Зиянкестердің күрт көбеюіне әсер ететін негізгі фактор күннің жылуы ғана емес, түрлі тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет тасталуы. Осының салдарынан қала аумағындағы саябақтарда, әсіресе көп қабатты үйлердің маңында адам денсаулығы үшін аса қауіпті кеміргіштер көбейеді. Мамандардың сөзінше, кеміргіштердің кейбір түрлері тіпті өлім жағдайларына әкеліп соқтыратын жұқпалы аурулардың ошағы саналады.
Бұл айларда кеміргіштерден бөлек адам мен жануарлардың, сондай-ақ өсімдіктердің паразиті болып табылатын кенеден де абай болған жөн. Қышыма кене сияқты кейбір тұқымдастары тіпті көзге де шалынбайтын бұл жәндік адам бойында бөртпе, сүзек, кене энцефалиті, туляремия сияқты аурулардың өрбуіне жол ашады. Әсіресе мұндай кенелер жаңбырдан кейін көгалды жерлерде көп болады. Сондықтан күн жылысымен таулы аймақтардағы табиғат аясына шығатын тұрғындар бұл жағдайды қаперінде ұстағаны абзал.
«Қала аумағын зиянкестерден залалсыздандыру жұмыстарының көктемгі науқанына арналған арнайы кесте бекіттік. Сол кесте негізінде таулы аймақтар мен демалыс орындарында, қала аумағындағы саябақтарда залалсыздандыру жұмыстары басталады. Жаппай залалсыздандыру ісіне құрамында тәжірибелі эпидемиолог дәрігерлері бар 6 адамнан құралған 3 бригада жұмылдырылмақ. Дератизациялау жұмыстары Алматы қаласының әр ауданында кезең-кезеңімен жүргізіледі», дейді Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы филиалының басшысы Есен Бекбосынов.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