Әдебиет • 06 Сәуір, 2018

Мұрат Шаймаран. Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы

1111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұрат Шаймаранның өлеңдері

Мұрат Шаймаран. Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы

Ант

Қайыршы тартқан сыбызғының сырлы сазындағы, Өлең,

Шоқ бұлттың үлпа үкісіне құдіретті қолмен жазылған, Өлең,

Жасынның жүзінен жап-жасыл нұр боп тараған, Өлең,

Ай астында жалы бұрқырап жортқан абадан, Өлең,

Ақ сүті сыздатқан Ана омырауының ырысты үрпісіндегі, Өлең,

Шалықтап жатқан сәбидің жұмақ лебіндей күлкісіндегі, Өлең,

Жұлдыз көзінде,

Бұлақ үнінде,

Жапырақ сыбырындағы, Өлең,

Ару анарында,

Жұпар атқан сұлу бұрымындағы, Өлең,

Жер қазанында,

Аспанның адал уысындағы, Өлең,

Шамырқанған Тәңірдің киелі, тылсым тынысындағы, Өлең,

Тереңде тебіндеп,

Биікте жаратылған, Өлең,

Патша тәжіне саңғыған құстың қанатындағы, Өлең,

Өмірдей ауыр,

Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең,

Жалғызым – Өлең,

Талқыға түскен тағдырым, Өлең,

Мен сені сарай табанына,

Тобыр аяғына тастай алмаспын!..

Көктем келсе …

Ұстап тұра алмайды ғой оны ақпан,
Бұлбұлдары сайрап атар әлі ақ таң.
Мен көктемнің күндеріне ғашықпын,
Көкірегінен сел аққан.
 
Барады, әне, уақыт-арба ышқынып,
Жырлайды кеп түсіме ылғи құс кіріп.
Көктем-қыздың деміндей боп тиеді,
Жыртық үйді ұрған түнгі үскірік.
 
Есеңгіреп кедейліктің уынан,
Жатыр жарым жас көңілі суыған.
«Көктем келсе, – ұйқысырап қояды –
Жасындардың жарқылымен жылынам».
 
Көктем келсе жадырармыз, күлерміз,
Тәнімізге жасыл жапырақ ілерміз.
Теңге билер тексіз мынау қоғамда,
Тас ғасырдың адамындай жүрерміз.
 
Кететіндей ұлы ақыны адасып,
Барлық шырақ тұрар бізге жол ашып.
Сұп-суық сол терезелер тамсанып,
Сенің мәрмәр омырауыңа қарасын.
 
Гулесер жұрт «жер» ғып және «аспан» ғып,
Айқайлайды Алатауды басқан бұлт.
Еркін өмір сүргеніміз үшін де,
Мың рахмет, О, киелі Бостандық!
Көктем келсе…

Толқын
(Толқын Ақанұлына)

Атың да – Толқын,
Затың да толқын жарға ұрған,
Қайсар боп өстің қаймықпай қатал тағдырдан.
Атажұртыңды аңсаған ұлдың бірі едің,
Асқақтап сенің Алатау шықты алдыңнан.

Жыр болып ағып Майлының апай төсінен,
Ән болып естің Жайырдың қоңыр кешінен.
Сарнатып жеттің сағыныш атты қобызды,
Алдыңда сенің Сарарқа жатты көсілген.

Алты алашыңа «Қазақ еліңді» ал тыңдат!
Маxаббат руxы бойыңнан қалай сарқылмақ.
Есіңде – Есіл, кеудеңде Балқаш шайқалып,
Көзіңде тұрды ақ айдын Каспий толқындап...

Аспанмен астас асқарлы ердің қиялы,
Құлыстай – кеудең,
Ұлыстай досың сияды.
Жалғыз атын да жаяуға түсіп беретін,
Өзіңдей ме екен жомарттың соңғы тұяғы.

Тәңірден нәсіп – азамат болдың тұлғалы,
Жаның да жайсаң,
Сырың да терең жылғалы.
Дертін де емдер, өртін де емдер пенденің,
Өзіңдей ме екен Ибн Синаның барлық 
ұлдары...

Шанақтан шалқып, шарқ ұрып кетті күй-көңіл,
Сазына елтіп, сан ырғақ тауып биле, өмір!
Басыңда сенің жыға боп тұрсын жығылмас,
Ұлтаның болсын өз топырағын өле сүйген ұл!

Тұрады бір сөз

 Таусылып түгер бір өмірдің соңғы тұсында,
Өсиетімдей көрінген –
Тұрады бір сөз тілімнің ғана ұшында,
Айта алман қазір оны мен.
 Сол сөзді туған даламнан ұқтым кеше мен,
Алжыған ойға ес бітті!
Ауырлап барып қара жерге бауырын төсеген
Қобыздың үні естіртті.
 
Көне бір елес жанымды қанша жылтады?!
Іңкәрмін, әйтеу, мен оған.
Естідім оны тұяғынан ұшқан тұлпардың
Мүжіліп біткен тағадан.
 
Сол сөзді ана – аспаннан ұқтым тағы мен,
Жұлдызы сынық, күні өлген.
Сол сөзді ана – бұлттардан ұқтым тағы мен
Шаштарын жайып жіберген.
 
Әуенді аулап жол шектім азап ішінде,
Қалғаны мүлдем жоқ есте.
Сол сөзді –
Менің бейуақта көрген түсімде
Шырылдап айтты нәрестем...

Түн

Күнді сүйдім,
Сүйдім мен таң алауын,
Жайдым соған жанымның бар алабын.
...күн батады-ау көзұшы көкжиекте
бұлғап, бұлғап қан қызыл орамалын.
Сыңсыта бір басады әніне Кеш,
Тереземді қағады тағы да елес.
Түпсіз көктен мың жұлдыз оянады,
Оянады...
Дертіме дәру емес.
Қайғы қолы қайнатқан уды ішуді,
кім бұйырды,
Кесесін кімге ұсынды?!
Қоңыр үзік іңірдің іргесінен
Келе жатыр ақық көз түн мысығы.
Тыныштығын алғандай түн ұрлатып,
Түрегелді көп күдік қырын жатып.
Түн мысығы жарамды тырнайды енді,
Балапанын жанымның шырылдатып.
Неге бұлай?
Не үшін?
(сұрақ бұлар)
Әй, шамасы, өлтіріп бірақ тынар...
Қара жаулық жамылған жалғыздығым,
Босағама сүйеніп жылап тұрар.
Қанатым – түн.
Мен қайда барам ұшып?!
Ойсыз тобыр жүр тойлап шарап ішіп.
Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы,
Ал ғаламның қойнында – қара мысық...