Суреттер ng.kz сайтынан алынды
Сыйлық үміткерлері бірнеше аталым бойынша байқау арқылы іріктеледі. Әу баста шығармашылықпен, өнермен айналысатын жандарды материалдық және қаржылай қолдау мақсатында берілген сыйлықтың жылдар өте аталымы көбейді, ауқымы кеңейе түсті. Соңғы жылдары сыйлық «Ғылым», «Білім», «Спорт» аталымдарымен ғалымдар мен мұғалімдерді, спортшыларды да қамтыды. Оның сыртында «Меценаттар клубы» мүшелері қайырымдылықпен де айналысады.
Биыл 150 үміткер тәуелсіз қазылар алқасына өз жұмыстарын ұсынған болатын. Сыйлықтың әр аталымына 8 адамнан келген. «Меценаттар клубы» құрылған 18 жыл ішінде 448 сыйлық берілген екен, соның 400-ден астамы жеке тұлғаларға, 38 сыйлық шығармашылық ұжымдарға табыс етілген. Сыйлықтардың барлық қаржысы 226 миллион теңгені құрайды.
Салтанатқа облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те қатысып, шығармашылық адамдарын қолдап отырған меценаттарға алғыс айтты, сыйлық иелерін құттықтады.
Өткен жылдан бері сыйлықтардың көлемі де өзгерді. «Қазына» сыйлығына 1000000 теңге, ал 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін «Шабыт» сыйлығына 500 000 теңге белгіленді.
«Меценаттар клубы» сыйлығы «Театр», «Әдебиет», «Вокал өнері», «Хореография», «Шығармашылық ұжымының жетекшісі», «Мәдени мұра» сияқты басқа да аталымдармен қатар «Журналистикаға» да беріледі. Биылғы «Меценаттар клубының» сыйлығына әріптестеріміз «Хабар» арнасының Қостанай облысы бойынша тілшісі Мағауия Қалиев пен «Время» газетінің меншікті тілшісі Станислав Киселев ие болды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай