Аса көрнекті тарихи тұлғаға кімдер жатады және оның қоғамдағы рөлі, орны, сонымен бірге, оны анықтаудың критерийлері қандай деген сұрақтарды философия ғылымдарының докторы, академик Жабайхан ӘБДІЛДИНГЕ қойған едік.
– Аса көрнекті тұлғалардың өзін бірнеше түрге бөлуге болады. Өзінің зерттеген, жазған саласында бұрын белгісіз жаңалық ашқан немесе туындылары бүкіл адамзатқа рухани азық болуға тұрарлық дүниелер болып табылатын ғалым, жазушы, өнер адамдары да ұлы тұлғалар қатарына жатады. Сонымен бірге, ұлы істер жасап, айрықша дарынымен, соның ішінде қолбасшылық қабілетімен, саясаткерлік я басқа да қырымен қоғамды өзгерту миссиясын орындаған аса көрнекті тарихи, ұлы тұлғалар болады. Мәселен, Петр Бірінші, Наполеон, Шыңғыс хан т.б. Осы, аса көрнекті, тарихи тұлғалардың пендешілік қасиеттерін айқындауға қойылатын талаптар қарапайым, қатардағы адамдардікінен мүлде басқа. Олардың жеке басын тәртіпті, тәрбиелі, мәдениетті, жолдастыққа адал деген секілді қарапайым азаматтарға қойылатын адамгершілік критерийлермен бағалауға болмайды. Өйткені, олардың мақсаты тым биік, қарапайым адамнан мүлде басқа. Олар өз мақсаттарына жету жолында көптеген талаптардан аттап кетуі де мүмкін. Тіпті, жанында болған жақын жолдастарын, тұрғыластарын құрбандыққа шалуы да ғажап емес. Мен жоғарыда атаған тұлғалардың бойынан да сондай істерді жиі байқауға болады. Бірақ солай болды екен деп олардың аса көрнекті тарихи, ұлы тұлға деген жетістігінен төмендете алмайсың. Ұзақ жылдардан кейін халықтың есінде олардың тек ұлы істері ғана сақталып, психологиялық өлшеммен алғандағы сындары мүлде ескерілмей қалады.
Мәселен, Сталинді де аса көрнекті, тарихи ұлы тұлғаға жатқызуға болады. Әрине, қазір оның репрессиялық шаралары туралы жиі айтылуда. Өйткені, халықтың жадынан әлі күнге оның іс-әрекетінің жанға салған жарасы толық өшкен жоқ. Өзі болмаса да біреудің атасы, біреудің әжесі оның режімінен көрген қорлығын ауызба-ауыз жеткізіп кетті. Демек, оның басындағы адами кемшіліктерді баса көрсету, оларын сынау әлі басым. Бірақ меніңше, жүздеген жылдар өткен соң, оның есімі У.Черчилл айтқан: «Ол Ресейді соқамен қабылдап, қолтығында атом бомбасы бар мемлекет етіп қалдырды», деген сөзінің өлшемімен бағаланатын шығар.
– Аса көрнекті тарихи тұлғалар біздің заманымызда бар ма? Олар қандай кезеңдерде тарих сахнасына келуі мүмкін?
– Олар тарих сахнасына аса күрделі, өтпелі сәттерде келеді. Гамлеттің мәңгі өлмес «болу не өлу» сияқты өмірлік тәуекелге үндейтін сұрақтары туған кезде жарқ етеді. Түріктің Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты тұлғасы тарих сахнасына осындай кезде шыққан. Оның «не өмір, не өлім» деген ұранының өзі гамлеттік мәңгілік сұрақтан туып тұрғаны көрінеді. Ататүрік батыстық державалардың ханталапайға салып, Түрік мемлекетін тарих сахнасынан мәңгі кетіруге бет алған аса қауіпті кезде жарқ етіп шығып, елінің азаттығы мен бостандығын сақтап қалды және оны мемлекеттік құрылымның жаңа сападағы сатысына көтеріп, республика жасап кетті. Міне, сондықтан ол аса көрнекті, тарихи ұлы тұлғалар қатарына жатады.
– Сіздің айтқандарыңыздан аса көрнекті, тарихи тұлға деген мадақ негізінен билік басындағыларға қатысты екені көрініп тұр. Сонда, осындай тұлғалар өмір-бақи ұлы істер тудыра бере ме, әлде олардың дарыны мен ісі белгілі бір тарихи кезеңде ғана көріне ме?
