарай не болғанын айталық. 1992 жылы Джонсон АҚШ құрамасы сапында алаңға шығып, Барселона Олимпиадасының чемпионы атанды. 1993 жылы NBA-ның «Жұлдыздар» жарысында өнер көрсетті. Одан кейін тағы да екі жыл үзіліс жасап, 1995 жылдың екінші жартысында «Лос-Анджелес Лейкерс» клубының намысын қорғап, плей-офф кезеңінде жеңіліске тап болды.

Осы ойыннан кейін «Құбылыс» Джонсон баскетболды доғару жайлы шешім қабылдады. Қалған өмірін дертпен күресу ісіне арнайтынын мәлімдеді. Ол үшін алдымен бір құдай жақсы көретін дүние қайырымдылықпен айналысуды, жоқ-жітік жандарға қамқорлық танытуды мақсатым деп таныды. Өйткені Жаратушыға құр жалбарынудан пайда аз, сау­апты істермен айналысқанда ғана тілектің қабыл болатынын Жокең терең түсінді.

Сөйтіп ең әуелі «Fatburger» атты жедел тамақ әзірлейтін асхана желісін ашты. Лос-Анджелестегі кедейлер тұратын орамға кинотеатр салып берді. Басқалар сияқты ауруын уайымдап, рухын құлатпады. Жокеңнің айықпас дертпен күресу үшін белін бекем буып шығуына Элизабет Глейзер атты әйел адамның өсиеті мұрындық болған деседі. Бұл әйел осындай дерт жұқтырып, дүниеден өтер алдында Джонсонға айтыпты: «Бұл дерттен айығатын жол бар. Ол күн сайын, қажет болса сағат сайын үгіт айтып, адамдарды мұндай пәлеге ұрынып қалудан сақтандыру! Өйткені құдай жамандықтан қайтарып, жақсылықты үгіттеушілер жағында. Осыны істесең жазыласың!» деген екен.

* * *

Ол кезде аталмыш вирусқа қарсы әлемде AZT дейтін дәрі бар-тын. Қазір көп. Джонсон айтады: «Жұқпалы дертті жеңу маған оңай болған жоқ. Әрдайым дәрі ішкен сайын өзімнің ауру екенімді есіме алып, барлық тіршіліктің иесі Жаратушыдан медет сұрадым. Алғашында күніне төрт рет дәрі-дәрмек қолдандым. Одан соң дәрігерлердің кеңесімен дене шынықтыру ісімен жүйелі айналыстым. Құдай тағала адамның әрекетіне қарай берекет беретіні жайлы сенім қалыптасты. Менің басты арманым: пәлекет дерттен құлан таза арылып, қызымның тойына куә болу еді…» деп еске алады.
Қазір қауіпті дерттен айыққан Джонсон алда-жалда Лос-Анджелес қаласының мэрі үшін сайлауға өзін ұсынар болса, жеңіп шығуы әбден мүмкін жағдайда. Джонсонға дертпен күресіп, оны жеңіп шығуға болатынын дәлелдегені үшін БҰҰ арнайы сыйлық берді.

Шын мәнінде жиырма шақты жыл қатерлі дертпен арпалысып, ұйқы-күлкісіз өткізген күндері туралы Джонсон былай депті: «Таңертең оянғанда «Бүгін менің өмірімнің соңғы күні шығар» деп ойлаумен болдым. Тек ойлап қоймаймын, кәдімгідей ажалды қарсы алудың дайындығын жасаймын. Кешкісін ұйықтап таңертең аман оянғаным үшін әйелім мен балаларымды маңдайынан иіскеп, бір күн болса да өмір сыйлаған тәңірге жалбарынумен ұйқыға кететін едім. Осылай мен өмірімді бір күнге ұзартып отырып, ширек ғасырдан астам уақытты артқа қалдырдым» дейді.

Бірақ... бірақ демекші, Ирвин Джонсон өзінің тағы бір сұхбатында тұла бойында ВИЧ вирусының толық жойылмағанын айтыпты. Тек оның күшейіп, адамды өлімге душар ететін жойқын шабуылына төтеп беру жолында арпалысып жеңіп шыққанын жеткізіпті. Бір күні жеңіліп ажал құшуы мүмкін екенін де жасырмайды. Бұл дертке Джонсон енді қанша жыл төтеп береді, ол бір Құдайға ғана аян...

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»