![011211-8](http://old.egemen.kz/2011img/011211-8.jpg)
АҚ КИІЗДІҢ ҮСТІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ АНТ БЕРДІ
«Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылдың 11 желтоқсанындағы нөмірі осындай үлкен айдармен ашылыпты. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ел халқының алдында ант бергендігі хабарланып, анттың мәтіні жеке жарияланған. «Біздің көпұлтты республиканың халқына қалтқысыз қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың праволары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін» деген Президент. Мұнан кейін «Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі туралы» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысы жарияланған. «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қаулы етеді. «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Қазақ КСР заңының 24-статьясына сәйкес және ант беруіне байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті деп есептелінсін» делінген қаулыда. Қаулыға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасы міндетін атқарушы Серікболсын Әбділдин қол қойған. Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салтанатты ант бергеннен кейінгі Республика сарайында жұртшылықтың алдында сөйлеген сөзі жарияланған. «Қадірлі халайық! Құрметті халық депутаттары! Қадірлі меймандар! Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді ең алдымен ата жұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаматтықты көксеумен келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұшырап, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін» деп бастапты Президент өз сөзін. Мұнан кейін қазақ мемлекетінің халықаралық қатынастықта өзіне лайық орын алуы, қазақ халқының, бүкіл қазақстандықтардың бақытты, дәулетті өмір сүріп, өзіндік мәдениетін өркендету үшін бәрінен бұрын республикада тыныштық болғандығы жөн екені айтылады. «Ел бірлігі қашан да мүдде бірлігінен басталады. Біздің болашағымыз Қазақстан халқының ортақ мүдделестігінде. Біз мұны көздің қарашығындай сақтауымыз керек» депті Президент. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің тарихи сөзінде бізге шын мәнінде өмірдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық укладын түбегейлі түрде ауыстыру міндеті тұрғандығын, ал ол тарих айқын танытқандай бірыңғай идеямен ғана, сол үшін адамдар уақытша қиындықтарға, тіпті жекелеген сәтсіздіктерге дайын болу ниеті итермелеген қоғамда ғана ойдағыдай өтетіндігін жеткізіпті. «Біз үшін бұл идея – еркін егеменді демократиялық Қазақстан мемлекеті» депті. Қазіргі қоғам үшін дағдарысты жағдайда – екі дәуірдің шекарасында уақыт факторы зор рөл атқаратындығына, бұрынғы Федерацияның республикалары арасындағы ұлғайып келе жатқан шиеленіс, таяу айларда біз кездесетін проблемалардың өткірлігі ырғалып-жырғалуға уақыт қалдырмай, шапшаң, батыл да айқын іс-қимыл жасауға мәжбүр ететіндігін атап көрсеткен. «Тарихтың бізге өндірістік қатынастарды түбегейлі өзгертуден басқа ешқандай таңдауды қалдырмағаны қазір әрбір дерлік адамға айқын. Бірақ нарық экономикасына бұрылудың ғаламат күрделілігі де біздің әрқайсымызға айқын болып отыр. Алайда қазір жүзеге асырылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Олардың кейбіреулері шектеулі, екіншілері жартыкеш, үшіншілері консервативтік күштердің жасырын және айқын тежеуіне, ескі әміршіл-әкімшіл жүйе қалдығының саботажына тап болып отыр. Бізге әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін түбегейлі, бір-бірімен байланысты шараларды шұғыл жүзеге асыру қажет, өйткені қазіргі кезде дағдарыс өзінің қыл үстіндегі шебіне жақындап келеді» депті. Президент бірінші бүкіл халықтық сайлауда өзіне көрсеткен жоғары сенім мен зор құрметті толық көлемінде сезінетіндігін айтқан. Бүкілхалықтық сенім мандаты – бұл іс-қимыл жасау провасы ғана емес, сондай-ақ Президенттің бүкіл халық алдындағы зор жауапкершілігі екендігіне тоқталған. «Мен біздің Қазақстан териториясында жоғары дамыған полиэтникалық өркениет құра алатындығымызға сенемін. Онда қазақ ұлты қайта түлейтін болады, оған енетін барлық ұлттар мен ұлыстар өздерін еркін сезінетін болады. Сапарымыз сәтті болсын!» деп аяқтапты сөзін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Егер осыдан жиырма жыл бұрын Президенттің бірінші рет ант қабылдау салтанатында айтылған осы сөздердің терең мәні мен бағдарламалық сипатына қазіргі күннің биігінен қарайтын болсақ, Нұрсұлтан Назарбаев тарихтың таңдау сәтінде ел халқының алдында берген уәдесін толық орындап шықты дей аламыз. Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы уәдені орындауда жанталасқан 20 жылдық уақытын сарп ете отырып, елімізді қазіргідей биікке көтерді. Тіпті нәтижелер сол тұста ойлағаннан да көп жоғары болған секілді. Ендеше, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы Елбасының жұлдызды шағы екендігіне дау жоқ. Бұл репортажды «Егеменді Қазақстанның» баспасөз тобы әзірлепті.