![011211-11](http://old.egemen.kz/2011img/011211-11.jpg)
– Ол енді ұлы тұлғаның тағдырына байланысты. Дүниеде бәрі де өзгеріп тұрады. Абайдың да: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер...» деген сөзі бар емес пе? Сол сияқты адамзат күнде өзгереді. Бұл арада адамның құбылғыш сияқты пасық мінезін емес, адамзаттың қажеттілігі туралы айтып тұрмын. Адамзат қоғамының алдында үнемі жаңа мақсаттар мен міндеттер туып отырады. Бір белестен асқан соң енді болдық-толдық деп тоқмейілсуге ешқашан болмайды. Өйткені, алдан екінші белес шығып, одан да асу қажеттілігі туындайды. Егер бір белесті бағындырған соң тоқмейілсуге жол берілсе, онда сол қоғамның дамуы тоқырап, адамдар арасында наразылық, өкпе-наз туындай бастайды. Бір кездегі үлкен жетістікке мастанып, дандайсып кетушілік те болуы мүмкін. Муаммар Каддафидің жағдайы бұл сөзімізге мысал бола алады. Кезінде ол Африка құрлығындағы прогресшіл тұлға болды. Елдегі монархияны жойып, республика жариялады. Ливия Африка мен Араб әлеміндегі ең жоғары дамыған мемлекеттердің біріне айналды. ІЖӨ жан басына шаққандағы мөлшері 14 мың долларға жетті. Бірақ, көшбасшының сыртқы саясаттағы дандайсулары, басқалармен санасуды қоюы, пендешілігінің көбеюі, дүниеқорлығы мемлекеттік басқару құрылымының қалыптасқан пішіндерінің бірін де ұстанбай, өзгеше «үшінші әлемдік теория» ойлап табуы және т.с.с. мәселелер оны Ливияның дамуындағы тежегішке айналдырды. Ол жаңа идеялардың тууына, жаңа қозғалыстарға қарсы болып, өзінің теориялық догмасынан айрылмады. Соның ақырының қандай болғанын көрдік.
Міне, сондықтан да аса көрнекті, тарихи тұлғаның өзі қоғам дамуына, жақсылыққа өзгеруіне кереғар істер жасай бастаса, ол тежегіш рөлін атқарып, ол жерде ашық болмаса да іштей қарсылық оты бықси бастайды. Сонымен бірге, тарихи тұлғаның кезеңдік сипаты да көп болады. Мәселен, Азамат соғысында аты шығып, қолбасшылық дарыны аспандап тұрған Буденный, Ворошилов Ұлы Отан соғысында қол бастауға жарамай қалды. Демек, олар белгілі бір кезеңге ғана жарамды тұлғалар болды. Үнемі қозғалыста болып, жаңаны игеруде алда бола алмаған тұлғалар кезеңдік сипаттағы айтулы тұлғалар болып қала береді. Көп уақыттардан кейін олардың жасаған ісін ұлы істер деп айту да қалады. Сондықтан, олар тарихи ұлы тұлғалар қатарынан орын ала алмайды.
– Ал енді өзіміздің тарихқа жақындасақ... Қазақ даласындағы бұрын-соңды аса көрнекті, тарихи ұлы тұлғалар деп кімдерді айта аламыз?
– Алдымен, әрине, Абылай ханды айтамыз. Ол тарих сахнасына шыққанда қазақ халқы ел болып тұра ала ма, жоқ па деген сұрақ тұрған. Жоғарыда айтқан Гамлеттің «болу не өлу» мәселесі күн тәртібіне шыққан еді. Ол кезде қазақ даласына анталаған жау жан-жақтан тап-тап беруде болатын. Шығыстағы ең басты жау – жоңғар хандығы қазақ жеріне қайта-қайта шабуылдап, малын айдап, жанын қырып кетіп тұрды. Солтүстік Батыстан Жайық казактары мен башқұрттар, Оңтүстіктен Қоқан хандығы маза бермеді. Осы кезде Абылай қазақ халқын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болып, барлық күшімізді бір тудың астына топтастыра білді. Ту-талақай тартыстың астындағы ел мен жердің басын құрап, іш ұйысып, сырт мойындаған мемлекет дәрежесіне қайта көтере алды. Алымды да жалынды, жауға шапса батыр, қол бастаса көсем, сөз бастаса шешен бола білген қаншама тарихи тұлғалардың қалың легін тарих сахнасына шығарып, олардың қабілеттерін бір арнаға, бір мақсатқа тоғыстырды. Сөйтіп, Жоңғар мен Қоқан хандығы басып алған талай жерлер мен қалалар, жанымыз бен малымыз кері қайтарылды. Тіпті, Қытай шабуылына да қарсы тұра алып, олардың ойының да сол кезде орындалуына мүмкіндік бермеді. Орыс патшалығы мен Қытай боғдыханының аралығында шебер дипломатиялық әдістер ойлап тауып, тәуелсіз саясат ұстана білді. Жоңғар хандығы бізден әлсіз емес еді, керісінше, олардың от қарулары болды, ұйымшылдығы да бізден гөрі жетілген еді. Бірақ олардың Абылай секілді аса дарынды көшбасшысы болған жоқ, соның салдарынан олар ақыры жер бетінен жойылып тынды. Ал біз Абылай заманында етек-жеңімізді жинап, іргелі ел болдық.
