Әсіресе ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету жұмыстарына айрықша мән берілуде. Облыстық кәсіпкерлер форумында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев билік пен бизнес арасындағы байланыс жайын баяндап, осындай мәліметтерді айтты. «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға әрдайым көңіл бөліп келеді. Мұндай кездесулер саладағы проблемаларды айқындап, кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Атырау облысы негізінен мұнайлы өңір болғанымен, соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығы кешенін дамыту, өнім өңдеу бойынша атқарылған жұмыстар жақсы нәтиже бере бастады», деді облыс әкімі.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында өз ісін бастаған ауыл тұрғындарының да саны артты. Алайда екінші деңгейлі банктер мен ауыл кәсіпкерлерінің серіктестігінде әлі де күрмеулі жайттар кездеседі. Соның ішінде несие алған кезде ауыл халқында кепілдік мүліктің жоқтығы немесе талапқа сай еместігі жиі проблема туғызады. Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік ауыл бизнесін шағын несиелеу бағдарламасын енгізді. «Бизнес Аймақ» деп аталған бұл бағдарлама бойынша 2017 жылы облыстық бюджеттен 350 млн теңге бөлініп, 67 жоба жүзеге асты, 123 жұмыс орны құрылды. «Алтын кеме» бағдарламасы 13 жобаның жүзеге асып, 25 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 543,5 млн теңге бөлінді. Оған 312 жоба қаржыландырылып, 1210 адам қызметпен қамтылған.
Бизнес иелерінің басты проблемалары
Атырау облысы әкімдігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған форумға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша өкіл Болат Палымбетов қатысты.
Соңғы екі жылда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде 12 420 өтініш түсті, соның ішінде Атырау облысы бойынша 378 өтініш келді. Осы проблемалардың 90 пайызы өңірлік сипатта екенін атап өткен жөн. Жер алу, құрылыс секілді жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелер, деді бизнес-омбудсмен. Коммерциялық мақсатта жер телімін алу бизнес иелері үшін басты мәселенің бірі. Жер кодексі бойынша жергілікті атқарушы органдар интернет сайттарда бас жоспардың сызбасын, елді мекендердің нақты жобалануы мен инженерлік коммуникацияларды көрсетуге міндетті. 2017 жылы интернет сайттарда бас жоспарлар мен жобалау-сметалық құжаттардың 70%-ы жарияланған. Атырау облысында 16 құжаттың 8-і ғана интернетке шыққанын айтқан Болат Палымбетов жарияланымдар кәсіпкерлерге түсінікті, қолжетімді болуы тиіс екенін ескертті. Осы мәселені шешу жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Енді барлық мәселе электронды геопортал арқылы шешіледі, жер телімдеріне қатысты шаралар да ашық болады», деді.
Бизнестегі тағы бір өзекті проблема кәсіпкерлікті субсидиялау. «Бірқатар өңірлерде кәсіпкерлер балабақшалар мен ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін көтерді. Біз мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы айтып отырмыз, онда әр тарап қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі. Өкінішке қарай, келісімшарттар мен атқарылған жұмыс туралы актілерге қол қоюға келгенде кәсіпкерлердің талабын орындаудан көбінесе негізсіз және кейде тіпті ойдан шығарылған себептерге байланысты бас тарту жиі кездесіп жатады. Кейбір субсидияларды беру туралы шешім қабылдайтын лауазымды тұлға оларды өз қалтасынан шығаратындай әсер қалдырады. Субсидияларды бөлу жөніндегі комиссия құрамына бизнес-қоғамдастық өкілдерін қосу қажет деп есептеймін», деді Болат Палымбетов.
Мемлекет қолдауы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді
Атырау аймағында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 43 мыңға жетті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Кариев департаментпен өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерін қорғаумен байланысты жұмыс сапасы 75 пайызға артып, 53 кәсіпкердің құқығы қорғалғанын айтты. – 2016-2017 жылдары кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласу, құқықтарын бұзумен байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сот үкімдері шығарылып, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Департамент Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, 6 мемлекеттік орган мен мекеменің қызметіне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктер анықтады, – дейді М.Кариев. – Оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын шектейтін әрекеттер мен нормативтік құқықтық актілер де бар.
Агенттіктің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Атырауда да «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы іске асты. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді ғана емес, бизнестің ашық, әкімшілік кедергілерсіз дамуына мүмкіндік беретін қолайлы байланыс ретінде бұл жобаның маңызы жоғары.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Ыдырысов өткен жылы кәсіпкерлер палатасына өңір кәсіпкерлерінен 179 арыз түскенін, олардың 98-і кәсіпкерлердің мүддесіне сай шешімін тапқанын айтты. Былтыр республикалық деңгейдегі 5 әкімшілік кедергі және жергілікті деңгейдегі 9 тосқауыл анықталған. «Төртеуі оң шешімін тауып, үшеуі «Атамекен» ҰКП-ның проблемалар туралы тізіліміне енгізілді, бір мәселе Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексіне өзгерістер енгізу арқылы шешілді», – деді А.Ыдырысов.
Мемлекеттік органдардағы кейбір қызметтерді автоматтандыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың сенімді жолы. Осыған орай кәсіпкерлер палатасының басшысы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын шығару, ауылшаруашылық дақылдарын бір түрден екіншісіне ауыстыру үшін рұқсат беру, арнайы суды пайдалануға рұқсат беру, жердің мақсатты белгілерін өзгерту, ветеринарлық сертификат беру секілді қызметтерді автоматтандыру қажет екенін баса айтты.
Бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес. Атап айтқанда, жаппай тексерулер алдын ала бақылауға ауыстырылды, мемлекеттік органдардың басқару функциялары 30%-ға қысқарды, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар 56%-ға азайды, тексеру мерзімі де 50%-ға қысқартылды. Мұның бәрі бизнестің берекесін арттыруға бағытталған қадамдар екені анық.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