Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Ақтөбе аймағында туризмді дамытуға қандай шаралар қолға алынған?

1818 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің экономикасына туризм мен туристік инфрақұрылымдарды дамытудан түсетін табысты көбейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Мұндай жауапты іске республика өңірлері де лайықты үлес қоса алатыны анық. Осы орайда Ақтөбе аймағында туризмнің көсегесін көгерту бағытында қандай шаралар қолға алынған?

Ақтөбе аймағында туризмді дамытуға қандай шаралар қолға алынған?

Біз бұл сауалды ең алдымен Ақтөбе облыстық сыртқы қаты­настар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлына қойған едік. Оның айтуынша тек 2017 жыл­дың ІІІ тоқсанында қонақүйлер мен хостелдерге 80мыңға жуық қала қо­нақтары тіркелген. Мұның өзі алдың­ғы 2016 жылдың сәйкес, тиісті кезеңімен са­лыс­тырғанда 22 пайызға жоғары дейді ол. 

Әрине, қонақтың келгені жақсы. «Қонақ өзінің ырысымен келеді» демей ме дана халқымыз! Әйтсе де бұған дейін жасалған зерттеулер мен талдаулар өңірге аяқ басқандардың дені көбіне іскерлік жағдайларға байланысты келетінін көрсетеді. Оның есесіне өңірдегі тарихи-мәдени мұралармен, табиғи ландшафты нысандар мен археологиялық сәулет ескерткіштерімен, сондай-ақ тарихи тұлғалар және хал­қымыз бастан кешкен қиян-кескі оқи­ғаларға байланысты жасақталған киелі орындармен танысуға ниет білдірген саяхатшылардың барынша аз екені байқалады. 

Шынтуайтына келгенде өңірде отандық және шетелдік туристердің назарын аударып, қызығушылығын туғыза алатын мұндай туристік нысандарға лайықты орындар жеткілікті. Соның бірқатарына тоқтала кетер болсақ, өңір аумағындағы «Айдарлы аша» геоморфологиялық-геологиялық құйма тасы оған барғандардың бәрін таң қалдырумен келеді. Бұдан І ғасыр бұрын сол дәуірдің ғалымдары осы тұстағы өзеннен құйма тасқа айналған моллюскалардың қабыршақтарын тапқан. Бұл көрініс мұнда ерте замандарда теңіз болғанын айғақтайды. Табиғаттың құдіретінде шек бар ма? Күндердің бір күнінде топырақтың қырық қабат қыртысы қопарылып, жердің бетіне көтерілген. Осы қыртыс­тарда ең ежелгі өсімдіктер мен жануар­лардың сұлбалары табылған. 

Немесе ғылыми-астрофизикалық айналымға Ырғыз – Жаманшин деген атаумен енгізілген алып аспан дене­сі құлаған жерді алайықшы. Миллиондаған жылдар бұрын бүгінгі Ырғыз даласына алып жұлдыз тастың қалдығы ағып түскен аумақтың диаметрі 13 километрді құрайды. Бүгінгі күні оның тереңдігі шамамен 300 метр екені белгілі. Кейіннен метеориттің жерге құлауы салдарынан қара түсті құмырс­қа пішіндес, салмағы темірден жеңіл, ағаштан ауыр көздің жауын алатындай ұсақ тас бөлшектер түзілген. Ғалымдардың тұжырымдауынша бұлардың химиялық құрамы жөнінен жер бетіндегі әрі жер астындағы заттардың бірде біріне ұқсамайды. Сөйтіп әлемде мүлдем кездеспейтін дүниелер қазір жабайы туристердің тонауына түсіп жатыр деп қынжылады есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай. 

Ырғыз – Торғай резерваты аумағынан табылып, кейін яғни 1725 жылы Мәскеу­дегі палеонтология музейіне қойылған алып аңның қаңқасы, Көрісай – Мөрсай аңғарындағы тереңігі 150 метрлік құлан­дар мекені, Мәртөктегі ең көне өсімдік –папоротник тоғайлары турис­тердің арнайы іздеп жүріп көретін нысандары қатарынан орын ала алады. Сонымен бірге Қобыланды батыр, Абат-Байтақ, және Есет батыр кесенелері, Әбілқайыр хан қаза болған жердегі Хан моласы се­кілді тарихи тұлғалардың ескерткіш-ке­сенелері де ешкімді енжар-селсоқ қал­дыра алмайды.

Өңірде тиісті жергілікті өкілетті органдар, соның ішінде туризм басқармасы тарапынан осындай киелі де қастерлі нысандарды насихаттау мен дәріптеу, оның ішкі құпиялары мен тылсым сырларын ашып көрсету жұмыстары кемшін соғып жүргендей көрінеді. Сондай-ақ туристерге қызмет көрсету сапасы мен мәдениетінің төмендігі де өңірге келетін туристер легін төмендетпесе, өсіре алмасы анық. Туристердің қата­рын толықтыра түсуде жол бойында көрсе­тілетін қызметтер де елеулі рөл атқармақ. Өкінішке қарай қазіргі күні оның жай-күйі де сын көтермейді. 

Дегенмен, тұтастай алғанда биыл өңірде туристік инфрақұрылымдарды дамытуға күрт бетбұрыс жасалғаны үлкен сенім туғызады. Соған сәйкес жалпы құны 50 миллиард 100 миллион теңге тұратын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бұлардың басым бөлігін жол бойында қызмет көрсететін құрылымдар, сапасы жоғары қызмет көрсетуге бағытталған бес жұлдызды қонақүйлер және аквопарк кешені құрайды. Бұған қоса Мәртөк ауданы аумағындағы маралдың мүйізінен алынатын панто препаратымен емдейтін шипажай емхана мен демалыс орнының есігі де биылғы жылы туристер үшін айқара ашылмақ. 

Қысқасы, бүгінде Ақтөбе аймағында ішкі және сыртқы туризмді дамыту ісінде сең қозғалды деуге болады. Оның түпкі нәтижесіне алдағы уақыттың өзі төреші бола алады демекпіз. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