Абылайдың жеке басының тұлғалық қасиеттері басқа хандарымыздан, соның ішінде Тәукеден, Әбілқайырдан артық болмауы мүмкін, бірақ ол өзінің пешенесіне жазылған тарихи миссияны орындап, сол кезеңде Қазақ елінің тұтастығын, елдігін сақтап қалды. Ал кейінгі хандар қалыптасқан жүйемен жүрді, олар тағдыршешті шешімдер қабылдап, жаңа жүйе жасаған жоқ. Ал Абылайдың адам ретіндегі барлық – батырлық, қолбасшылық, дипломаттық, шешендік, көсемдік, көрегендік қасиеттері ерекше дараланып, өз миссиясының орындалуына қызмет етті. Сөйтіп, ол аса көрнекті, ұлы тұлғаға айналды.
Тәуелсіз Қазақстанды әлем таныған елдер қатарына қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев та сондай, аса көрнекті тұлға.
– Оның себептерін саралап берсеңіз.
– 1991 жылы Абылай хан заманынан кейін Қазақ елінің алдында екінші рет гамлеттік сұрақ тұрды. Алдымыз белгісіз, тым күңгірт еді. Қазақстан өз алдына ел бола ала ма, бола алмай ма деген сұрақтың жауабы тым ауыр болатын. Қалыптасқан барлық жағдайларға, белгілі халықаралық саясаткерлердің болжамына қарағанда, Қазақ елінің өз алдына тәуелсіз ел болуы өте күрделі.
КСРО-ның экономикасы біртұтас шынжыр секілді екен, ол бірнеше жерден үзіліп еді, барлығы да шашырап, бір-бірімен байланысты болғандықтан, барлық кәсіпорындар тоқтап қалды. Теңеу түрінде айтып, экономиканы тұтас бір мәшине деп алсақ, оның бір дөңгелегі Украинада, екіншісі Өзбекстанда, қорабы Қазақстанда, моторы Ресейде, т.с.с. болып бөлініп қалды. Халық жұмыссыздыққа ұшырап, қатты қиналды. Экономика жұмыс істемеген соң, бюджетке ешқандай түсім түспеді. Сондықтан бюджеттен еңбекақы алатындар да күндерін қалай көруді білмеді. Халыққа ең алдымен керегі тамақ, киім, жылу, жарық. Бірақ біздің жаңа өкіметіміз үшін бұл күрделі мәселелерді шешу үлкен қиындыққа түсті, тіпті мемлекетіміз дағдарысқа тірелді. Қуанышымыз қаншалықты шексіз болса, экономикалық қысым соншалықты рақымсыз болды. Сегіз облыстың мәслихаттары бірігіп, Қазақстан өз алдына ел болып кете алмайды, қайтадан Ресейге қосылуымыз керек деген сепаратистік бастама көтерді. Олардың үнін өрекпігендер алып-көтеріп берді. Экономиканың негізгі салаларындағы шешуші қызметтерде отырған төрт миллиондай белсенді халық, оның ішінде неміс, орыс, украин және т.б. ұлттардың өкілдері үдере көшуге айналды. Негізінен екінші қатарда жүрген қазақтың басшылары мен мамандары шашылып жатқан экономиканы аяғынан тұрғызуға қабілеттері жете қоймады. Не істеу керек?
Сол кезде Президенттің қолында шексіз билік те болмады. Жоғарғы Кеңес құқығы өте жоғары еді. Қолданыстағы кеңестік Конституцияға сәйкес Жоғарғы Кеңес барлық министрлерді, барлық лауазымды тұлғаларды бекітті. Айта кететін жәйт, республиканың кеңестік Конституциясы КСРО кезінде ешқашан орындалып көрген емес еді, ол тек сол өтпелі кезеңде ғана нақты күш алып, барлық билікті Жоғарғы Кеңестің қолына берді. Үкіметтің барлық саласын жарақтау тек соның құзырында болды. Ал Жоғарғы Кеңестің негізгі бөлігі нарықтық идеяны қабылдауға мүлде қарсы шыққан «қызыл коммунистердің» ортасы болатын. Олар Президенттің сол кез үшін прогрессивті қадамдарын жарадай көріп, қарсы шығып жатты. Нарықтық экономиканы асықпай, шағын қадамдармен ғана енгізу керек, десті олардың көбі. Осы идея депутаттық корпустың негізгі бөлігін құрсап алды.
Міне, осы уақыттарда Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті тарихи, ұлы тұлғаларға лайық дара қасиеттері айқын көріне бастады. Нарықтық қатынастардың не екенін, оларды қалай орнатуды ол да білмейтін. Бірақ қарапайым адамдар сезініп, біле бермейтін істерді ол өзінің қайраткерлік, ерекше интуициясымен танып, ештеңеге жалтақтамай, батыл әрі шешімтал қадамдар жасады. Ол көп зерттеп, ұзақ толғанатын болсақ, қолдағы барымыздан айрылып қалатынымызды сезді. Жалпы, көп толғанып, әбден екшелген дүниелер де кейде ойдағыдай нәтиже бермейді. Гете: «Ұзақ ойланып-толғанған адамның өзі әркез оң шешім таба алмайды», деген болатын. Сол кездерде оппозициялық күштер Президенттің шұғыл қадамдарын қатты сынап, қателіктерін айдай әлемге жария етіп жатты. Бірақ артынан солардың бәрі ұмыт болды, Президенттің ең алдымен экономиканы дұрыстауымыз керек деген саясаты өміршең және дұрыс болып шығып, Қазақстан нарықтық экономиканы орнатуда көшілгері кетті. Сол істердің ішінде ең алдымен теңгенің өмірге келуі үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Қазақстанды рубль аймағынан шығарып тастап, бізде қалғыларың келсе, барлық алтындарыңды тапсырыңдар деген асқақтыққа қарсы Президент ешкімге жалтақтамай, қорғалақтамай өзіміздің валютаны енгізіп жіберді. Бұл экономикалық тиімділігімен қоса, халықтың рухын серпілткен маңызы аса зор оқиға болды.
– Сіз сол жылдары Жоғарғы Кеңестің мүшесі болдыңыз, демек, сол кездегі қиын-қыстау сәттерді бастан кештіңіз. Сондықтан жағдайдың өзгерісін сатылап баяндап берсеңіз.
– Президент алдымен әрі қарайғы дамуға, оң өзгерістер тежеуіш болған Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуына қол жеткізді. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, бұл депутаттық корпус Президенттің еркін әрекет етуіне мүмкіндік бермеді. Барлық іске тежегіш болып, барлық мәселеге күдікпен қарады. Президент елге аса қажетті басқа нәрселермен айналысудың орнына сағаттар бойы Жоғарғы Кеңестің сессияларына қатысып, депутаттарға алынған шешімдердің дұрыстығын дәлелдеумен болатын. Міне, осы себепті өзінің жеке басының алымдығы, беделі мен өтімділігінің арқасында ол Жоғарғы Кеңестің өз еркімен тарауына қол жеткізді. Егер Н.Назарбаевтың орнында басқа бір адам болып, осындай әрекетке барса, бәлки Жоғарғы Кеңес оның өзіне импичмент жариялап, президенттік тақтан тайдырып тастауы мүмкін еді. Олардың мұндай әрекет жасауға құқы бар болатын. Бірақ Н.Назарбаевтың айрықша дарындылығы, мәселені дұрыс қоя білетіндігі, халықтың алдындағы зор беделі батылдығы мен өзіне деген сенімділігіне ұштасып, депутаттардың оны сөзсіз мойындауына ұласты. Ал Жоғарғы Кеңес сапында наразылар қатарынан оған теңдес келетін тұлға болмады.
Одан кейін сайланған депутаттық корпус та қолайсыз болды. Олар да нарықтық экономиканы дамытуға тежегіш болып шықты. Өйткені, қажетті заңдарды қабылдауға қарсылықтар көп болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында, 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған алғашқы Конституцияда билік жүйесінің мәселесі түпкілікті шешілмеген еді. Бұл Конституция бойынша да Жоғарғы Кеңес шексіз билікті иеленді. Барлық кадрлық мәселелер, Үкіметті жасақтау соның қолында еді. Ол Президент пен Үкіметтің ісіне араласуға толық құқылы болды. Ал нарықтық реформаны енгізу үшін Президенттің құқы шектеулі, қолы байлаулы-тын. Сөйтіп, бұл Парламент те нарықтық экономиканы қалыптастырудың тежегішіне айнала бастады. Сондықтан оны да тарату қажеттігі туындады. Төменнен түскен заңды ұсыныстың негізінде ол таратылды, бірақ Парламент таратыларда Президент өзіне заң актілерін қабылдау жөніндегі шешім алуға қол жеткізді. Демек, Парламент жоқ болған уақытта Президенттің жарлықтары заң күші бар актілер деп танылатын болды. Осы құқын пайдаланып, Президент келесі Парламент сайланғанша нарықтық экономиканы кедергісіз енгізуге мүмкіндік беретін заң күші бар 140 Жарлығын шығарды. Міне, осылар елде нарықтық экономиканың негізінің қалануына локомотив болды. Бұл айтар ауызға ғана жеңіл сөздер еді, ал іс жүзінде батырлық болатын. Екі бірдей Парламентті таратып, әрі заң күші бар 140 Жарлықты шығару әлемдік тарихта сирек кездесетін оқиға деп айтуға болады. Мұндай өзгерістер көбінесе өкіметті заңсыз жолмен басып алғанда немесе төңкеріс жолымен елдің басына басқа билік келгенде жасалып жататын. Ал біздің Президентіміз бір оқ шығармай, бір талас тудырмай, конституциялық жолмен елде нарықтық экономиканың бейбіт дамуына жағдай тудырды. Әрине, халықтың барлық бөлігіне бұл шешімдер ұнаған жоқ. Бұрынғы жүйемен жақсы жетістіктерге қол жеткізген топтар оппозиция қатарына шығып, жоғарыда айтқанымдай, іштей, сырттай қарсылық білдіріп жатты.
– Сол жылдардағы ахуалға қарасақ, Парламент пен Президент ашық кетпесе де біршама тартысты жағдайда болғаны көрініп тұр. Ал Президент билікке талассыз қай уақытта қол жеткізді?
– Президент пен Парламенттің тартысты жағдайда болатын себебі – біздің Конституциямыздың не бірыңғай парламенттік, не бірыңғай президенттік республика деп нақты анықталмағандығынан еді. Біз сол уақыттарда жартылай парламенттік, жартылай президенттік билігі бар республика болдық. Содан, 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум жолымен Президенттің басшылығымен жасалған қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Міне, осы Конституция Қазақстанның президенттік биліктегі республика екенін тайға таңба басқандай айқындап, Президент лауазымы елдегі ең жоғарғы лауазым екенін анықтады. Ал екі палаталы Парламент заң шығару билігіне ие болып, Президент пен Үкіметтің ісіне араласуы шектелді.
– Нұрсұлтан Назарбаевты аса көрнекті тұлғалардың қатарына көтеретін нақты біршама істерін атап берсеңіз.
– Олар, әрине, көп. Дегенмен, қадау-қадау дара істерін атай кететін болсақ, жоғарыда айтқан 140 заңның арқасында ол елімізде нарықтық қатынастарды толық орната алды. Соның ішінде ТМД елдерінің бірталайы әлі батылы бармай жүрген зейнетақы төлеу реформасын жасады. Оны үкіметтің мойнына біржақты іліп қою бюджетке тым ауыр болатын еді. Президент Назарбаевты аса көрнекті тұлға етіп көрсететін тағы бір мысал – ол ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірді. Шынын айтатын болсақ, Президенттің бұл шешімін көптеген депутаттар қабылдай алмады. Ол кезде Қазақстанның астанасы қазіргідей болады деп ешкім ойлаған жоқ еді.
