Аймақтар • 08 Сәуір, 2018

Маңғыстауда 1% несие беретін бағдарлама іске қосылды

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Nur Kapital» бағдарламасы салтанатты түрде іске қосылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Маңғыстауда 1% несие беретін бағдарлама іске қосылды

Шараға Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қала мен аудан әкімдері, кәсіпкерлер қоғамдық бірлестіктерінің, екінші деңгейлі банктердің, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» бірі - шағын несиені кеңейту. Мемлекет басшысы бұл бастаманың мыңдаған адамға өз бизнесін ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Маңғыстау облысындағы Елбасы тапсырмаларын іске асыру және қолдау мақсатында шағын және орта бизнес несиелерін жылына 1% беретін «Nur Kapital» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жобаны Мемлекет басшысы қолдап, мақұлдады.

«Біз халықтың қоғамдық сана-сезімін жаңғырту үшін шағын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай туғызу міндетін қойдық. Қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд. теңгені құрайды (оның ішінде жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге, «Даму» қорынан 1,800 млн. теңге). Бүгінгі таңда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен (400 млн. теңге), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Жаңаөзен өңірлік филиалымен (400 млн. теңге) және «ForteBank» АҚ (322 млн. теңге), «Сбербанк России» АҚ ЕБ (150 млн. теңге) келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, осы бағдарламаға қатысу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Атамекен Микрофинанс» ЖШС өтінімдерін берді»,- деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Nur Kapital» бағдарламасына қатысқысы келетін барлық кәсіпкер қажетті құжаттарды дайындау және жинаумен айналысатын Жаңаөзен қаласындағы және облыстағы бизнес-бөлімшелерге өз өтінімдерімен жүгіне алады. Сондай-ақ, кәсіпкер барлық қажетті құжатты екінші деңгейлі банктерге тапсырып, мақұлданған соң банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді.

Аймақтық үйлестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды қарастырады. «Қазіргі таңда облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктерінде 2 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпкерлер тарапынан 192 өтінім келіп түсті. Олардың 35% мал шаруашылығы секторында, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп - 22%, туризм - 16%, көлік және қойма - 8%, өсімдік шаруашылығы - 5%, денсаулық сақтау - 5%, қызмет көрсету - 3%, білім беру - 3%, тамақтану қызметтері - 1%, көтерме және бөлшек сауда - 1%, инвестициялар - 0,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс - 0,1%», - деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.

Кездесу барысында 2018 жылдың қаңтарынан бастап Маңғыстау облысында жүзеге асырылған «Кәсіпкер боламын!» атты пилоттық жоба таныстырылды. Кәсіпкерлік негіздеріндегі ойын жаттығуларының жобасы әлеуметтік-білім беруді көздейді: оқушылар арасында кәсіпкерлік сананы дамыту, бизнесті жүргізу әдістері мен құралдарын ұсыну. Аталмыш жобаның бастамасы аясында облыстың 12 пилоттық мектебінде 365 жоғары сынып оқушыларына арналған 14 бизнес-тренер факультативті сабақтар өткізеді. Сонымен қатар, бизнес-тренерлер мен олардың студенттері арасындағы конкурс басталып, 150 жеңімпазға халықаралық бизнес-тренерлердің қатысуымен бизнес-лагерь ұйымдастырылады. Жеңімпаздар аймақтың ірі кәсіпкерлері, «Даму» қоры және «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы» гранттарымен қамтамасыз етіледі.