01 Желтоқсан, 2011

Ақжолтай сайлау болатын

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Менің саналы ғұмырымның біраз бөлігі мемлекеттік басқару ор­ган­дарында өтті. Облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кезімде мұнайлы Атыраудың әр саласын, әр ауданы мен әр ауылын дамыту, өркендету үшін еңбектендік. Жо­ғарғы Кеңеске депутат болып сай­ланғанда да өңірдің проблемасына Үкіметтің,  тиісті министрліктердің назарын аударуға тура келді. Өңірдің өркендеуіне қатысты кейбір мәселелермен Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де ортақ мүдде тұрғысында пікірлес болып едік. Ол сол кездің өзінде әр облыстың пробле­маларын жетік білетінін аңғартушы еді. Жас жігіттің жанарындағы жалындаған отты, елге, туған жерге жанашырлығын, отаншылдық сезімін көріп, қызме­тіне сырттай тілеулестік танытып жүрдік. Ал, 1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде алғаш рет Президент сайлауы өткізілді.  Бұл – біздің еліміздегі мемлекет басшысына сенім білдірген ең тұңғыш сайлау. Сол себептен де әр кімнің ойында мемлекеттің тізгінін елдің келешегін ойлайтын, ұлттық мүддені көздейтін басшыға тапсырсақ деген үміт оты оянды. Республика халқы сол сәтте елге тұтқа болатын бірден-бір үміткер  Нұрсұлтан Назарбаев деп таныды. Сол күнгі сайлауда дауыс беруге асыққан жұрттың көптігін әлі ұмытқан жоқпын. Мен де алғашқылардың қатарында сайлау учаскесіне ертелетіп барып, өз даусымды Нұрсұлтан Әбішұлына берген едім. Мен секілді оған сенім білдіргендер де көп еді. Елдің бұл таңдауы өзінің жемісін берді. Меніңше, Елбасына сенім білдірген сол сайлау ел тәуелсіздігіне жол ашқан ақжолтай сайлау болатын. Олай дейтінім, сол сайлаудан соң тура 15 күн өткенде еліміз дербестігін алып, тәуелсіз Қазақстан атанды.  Бірақ елдің тұралаған салаларына еңсе тіктету оңай емес еді. Осынау қиын кезеңде елі сенген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев реформаларды жедел енгізіп, шетелден инвестиция тартуға қадам жасады. Өзіне сенім білдірген халықтың үмітін ақтауға ұмтылды. Содан бергі 20 жылда Қазақстан әлемдегі қуатты елдердің қатарына енді. Экономиканың әр саласы сауықты, ауылдарымыз еңсе тіктеді. Тұрмыс түзелді. Шетелдіктермен бәсекелес болатын үздік мамандары­мыздың шоғыры қалыптасты. Қазір Қазақстанды жаһан жұрты таниды, жау­һар­дай жайнаған елордамыз – Астанаға қызығып, әрі қыз­ғанып қарайды. Үдемелі индустриялық-ин­нова­ция­­лық жобалар іске асып жатыр. Бір сөзбен айт­қанда, тәуелсіз Қазақстанның экономикасы өркендеді, қазақ­тың өркені өсті. Елге құт дарыды, берекеміз тасыды. Осының бәрі Елбасының ерен еңбегінің жемісі! Алда да осы бағыттан таймай, бірлігіміз ны­ғайып, Қазақстанымыздың қуаты арта берсін! Есен ТАСҚЫНБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы. Атырау.
Соңғы жаңалықтар