Елдегі экономикалық қатынастар қоғамда тек тұрақтылық болса ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқын бір-біріне төзімді, тыныштық пен сыйластық қалпында ұстау үшін де өте білгір шеберлік керек. Бұл істе Н.Назарбаев бүкіл әлемге үлгі көрсетіп отыр десек артық емес. Оның тікелей басшылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ерекше институт осыған қызмет етіп отыр. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан сияқты дамушы елдер қатарындағы мемлекеттің көршілерімен тегіс келісімге келіп, шекарасын түпкілікті шегендеп алғаны да айрықша атап өтетін еңбек. Осы еңбегімен-ақ Н.Назарбаевты аса көрнекті тұлғалар қатарына жатқызуға болады. Сол кездерде Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде бұл істерге араласым болғандықтан, мен оның қаншалықты қиыншылықтармен шешілгенін жақсы білемін. Ең тату көршіміз деп саналатын Ресей Федерациясының өзінде бұл мәселе өте қиындықпен шешілген еді. Ал Қытай Халық Республикасы талас аумақтардағы шекараны айқындау ісін үнемі кейінге қалдыратын көрінеді. Өйткені, болашақ Қытайға қызмет ететіні сөзсіз. Тек Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігінің арқасында ғана бұл мәселе оң шешімін тапты, шекара нақтыланып, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жері ретінде БҰҰ деңгейінде танылды.
– Сіз жоғарыда аса көрнекті тұлғаның қоғам дамуына тежегіш болатын да кездері болуы мүмкін деген едіңіз. Президент Н.Назарбаев та сондай болуы мүмкін бе?
– Қиын сұрақ екен. Бірақ «Айтылмаса сөздің атасы өледі», деген бар, жауап беріп көрейін. Жалғыз біздің Президентіміз емес, барлық аса көрнекті, тарихи тұлғалар қоғам дамуына қызмет етіп, алда тұрған жаңа асуды алуға ұмтылмаса, жасампаздық қасиетін жоғалтса, пенделікке бой алдырса, бір кезеңдерде тежегіштік рөлге түседі. Бірақ біздің Президентіміз бүгінгі күні елдің алдына бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз керек деген жаңа ұлттық идеяны көтеріп, соны іске асыру жолына қызу кірісіп кетті. Егер осы істің жолындағы әрекеттер барлық салада үзіліссіз жүргізіліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізілсе, Қазақстан қоғамы жаңа сапамен жаңғыратыны сөзсіз. Әрине, бұл істе экономикалық қана емес, демократиялық реформалар да керек. Осы уақытқа дейін экономикаға баса көңіл бөлгеніміз рас. Президенттің алдымен – экономика, содан кейін саясат деген ұстанымы өміршең болатын. Қазір бүгінгі заман талабымен басқа да көптеген проблемалар бой көтеріп жатыр. Осы проблемаларды тұрақты түрде шешу үшін экономикалық дамуды төмендетпей, демократиялық реформаларға баса көңіл бөлу керек шығар. Тек ашық қоғам және толыққанды демократия жолымен дамыған мемлекет қана жаңа проблемаларды ауыздықтап, заңсыздықты еңсере алады. Сонымен бірге, өркениетті 50 елдің қатарына қосылу үшін тек экономикасы ғана емес, сонымен бірге, демократиясы жоғары дәрежеде дамыған мемлекетті қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін ең алдымен халықаралық стандартқа сай тәуелсіз Парламент, мықты Президент, шын мәнінде тәуелсіз сот жүйесі керек.
Жасалуы керектігі айтылған мәселені тек сөзбен ғана жалаулатып, іс жүзінде еш нәрсе өзгертпейтін басшылардан біздің Президенттің айырмашылығы, ол – нағыз реформатор адам. Ол көптеген мәселеге еш нәрсеге жалтақтамай, қорғалақтамай батыл кірісіп кетеді.
Сөз соңында, біздің Президент Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу туралы ұлттық идеясын іске асырса, ол кісі өзінің жасампаздық қасиетін және аса көрнекті, тарихи тұлға екендігін тағы да сөзсіз дәлелдей алады. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам дамуына тежегіш болуы мүмкін емес. Біздің елде тұрақтылық деген сөз көп айтылады. Нағыз тұрақтылық тек үздіксіз алға жылжығанда ғана болады. Алға жылжымайтын тұрақтылық кері кету, тоқырау деген ұғымдарға жақын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.