«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.
Төменде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Көкжыра ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.
Апат айтып келмейді. Барыс жылы кенді алтайлықтардың есінде ұзақ уақыт сақталар. Қар мөлшері жылдағыдан төрт-бес есе қалың түсіп, қатты аяз, көктемде күн күрт жылыған кезде Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жантекей, Көктүбек, Ойшілік, Шорға, Қызылкесік, Зайсан ауданының Тасбастау, Күршім ауданының Маралды, Күршімде 540 үй қирап, 1300 үйді су алып, жарамсыз болып қалды. Төрт мыңнан астам ірі қара, 19 мыңнан астам қой-ешкі, 650 жылқы опат болды. Осынау сын сәтте зардап шеккен ауданның тұрғындары сабырлылық сақтап, Елбасы мен Үкіметтен, өңір басшысы Б.Сапарбаевтан үміт күтті.
Үміт алдамады. Ең алдымен, Елбасы Н.Назарбаев тиісті министрліктер мен облыс басшысын жинап алып, шұғыл жиын өткізді. Ол сын сәтте көмек көрсететіндерін, қазірдің өзінде алғашқы транштың кеткенін мәлім етті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, тағы басқалар бірнеше аудандағы су басқан ауылдарды өз көздерімен көріп қайтты. Техника, қажетті жабдықтар, уақытша тұратын шатырлар жеткізілді. Облыс әкімі Б.Сапарбаев бел шешпей, етігімен су кешіп, аудандарды аралап, қолдан келген көмектерін жасады. Қала әкімі, штаб бастығы Ислам Әбішев те апат аймағынан шықпай, сын сәтте қиындықтарды ауыл тұрғындарымен бірге бөлісті.
Арада төрт-бес айдан кейін қиындықтардың бәрі артта қалды. Өткен жылдың қыркүйегінде Елбасы Н.Назарбаев Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылына келіп, жаңадан салынған тұрғын үйлерді аралап көрді, ауыл тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесті. Ең алдымен сіздерді жаңа үйлерге қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Біз далада қалдырмаймыз деп уәде бергенбіз, соны орындадық. Ал малды екі пайыз жеңілдікпен аласыздар, енді мына сәнді үйлердің жанынан стандарт талабына сай қора-қопсы салыңыздар, үй маңы ағашқа малынып тұрсын. Мен көпшіліктің алдында облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына алғысымды айтқым келеді. Ол өзіне тапсырылған істі абыроймен атқарып шықты, сын сәтте сіздермен бірге болды, деді Елбасы сол кездесуде.
Елбасына Социалистік Еңбек Ері Қазыбек Демеубаев ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Жәміш Биғазина заман талабына сай жабдықталған дәрігерлік жабдықтарды көрсетті. Бұдан кейін Елбасы Н.Назарбаев Ғ.Омаровтың үйіне кіріп, дәм татты. Ауыл тұрғындарымен ескерткіш суретке түскен соң Нұрсұлтан Әбішұлы құрылысшылар мен сын сәтте ерлік көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.
Жақында Көкжыра ауылында болудың сәті түсті. Айта кету керек, Көкжырада – 210, Жәнтікейде – 191, Көктүбекте – 24, Ойшілікте – 8, Шорғада – 7 тұрғын үй, бірнеше көпір салынып, жолдар жөнделді. Барлығы аталмыш ауылдарда 443 тұрғын үй бой көтерді. Үй болғанда қандай, сәнді де сапалы, қора-қопсылар стандартқа сай үйдің артында салынған. Ағаштар отырғызылып, асфальт төселген үйлерде, көшелерде электр шамдары самаладай жарқырайды.
Ауыл тұрғындарының Елбасына алғысы шексіз – дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешев. 600 орындық орта мектепті «Елхон» фирмасы сапалы етіп салып берді. Сонымен бірге, жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі (ПМК «Құрылыс»), бас мердігер, жергілікті жердің тумасы Қайрат Нәбиевке алғысымыз ерекше. Ол осындағы құрылыстың негізін салып берді. Пошта үйі, әкімшілік ғимараты, мектеп жанындағы ботаникалық саябақ та көз тартады. Жылыжай таяу күндері іске қосылмақ. Мәдениет үйін салып беру де ойда бар. Қазір Көкжыра ескі, жаңа ауыл болып екіге бөлініп отыр. Болашақта барлығы осы жерге қоныс аудармақ. Сөз реті келгенде айту керек, өткен жылы Кенді Алтайда жаңадан үш ауыл бой көтерді. Үшіншісі, оралмандарға арналған жаңа ауыл. Қазір ол жерде бес жүзге т
арта тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік ғимараттар бар.