02 Желтоқсан, 2011

Көрме төңірегіндегі әңгіме

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада елімізге ресми сапармен келген Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес БАҚ өкілдерімен баспа­сөз мәслихатын өткізді. Сапар мақ­саты 2012 жылдың көктемін­дегі ХКБ сараптама комиссия­сы­­ның қарауына орай ЕХРО-2017 көр­месі бойынша қазақстандық ұсы­нысты қабылдау болып табылады. – Астананың EXPO-2017 көр­ме­сін өткізуге мол мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. 2017 жыл Астана үшін ерекше жыл. Қала өзі­нің 20 жылдығын тойлайтын бо­ла­ды. Бұл елорданың беделін жо­ғарылататын тағы бір үлкен мүм­кіндік екенінде дау жоқ. Қазақ­станның EXPO-2017 халық­ара­лық көрмесін өткізу бойынша дай­ын­­­да­ған мәліметтері бюроға мүше мемлекеттерге 2012 жыл­дың нау­­рыз айында ұсынылмақ. Ал соңғы шешім аталған жылдың қараша айында ХКБ-ның штаб пәтері Парижде қабылданады, – деді Ха­лықаралық көрмелер бю­росының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лос­серталес. Сондай-ақ ол осы сапа­ры шеңберінде Қа­зақ­стан бас­шы­лығы дайындаған негізгі мәлі­мет­термен танысқанын және оның жоғары деңгейде жасалғанының куәсі болғанын да жеткізді. Жуырда қазақстандық делегация ХКБ-ның мерейтойлық 150-ші Бас Ассамблеясына қатысып қайтқан-ды. Еліміз ЕХРО-2017 ха­лықаралық мамандандырылған көрмесін қабылдаушы ел пози­циясына кандидат ретінде қатыс­ты. Отыз минөттік тұсаукесерде аталмыш көрмені өткізу аумағы 3-D форматында көрермендер на­зарына ұсынылса, ХКБ делегат­тары Астананың инфрақұры­лым­дық мүмкіндіктері жайында мағ­лұматтар алды. Еліміз он төрт жылдан бері Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының мүшесі болып келеді. Осы уақыттар ішінде Қазақстан өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетіп, Аичи, Сарагоса және Шанхай қалаларында болған көр­мелерді ойдағыдай өткізуге ба­рын салды. Қазіргі таңда да осы қарқынын үдете түскен Қазақстан келер жылы Кореяның Есу қала­сында өтетін ЕХРО-2012 көрме­сіне қызу дайындық жүргізуде. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суретті түсірген  Мұхтар ХАЛДАРБЕКОВ.