Аймақтар • 06 Сәуір, 2018

Көкшетаудағы колледж педагогтері латынға көшуге дайын

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Латын әліпбиіне көшу 2025 жылдан басталатындығы белгілі. Бұл сол кезге дейін барлық іс қағаздары, мерзімді баспасөз және оқулықтар латын әліпбиімен басып шығарылуы тиіс.  Осыған орай дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті.  

Көкшетаудағы колледж педагогтері латынға көшуге дайын

Көкшетау қаласында Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педа­го­гикалық колледжінде «Латын графикасына көшу – оқушылардың функциялық сауаттылығын дамыту құралы» та­қы­рыбында практикалық семинар өтті. Оған Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің ғалым-филологтары, аталған колледж ұстаздары және Ақмола облысы мектептерінің пән оқытушылары қа­тысты. Елбасы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаң­ғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшу себебін қазіргі за­манғы технологиялық ортаның, ком­­­муникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екен­дігімен түсіндірген болатын. Осы тұрғыдан келгенде ұстаздар қауымы латын графикасына өтудің терең логикасына үңіліп көрді. Атап көр­сеткендей, латын қарпіне көшу – Қа­зақстан үшін тарихи қажеттілік,  әлемдік ғылыми және технологиялық про­цестерге қосылудың тағы бір мүм­кіндігі. 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  филолог ғалымдарымен болған пікір алмасу барысында ел тарихындағы осындай іргелі оқиғалардың  әдіснамалық аспектілері және негізгі міндеттері кеңінен сөз болды. Ең бастысы, пе­дагогтер латын графикасына кө­шу жағдайында тілдерді оқыту әдіс­темесін әзірлеудің және әлемдік ақ­параттық кеңістікке шығудың негізгі жолдарымен таныс­ты. Әсіресе қазір әлемде тілдерді же­ңілдету үшін барлық жағдай жасалуда екендігі ерекше аталды. Тіпті қазақ тілінде әлемнің кез келген нүктесінде тұрып та гаджетте жазуға мүмкіндік бар. Қазір заманауи технологияның дамып кеткені сондай, онлайн режімінде кез келген мәселелерді шеше беру де ешқандай қиындық тудырмайды. Осы тұрғыдан келгенде латын гра­фикасының арқасында шет тілдерін же­ңіл игеруге үлкен мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне әлемдегі ақ­па­раттардың 80 пайызы латын графикасымен таратылатындығы белгілі. Бұл ретте жастардың жаңа тілдерді, оның ішінде ағылшын тілін меңгеруге көшуі маңызды. Жастардың тілдерді еркін меңгеруі бағытында Ж.Мусин атындағы колледж педагогтері арнайы әдістемелік  әзірлегендігін де айта кету керек. Сонымен қатар педагогтер латын графикасына көшу бо­йынша студенттерді оқытудағы жұмыс тәжірибесімен де алмасты.  

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы