01 Желтоқсан, 2011

Замандасымызды мақтан тұтамыз

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осыдан жиырма жыл бұрынғы бүкілхалықтық алғашқы сайлау күні бүгінге дейін есімде. Дәл содан бір жыл бұрын мен Семей ет және сүт өнеркәсібі институтының ректоры болып тағайындалған едім. Ал сайлау өткелі жатқан шақта елу жылдық мерейтойыма дайын­далып жатқан болатынмын. Мынадай жауапты сәтте бәрін жиып қойып, алғашқы Президент сайлауының дайындық жұмыстарына кірісіп кеттім. Замандасымның іскерлік қабілет-қарымына біраз жылдан бері сырттай болса да қанық болғандықтан ортақ мақсат жолында аянып қалғанды жөн көрмегенбіз. Солайша біздің институт ұжымы мен студенттер қауымы алғашқы Президент сайлауына бір кісідей ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдаула­рын жасады. Сол жолы  семейліктер, жалпы қазақстандықтар сайлауға зор белсенділікпен қатысып, дауыс берушілердің 98,78 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын қолдағаны да есімізде. Сөйтіп, сайлау соңы халықтық мерекеге ұласты. Ал арада екі аптадай уақыт өткен соң ел Тәуелсіздігі жа­рия­ланды. Соның бәрі пейіліміздің дұрыс­тығының арқасы деп білемін. Содан беріде де замандасқа деген сенімім мен құрметім артпаса, кеміген емес. Қолымнан келгенше елге етене Елбасын қолдап, қуаттап келемін. Соның айғағындай, Президент сайлауларында бірде аумақтық сайлау комис­сиясының төрағасы болсам, ал өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау кезінде Мемлекет бас­шысының осындағы сенімді өкілі болдым. Халықтың соңғы сайлаудағы Елбасына деген сенімі де баршамыздың есімізде. Ал халық сенімінен артық не керек! Иә, 40-шы жыл­дары туған біздер замандасымызды мақтан тұтамыз! Нәдірбек ӘПСӘЛЕМОВ, Қазақ қаржы-экономикалық академиясының президенті. Семей.