Жамбыл облысы тарихи-мәдени нысандарға бай өлкенің бірі. Ежелгі Тараз тарихының өзі адамзат тарихымен астас рухани құндылық. Бүгінгі таңда өңірдің әлеуетін арттыру, экономикасын көтеру, отандық туризмді дамыту мақсатында көне Әулиеата аймағын туристік орталыққа айналдыру жұмыстары қолға алынуда.
Осы орайда Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясындағы туризмді дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейіне қарасты «Ақыртас» кешенінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты – еліміздегі туризмді дамыту, тарихи, киелі ескерткіштерді зерттеу және насихаттау. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы төрағалық еткен конференция жұмысына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өкілдері, елімізге танымал ғалымдар мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Жиын барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және Жамбыл өңіріндегі өзге де тарихи нысандарды туристік орталыққа айналдыру мәселесі талқыланды. Жалпы, бір жарым ғасырға жуық уақыт бедерінде «Ақыртас» кешені зерттеліп келеді. Енді аталған кешенді өзіміз танып қана қоймай, өзгелерге де таныту мақсатында кешен аумағын туристік орталыққа айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ үшжақты меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар «Ақыртас» кешенінің Сапар орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің жылжымалы «Рухани жаңғыруға 1 жыл» атты көрмесі өтіп, көрмеге облыс аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қойылды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы