Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы» атты тақырыпқа арналған журналистер мен фототілшілер арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Аталған іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, журналистика саласындағы профессор-ғалымдар, министрліктердің жауапты мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтың құттықтау хатын министрліктің жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаров оқып берді. Сондай-ақ ол Қазақстанның саяси тұрақтылығын, экономикалық табыстарға жетуін, елдің әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауда журналистер қауымының үлесі орасан зор екендігін атап өтті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілген «Қазақстан мемлекеттілігінің құрылуы мен дамуы» атты шығармашылық байқаудың нәтижесінде «Егеменді Қазақстанның тарихына арналған үздік авторлық фотоматериал» аталымында – ҚР Премьер-Министрінің фототілшісі Шүкір Шахай; «Қазақстанның экономикалық жетістіктерін (экономикалық реформаларды жариялау) көрсететін ең үздік мақала» аталымында – «Қазақстан-Заман» еларалық газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімова (қазақ тілінде) және «Нарық әлемі» газетінің тілшісі Қалмұрат Дәулетбаев (орыс тілінде); «Еліміздегі саяси жаңартулар бойынша үздік мақала» аталымында – «Тәуелсіздік және демократия» мақаласы үшін (қазақ тілінде) белгілі ғалым, профессор, «Мысль» журналының тілшісі Әбдеш Қалмырзаев және «Белес» мақаласы үшін (қазақ тілінде) «Жас қазақ» республикалық газетінің жауапты хатшысы Ағабек Сыдықов; «Ең үздік қоғамдық-саяси басылым»
аталымында – «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы; «Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған қазақ тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымында – «Қазақстан. Менің елім» бағдарламасы үшін тележүргізуші, «Қазақстан» телеканалының «Апта.kz» ақпараттық-талдау бағдарламасының шеф-редакторы, Л.Гумилев атындағы журналистика факультеті телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Қанат Әуесбай және «Жасампаздықтың 20 жылы» фильмі үшін «Қазақстан- Қарағанды» телеарнасының телебағдарламаларды дайындау бөлімінің бастығы Әшімхан Жанпейісов; «Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған орыс тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымында – «Великая мечта» деректі фильмі үшін Қазақстан Президентінің Телерадио кешені жеңімпаз болды.
Жеңімпаздарға жүлделерді – Ғаділбек Шалахметов, Сұлтан Оразалин, Намазалы Омашев, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов, Татьяна Костина, Қайрат Әбсаттаров, Әлтайыр Уызбаев пен Марат Әбсаттаров табыстап, алдағы уақыттарда да жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.
Берік САДЫР.