Сөйтіп 1918 жылы жазға салым Қытай елін бетке алып Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Салық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер жолға шығады. Олар төтелей тартып Шәуешек қаласына барады. Осы тұста Шыңжаң өлкесінде 150 мыңнан астам қазақ болған екен.
Ахаңдар әуелі, кезінде Семейде тұрып, Шәуешекке қоныс аударған көпес Рамазан Шәнішевтің үйіне түседі. Елді жинап, келген мақсаттарын айтады. Осы кездесуда әйгілі әнші, ақын Әсет Найманбайұлы да болады. Ақынның екі жыл бұрын, яғни 1916 жылы осы өлкеге біржола қоныс аударған кезі-тін.
Алаш арыстарының бұл сапарынан қалған екі жәдігер бар. Біріншісі – Әсет ақының басқосуда айтқан шағын толғауы болса, екіншісі – Ахаң-Жақаңдар күтіп алушылармен бірге түскен фотосы. Бұл суретті түсірген адам – Мұхаметжан Әбдікерімұлы. Ол Шәуешекте орыс мектебінде оқыған, 1915 жылдан бастап фотоға түсірумен шұғылданған адам екен.
Алматылық шежіре қария Уақап Қыдырханның айтуынша, бұл кісінің ұлты өзбек. 1950 жылдардың ортасында Қазақстанға қоныс аударған. Қысқасы, фотограф Мұхамеджан жоғарыдағы фотоны өзімен бірге Алматыға алып келген.
Бертінде, 1989 жылы арыстар ақталып, алашордашыларды қысқан құрсау босаған тұста, яғни 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 18 мамыр күнгі санына «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?» деген тақырыпта мақала жарияланып, фото тұңғыш рет жарыққа шыққан екен.
Соңғы жылдары аталмыш фотоның ізіне түсіп, біршама зерттеген шыңжандық әдебиеттанушы Білісбек Әбдіразақ өзінің 2014 жылы Үрімжі қаласында жарық көрген «Жұңго қазақ баспасөзінің қысқаша тариxи» атты еңбегінде, жоғарыдағы жәдігерді 1956 жылы Мұхамеджан Балқаш Бапиннің нұсқауымен академик Аxмет Жұбановқа көрсетеді. А.Жұбанов топ адамның шетінде отырған Әсет ақынның суретін ғана таңдап алып, өзінің «Замана бұлбұлы» атты кітабына енгізген дейді. Замана бағамын аңдаған жәдігердің иесі кейін бұл фотоны сенімді сақтаушы деп Бауыржан Момышұлына сыйлайды. Жоғарыдағы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған сурет Баукең батырдың арxивінен алыныпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»