– Музыка тыңдаған дұрыс-ақ, бірақ құлаққаппен емес, радиодан, магнитофоннан да тыңдаса болады, жастарымыз осыны ескерсе екен, – дейді Айгүл Шакетқызы, – құлаққап бізге ыңғайлы, жақсы болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның қандай ауруларға шалдықтыратынын ескере бермейміз. Бар қателігіміз осында. Адам құлаққапты пайдаланғанда біртіндеп кереңдік ауруына тап болады. Тап болып қалмай, сонымен қатар өзіне артық радиотолқын мен шектен тыс биоток қабылдайды. Бұл ағзада әртүрлі аурулар туғызады. Зерттеу барысында құлаққапты ұзақ уақыт, мәселен 3 сағаттан артық тыңдағанда адамның бас миының тамырлары тарылып, оттегі жеткіліксіздігінен бас ауруы пайда болатындығы анықталды. Мұны мен дәрігер маман ретінде ескертемін. Сонымен қатар ашушаңдық, үрейлену, яғни стресс дамиды. Ең қауіптісі, құлаққаптың құрамында магнитті дыбыс тарататын құрылғы орналасқандықтан, бұл құрылғының электр энергиясын көп қажет ететіндігі бар. Көпшілік құлаққап пайдаланушылардың телефон қуаты тез әлсіреп қалатыны да осы себептен. Құлаққаптың бірден әсер ететін мүшесі – құлақ. Ең бірінші көрінетін, белгі беретін ауру – кереңдік. Адам құлағы естімегендіктен ақпараттарды дұрыс қабылдай алмайды. Уақыт өте келе, жасы 45-тен асқаннан кейін естуі тіпті қиынға соғуы мүмкін.
Құлаққап арқылы әртүрлі микроағзалар құлаққа таралуы мүмкін екен. Айгүл Шакетованың сөзінше, бұл құлақтың отит ауруын туғызады. Осының алдын алу үшін құлаққапты тыңдар алдында 70 пайыздық спиртпен өңдеп, тазартып отырған жөн. Ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі кезде ең көп микроағзалар болатын заттар – ұялы телефон, құлаққап, ақша. Сондықтан құлаққапты пайдалануды бірте-бірте қысқарту керек. Күніне 1 сағаттан артық тыңдауға болмайды. Осы уақыттың ішінде адам радиотолқынды қабылдайтындығын ұмытпау керек.
Ұстаз-дәрігер Айгүл Шакетованың кезекті бір сабағы осы құлаққаптың пайдасы мен зиянына арналды. Сабаққа 3-курстың «Мейіргер ісі» мамандығының студенттері қатысып, мұғалімдерінің бастамасымен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен, студенттердің зерттеуінше құлаққапты жол үстінде немесе суық болған кезде тыңдаудан аулақ болған жөн. Бұл сіздің құлағыңызға зиян, тіпті өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Құлаққапта музыка ойнап, біраз жұмысыңыздың жеңіл бітуіне септігін тигізуі мүмкін, алайда зиянсыз құлаққап болмайды десті студенттер қауымы. Құлаққапты тек керек кезінде ғана қолданған жөн. Мысалы, ұялы телефонмен екінші бір адаммен сөйлескенде, сенсорлы телефоннан бөлінетін радиотолқынды азайту үшін құлаққапты қолдануға болады. Оның өзінде де арнайы бір орында тұрып, сөйлескен жөн екен. Жолда жүріп сөйлесуге, сабақ кезінде сөйлесуге әрине болмайды. Ең бастысы құлаққаппен кішкентай сәбилерге тыңдауға берудің қажеті жоқ.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Семей
Суретті түсірген автор