Жазда супер трансфер жасамақшы
Англияның «Манчестер Сити» клубы жаз мезгіліндегі трансфер маусымында шабуыл шебін ТОП футболшылармен толықтырмақ ниетте.
Шетелдік басылымдардың жазуынша, «Манчестер Сити» жазғы маусым-аралық үзілісте Харри Кейн («Тоттенхэм»), Мохаммед Салах («Ливерпуль»), Неймар (ПСЖ) және Антуан Гризманн («Атлетико») секілді шебер футболшыларды сатып алуды жоспарлауда.
Футболшылардың бағасын анықтайтын Transfermarkt сайтының мәліметі бойынша, Кейн мен Салахтың нарқы шамамен – 200, Неймардың бағасы 300 млн еуро. Ал «Атлетико Мадрид» Гризман үшін 100 млн еуро сұрап отыр. Бірақ франциялық футболшы «Барселона» клубымен келісімге келіп, жазда каталониялықтардың қатарына қосылуы мүмкін екені айтылуда.
Макгрегордың кезекті масқарасы
Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы ирландиялық Конор Макгрегордың достарымен бірге UFC 223 бәсекесінің қатысушылары отырған автобусқа шабуыл жасаған әрекеті әлеуметтік желілер мен әлемдік басылымдарда кеңінен талқыланып жатыр.
Видеодан көргеніміздей, Конор баспасөз мәслихатына қатысып, қонақ үйге кетіп бара жатқан спортшылардың автобусына тас лақтырып, көліктің терезесін сындырған. UFC өкілінің жанындағы достары да тек тұрмай, автобустың екінші әнегін шағып түсірген.
UFC президенті Дана Уайттың айтуынша, жергілікті тәртіп сақшылары Макгрегорға әзірше мемлекеттен сыртқа шыға алмайтынын түсіндіріп, одан «қарақшылық» оқиғасын тезірек түсіндіріп беруді талап еткен. Сондай-ақ Уайттың пікірінше, екі салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионының әрекеті –UFC тарихындағы ең жаман оқиғалардың бірі. «Бұл UFC тарихындағы ең ауыр оқиға. Тәртіп сақшыларына Макгрегорды қамауға алуға ордер берілді. Айта кетеу керек, автобустың ішінде ресейлік Хабиб Нурмагомедов те болған.
Екі минутта миллион доллар тапты
Баскетболдан «Майами Хит» клубы мен Канада құрамасының шабуылшысы Келли Олиник ҰБА тұрақты чемпионаты аясында «Атланты Хокс» командасына қарсы ойын өткізіп, екі минуттың ішінде миллион доллар табысқа кенелді.
Баскетболшы мен клуб арасындағы келісімшартта Келли Олиник бір маусымда 1700 минут алаңда ойын өткізетін болса, команда басшылығы оған 1 миллион доллар көлемінде қаржылық сыйақы беретіні айтылған. Бұл жетістікке жету үшін Олиникке «Атланты Хокс» клубына қарсы ойында алаңға небәрі екі минутқа шықса жеткілікті еді. Бұл кездесуге дейін баскетболшы алаңда 1698 минут ойын өткізген болатын.
Канадалық шабуылшы аталған матчта 22 минут алаңға шығып, 19 ұпай жинаған. Кездесу қорытындысы бойынша «Хитс» қарсыластарынан 115:86 есебімен басым түскен.
Роналдуды жекпе-жегіне шақырды
Екінші жеңіл салмақтағы WBO белбеуі бойынша әлем чемпионы, украиналық кәсіпқой боксшы Василий Ломаченконың менеджері Эгис Климас Криштиану Роналдуды Василийдің келесі жекпе-жегіне шақырғанын айтты.
«Жуырда Роналдумен жолығып, оны жекпе-жекке арнайы шақырдық. Ол 12 мамыр күні Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden» спорт кешенінде өтетін Ломаченко – Линарес айқасына келуге уәде берді», дейді Климас. Айта кетейік, бұған дейін Ломаченко португалиялық футболшыға бокс қолғабын сыйлаған еді.
Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»