Қазақстан • 06 Сәуір, 2018

Үкіметтік емес ұйымдар белсенділігі жоғары

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде Үкімет тарапынан «үшінші сектордың» бас­тамаларын қолдауға айтарлықтай назар аударылып келеді. Азаматтық қоғамның мүшелері саналатын үкіметтік емес ұйымдар биыл да мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынап, біліктіліктерін арттыруға ниетті.  

Үкіметтік емес ұйымдар белсенділігі жоғары

Ұсынылған жобаларға қоғам қайрат­керлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құ­рылған арнайы комиссия баға беріп, жылдың грант иелерін анықтайды. Өткен жылы грантты жобаларды жүзеге асыруға 618,5 млн теңге бөлініп, 57 жоба оң нәтиже көрсеткен. Соның ішінде 39 әлеуметтік қызметтер құрылып, ақпарат, білім, кеңес беру және әлеу­­меттік қызметтер көрсету жанданған. Бұған қоса, 35 зерттеу, 400-ге жуық оқыту шара­­лары жүргізіліп, бұл бастамаларға 39 ұлттық және 7 халықаралық сарапшылар тартылған.

Дін істері және азаматтық қоғам минис­тр­лігі биыл 956 млн теңгеге 11 бағыт бойынша 87 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Оған қатысуға 202 үкіметтік емес ұйымнан 352 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 251-і қабылданып, қалған 176,5 млн теңге көлеміндегі 23 грант бойынша байқаудың қорытындысы таяуда анықталмақ. 

Мемлекеттік грантқа ұсынылған жоба­лар­дың ішінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шаралар кешенін өткізу, жас жазушы-ақындардың және журналистердің шығармашылық әлеуетін дамыту, кәмлетке толмаған балалармен жұмыс бойынша әлеуметтік қызмет құру, ауылды аймақтардағы тұрғындардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын анықтау сынды мәсе­лелер назарда болмақ. 

Бізде үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен мемлекеттік гранттар республика деңгейінде жүргізіліп келеді. Оған арнайы құрылған комиссия бекітілген шарттар бойынша талдау жасап, шешім шығарады. Тапсырыстар мен гранттарға ұсынылған жобалардың баға жүйесі бірдей. Айырмашылығы сол, мұн­да гранттық жобаларды жеңіп алған ұйым­дар түйткілді мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыруы тиіс. Сондай-ақ грант­тық жобаны жүзеге асырумен қатар, бө­лінген қаражаттың 10 пайызын ұйым­ның дамуына жұмсауға мүмкіндік туып отыр. «Биыл 15 тақырып бойынша 50-ге жуық жобаны қарадым. Сапа жағынан айтар­лық­тай ілге­рі­леу­шілік бар», деді Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты, комиссия төрағасы Серік Тұрарұлы.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»