Суретте Зият Шәкәрімұлы
Мереке ағамен сөйлесе отырып, соншалықты қарапайымдылығын әрі тектілігін аңғардым. Тіпті атасы Шәкәрімнің дастандарын, өлеңдерін жатқа білетіндігі, әндерін домбырада ойнай отырып айтатыны, жасы жетпістен асса да есте сақтау қабілетінің өте жақсы екендігі мені таңғалдырды. «Айнымайтын ақ жүрекпен, Таза ақылды адамның, Таппасы жоқ бұл өмірде, Осынымды ұқ, балам!» деп Шәкәрім бабасы жырлап кеткендей, адалдықты өмірінде пір тұтқаны көрініп-ақ тұрды.
Осы кездесуде Мереке әкесі Зияттан қалған екі әнді айтып берді. Әннің тарихына тоқталсақ, Зият атамыз 1931 жылы Қытай асып кетіп, сол жақта өмір сүргені белгілі. Онда да тыныштық болмай түрмеге жабылған. Содан оралмаған. 1939 жылы Зият жатқан қытай түрмесінен босап шыққан бір адам оның түрмеде жазған екі өлеңін өзімен бірге ала шығып, Шәріпхан төренің адъютанты болған Айтжан Жазықбаевқа әкеліп беріпті. Бұл өлеңді кейін ұзақ жыл Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының аға ғылыми қызметкері болған өнер зерттеушісі Абылай Түгелбаев жоғарыдағы А.Жазықбаевтан сөзін алып, әнін үйренеді. Содан 1990 жылдары Абылай Жұмаханұлы арнайы сапармен Семейге келіп, Зияттың жоғарыдағы екі әнін сол кездегі облыстық радио студиясында жаздырған екен. Бұрын-соңды жарық көрмеген осы екі әннің сөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ұлы едім Шәкәрімнің Зият деген
Ұлы едім Шәкәрімнің Зият деген,
Ән айтқан бала жастан қияқпенен*
Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,
Қиянат жанға жасау ұят дегем.
Қайырмасы:
Осыны ұстап өтемін,
Шыңғыстау еді мекенім.
Зұлымның түсіп торына,
Тас түрме болды төсегім.
Дінсіздер, адамдарды арандатты,
Қылышын, қол шоқпарын жалаңдатты.
Алдамшы саясаттан торды тоқып,
Зынданға зиялыны тамам жапты.
Жатырмыз Үрімжінің түрмесінде,
Өңкей қу екі елден бірлесуде.
Ақылды азаматтар тұтқын болып,
Азапты, аянышты күн кешуде.
*қияқ - скрипка
Қоштасу
Қош болғын атамекен, қайран Шыңғыс,
Түсті ауыр ел басына көп мұңды іс.
Жосылдық Шәуешекке атты-жаяу,
Көзіме жас толғаны менің тұңғыш.
Қайырмасы:
Көрдік зұлым жәбірін,
Кетті содан сабырым.
Құшақтадым, қоштасып,
Бабалардың қабірін.
Найман ел құда, туыс, бауырымыз,
Іргелес қонатұғын ауылымыз.
Түнеріп, түн жамылып, үрке көштік,
Болған соң әділетсіз дәуіріміз.
Заңына тіршіліктің бағынармын.
Сұмпайы суайттыққа табынар кім?
Жүрсем де шалқып басып жер бетінде,
Туған жер, сені тынбай сағынармын!
Ләззат ӘЛЖАН,
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы