01 Желтоқсан, 2011

Халықтың ұлы таңдауына – жиырма жыл!

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл жиырма жыл бұрын,  1991 жылғы

1 желтоқсанда Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевты елдің Тұңғыш Президенті етіп сайлады.

Елдік ерлігі

Әр елдің тарихында белесті оқиғалар болады. Сол белесті оқиғаларды бастап беретін ұлы күндер болады. 1991 жылдың 1 желтоқсаны біз үшін сондай күн. Ресми түрде алғанда ол күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентін сайлау өткізілді. Бірақ бұл ресми түрде ғана. Бо­дандықтың күні әне-міне бататынын, Тәуел­сіз­дік таңының әне-міне ататынын әркім де біліп отырды. Ол күнді бүкіл халық күтіп отыр­ды.  Шын мәнінде ол күні болашақ Тәуелсіз Қа­зақстанның тағдырын айқын­дайтын Азамат­тың жолы ашылатыны баршаға белгілі еді. 1991 жылғы 1 желтоқсан күні сайлау учаскелеріне кәрі де, жас та ағылды. Сайлаушылар тізіміне жазыл­ған­дардың  88,28  пайызы дауыс беруге келді. Бұл – 8 миллион 788 мың 762 адам. Олардың 98,78 пайызы дауысын Нұрсұл­тан Назарбаевқа берді. Бұл  – 8 миллион 681 мың 276 адам. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Тұң­ғыш Президенті болып сайланды. Бүкіл­халықтық  қол­дауға ие болды. Содан бері Елбасымыздың жеңісті  жолы жемісті жалғасып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев осы жиырма жылдың ішінде елім деген, жерім деген, елінің, жерінің қамын жеген ер екенін күнбе-күн көрсетіп келеді. Содан бергі  жеті мың  екі жүз тоқсан бес  күн мен түннің  бәрінде де ел тілеуін тілеген ер жүрегі ер тілеуін тілеген ел жүрегімен бірге соғып,  Қазақстан атты елдің болашақты бетке алған ұлы көшін бір белестен бір белеске асырумен келеді. Тағы да ай­тамыз: Назарбаев қазақтың есіктегі басын төрге шығарып берді. Біз осы­дан ширек ғасыр бұрын ғана Мәскеу «Осы бас­қарып байқасыншы» деп экспе­ри­мент жасай алатын, сөйтіп, қазақ жеріне табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бірауыздан сайлата салатын кеңестік рес­публика едік. Назарбаевтың басшылығымен сол кеңестік республикадан тәуелсіз мемлекет, егемен ел жасалды. Ел болғанда да қа­тардағы ел емес, егемен­ді­гінің жиырма жылдығына да жетпей жатып Еуро­па­ның төріне көтеріліп, кәрі құрлыққа төбебилік еткен ел жасалды. Халық ісі жолындағы қаһармандық деген осындай болмағанда енді қандай болады? Әдетте сайлау дауысқа түскен адамды сынға салады дейміз. Ол рас. Сонымен бірге кез-келген сайлау оған қатысушыларды да сынға салады. Халықтың адам тануы сынға түседі ондайда. Елдің елдігі сынға түседі ондайда. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан жұр­ты та­рихтың сол сынына түсті. Халқымыз абы­рой­мен шықты ол сыннан. Сайлауға келуімен де, лайықты ерге дауыс беруімен де даналығын, даралығын, кең­дігін, кемең­гер­лігін көрсетті. Елдіктің ерлігін танытты. Содан бергі жиырма жылдың ішінде Қазақстан халқы Елдің бағына туған Ердің төңі­регіне топтасып, екі тізгін, бір шылбырды беріп, азаматым, ар­да­ғым деп сеніп, Елбасына еріп келеді, Тәуелсіздіктің ризығын теріп келеді, келеше­гінің кемел боларының кепілін көріп келеді. Солай бола да береді. Сол үшін Елге де рахмет, Ерге де рахмет. Берекеміздің бастауы болған бұл күнді мереке деудің де, оны мерекелеудің де еш артықтығы жоқ. Өйткені, бұл күн – біздің өз таңдауымызды өзіміз жасауымызды, сөйтіп,  өз тағдырымызды өзіміз шешуімізді бастап берген күн. Бұл күн  – тарихымызда тұңғыш рет бүкіл халық болып Президент сайлаған күніміз. Елдіктің жолындағы ең алғашқы қа­дамымызды жасаған күніміз. Біздің ұлы күніміз. Мереке құтты болсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

  «Болашақ!» деп бергем сонда даусымды   Заманалар алмасты, Түн құшағын таңға ашты. Азат елге сайланды, Президент алғашқы.   Тәуелсіздік орнады, Шаттықта шек болмады. Президентін алғашқы, Бүкіл халық қолдады.   Кім ұмытар бұл күнді, Жүрек толқып, бұлқынды. Президент алғашқы, Ел туымен бір тұрды.   Тас жарардай толқыны, Тау бұзардай серпіні. Елбасымен ең алғаш, Биіктеді ел туы.   Жақсылықтар жалғасты, Талабымыз тауға асты. Ел мерейін көтерді, Елбасымыз алғашқы.   Бар халықпен туыстық, Бар ұлтпен ұғыстық. Елбасымен орнады, Елде бірлік, тыныштық.   Бар жақсымыз жағымды, Елбасымен танылды. Жарқыраған ғажайып, Жаңа астана салынды.   Табысқа бар мың негіз, Қол созамыз күнге біз. Елбасымен ең алғаш, Бекітілді іргеміз.   Жанының көп жарығы, Жанған лаулап жалыны. Елбасымен ең алғаш, Елімді әлем таныды.   Жарқыраған көгіңде, Жанға құрмет, сенім де. Елбасымен биіктеп, Бара жатыр елім де! Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда.