02 Желтоқсан, 2011

Бақыт құсы қонған ел

482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Самұрық» ұлттар театрының ұжымы  Д.Исабековтің «Бақыт құсы» атты туындысын Астана көрермендеріне тарту еткен болатын. Бүгін біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа осы театрдың әртістері жолдаған үндеу хатты жариялап отырмыз.

Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз, Сіздің қолдауыңызбен дүниеге келген «Самұ­рық» ұлттар театрының әртістері ел бірлігі – «Келісім» күніне арнап «Бақыт құсы» (авторы Д. Исабеков) спектаклін сахнаға шығарған едік. Бұл біздің Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына деген тартуымыз. «Бақыт құсы» қойылымының кейіпкерлері біздің өміріміздің, қазақстандық қоғамның айшықты бейнесі. Олар өз жерін, қатар өмір сүріп жатқан, тағдыр тоғыстырған адамдарды жақсы көреді, олардың қарым-қатынасы арқылы жалпыға ортақ құндылықтар, рухани бірлік негіздері қалыптасады. Бұл – Сіздің жүргізіп отырған салиқалы саясаты­ңыз­дың арқасында орнаған жағдай – әртүрлі ұлт пен ұлыстың, әртүрлі дін өкілдерінің бір тілде – келісім тілінде сөйлеп, Самұрық – Бақыт Құсы біздің еліміздің – Қазақстанның басына қонғаны туралы қойылым. Әдетте саясаткерлер саясатпен, экономистер эко­но­ми­камен шұғылданады. Ал біз, әртістер, осындай қойылымдар арқылы Сіз бен біздің, біздің қоғамы­мыздың, Отанымыздың өмірін, біз таңдаған және біз бағалайтын өмірді көрсетеміз. Себебі, біз, ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін, достық пен түсіністікті, ар-ождан тазалығы мен сыйластықты қадір тұтатын бір үлкен отбасының өкілдеріміз. Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы, негізінен, Қазақ­станның әр азаматы үшін бейбітшілік пен тыныш­тықтан, балаларының болашағына деген сенімнен, ортақ шаңырағымыздың беріктігінен асқан маңызды ештеңе жоқ. Қайырымдылық, даналық, өзара сыйлас­тық, ынтымақ, бірін-бірі тыңдай да түсіне білу бар жерде қашанда адамдар бақытты екендігі ежелден белгілі. Біздің қойылым осыны көрсетеді. Біз өз шығармашылығымызбен қоғамға ел бірлігі туралы, тату елде ғана бақытты өмір сүруге болатындығы туралы ойды жеткізуді мақсат тұтамыз. Біз Сізді шығармашылыққа жаны жақын, өнерлі тұлға ретінде білеміз, Сіздің ән айтып, домбыра тар­тып, Қазақстанда тұратын қаншама ұлт пен ұлыстың әндерін білетініңізге тәнтіміз. Ал өнер дегеніміз, адам жанын өсіретін, өрге сүйрейтін ұлы ұғым. Сіз сол шығармашылығыңыз арқылы бүгін әлемге әйгілі Тәуелсіз Қазақстан деген елді шыңға шығардыңыз. Бұл Сіздің – Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты­ның арқасында қол жеткен жеңіс. Сізге осындай баға жетпес еңбегіңіз үшін мың да бір рахмет айтамыз. Қазақстанның әр азаматы өз тағдыры мен өз өмірінде Сіздің еңбегіңіздің нәтижелерін сезінеді, біледі, бағалайды. Қазақтың қонақжай шаңырағының астында біз барлығымыз бірге бақытты өмір сүріп жатырмыз. Біздің елде әр адам өз орнын таба алады. Бұдан артық адам жанына не керек?! Біз Сізді Қазақстан Республикасының – біздің сүйікті Отанымыздың 20 жылдығы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Біз Сіздің басқаруыңызбен тәуелсіз, гүлденген Қазақстанды әрі қарай дамыта беруге дайынбыз. Л.Кәден – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Кұрмет» орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы мем­лекеттік академиялық қазақ балалар мен жас­өспірімдер театрының әртісі; Т.Банченко – Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі; С.Попов – М.Лермонтов атындағы мемлекеттік ака­демиялық орыс драма театрының әртісі; А.Фе­досеев – М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі; М.Токарев – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі; Ж.Садырбаев – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі; Е.Жуманов – «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғы­ның лауреаты, Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі; Г.Табала – Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер теа­тры­ның әртісі; Г.Ким – II дәрежелі «Достық» ор­де­нінің иегері, мемлекеттік республикалық корей му­зыкалық драма театрының әртісі; О.Ли – Қазақ­станның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Кұрмет» орденінің иегері, мемлекеттік республикалық корей музыкалық драма театрының әртісі; А.Нурмагамбетов – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының студенті; А.Орақбаева – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті; М.Ахманов – қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі; Л.Ни – мемлекеттік республикалық корей музыкалық драма театрының және Ұлттар театрының директоры; А.Мұхамедиұлы – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  ректоры және   Ұлттар театрының  көркемдік жетекшісі.