01 Желтоқсан, 2011

«Руханият»

1026 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сейсенбі күні сайлауалды додаға «Руханият» партиясы да ілесіп, кезектен тыс VIII съезін өткізді. Жиынды партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин ашып, съезге Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан 203 делегат қатысып отырғандығын мәлімдеді. Бұл партияның басты жаңалығы – тіркелмеген «Халық рухы» партиясымен біріккендігі. Ендігі жерде Парламент Мәжілісі мен мәсли­хаттар сайлауына «Руханият» партиясы мен тіркелмеген «Халық рухы» партиясы үміткерлерді бірлесіп ұсынбақ. Кешегіге дейін жетекшілері Алтыншаш Жағанова болып келген партияның «Руханият» жа­сыл­дар партиясы деген де атауы бар. Сонымен, сегізінші съездің төрағасы болып сайланған композитор Қалдыбек Құрманәлі жиында Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі және басқа да заңдарымен енгізілген өзгерістерге сүйеніп, тіркелмеген «Халық рухы» партиясымен қосылғалы отырғандықтарын айтып, сөзді осы пар­тияның төрағасы Мұхтар Шахановқа берді. Қоғамымыздың бүгінгі жай-күйін саралай келе, әрі бізге сенім білдірген «Халық рухы» партиясы мүшелерінің бізді саяси күрес науқанына шақырған талап-тілектеріне орай және партияның Орталық кеңесі төрал­қасының шешімімен «Руханият» пар­тиясына қо­сылғанды жөн көрдік. Рас, бізге рес­публика­мыздағы өзге де саяси пар­тиялардан Парламент сайлауы науқанына байла­нысты бірлесе күресу туралы ұсыныстар түсті. Алайда, біз ақылдаса келе, «Руханият» партиясына тоқтал­дық, деді Мұх­тар Шаханов. Оның айтуынша, «Руханият» пар­тиясының тізгіні Серікжан Мәмбеталиннің қолына өткелі бері бұл партия жаңа бағыт ұстана бастаған. Осыдан кейін Серікжан Мәмбеталин екі партия­ның қосылуына байланысты туындайтын заңдық кедергілер туралы Шахановтың айтып өткенін, соған орай «Руханият» партиясының Жарғысына өзгеріс енгізілгенін атап көрсетті. Мен өздеріңіздің сүйікті ақындарыңыз Мұхтар Шахановты «Руханият» пар­тиясының қоғам­дық көшбасшысы және рухани лидері етіп сайлауды ұсынамын, деді Мәмбеталин. Бұл ұсыныс та дауысқа түсіп, партия мүшелері танымал ақынды бірауыздан өздерінің жетекшісі деп қа­былдады. Жаңа көшбасшыларын төрге оздырған партия одан әрі Парламент Мәжілісі сайлауына орай, сайлауалды бағдарла­масын қабылдады. Бағдарла­мамен партия мүшесі, белгілі ғалым Жанұзақ Әкім таныстырып шықты. Партияның сайлауалды бағдарламасы бекітілгеннен кейін, құрылтайшылар күн тәртібі бойынша, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімін жария­лады. 35 адам Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. «Руханият» партиясы өздері ұсынған канди­даттардың барлығы дерлік жоғары білімді, саясаттан хабары бар, көзі ашық адамдар екендігін алға тартты. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.