Қазақстан • 12 Сәуір, 2018

Мәулен Әшімбаев Астанадағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. «Нұрлы жүрек» мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен «Қасиетті жол» оңалту орталығына арнайы барған ол аталған мекемелердің жұмыс барысымен танысып, осы бағыттағы игі бастамалардың жай-күйіне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Астанадағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

«Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы бағытта арнайы «Ке­дер­гісіз келешек» партиялық жобасы да жұмыс істейді.

Елордадағы әлеуметтік ны­сан­дардың жұмысымен таныс­қан «Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары алдымен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығына бар­ды. Бүгінде мұнда 3-18 жас ара­лы­­ғындағы 260 бала мен жасөс­пі­рім әлеуметтік бейімделу және оңалту бағытында ем-дом қа­был­­дауда. Орталықта балалармен білікті мамандар жұмыс іс­тей­ді. Мекеме басшысы Серік Бөпе­жановтың айтуынша, мұнда қа­жетті медициналық терапия мен кор­рекция қызметтері жоғары дең­гей­де көрсетіледі. Сондай-ақ бұл жерде түрлі тақырыпқа ар­нал­­­ған үйірмелердің жұмысы да жү­йелі жолға қойылған. «Ор­та­лық тәрбиеленушілері қала­дағы театр, көрме, концерттер сияқ­ты мәдени іс-шараларға жиі ба­рып тұрады», дейді С.Бөпежанов.

Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев бастаған нұротандықтар «Қа­сиетті жол» оңалту орталы­ғын­да болды. Бұл жерде 2-15 жас ара­лығындағы мүгедек балалар мен жасөспірімдердің тегін оңал­ту курсынан өтуіне барлық жағ­дай жасалған. «Қасиетті жол» қо­ғамдық қайырымдылық қоры­ның президенті Гүлмира Әбілдинова­ның сөзіне қарағанда, әзірге еліміз бойынша осындай үш оңалту ор­талығы бар екен. Оның екеуі – Ас­танада, біреуі Шымкент қала­сында орналасқан.

– Ендігі біздің мақсатымыз – елі­міздің әр өңірінде осындай ор­талықтар ашып, балаларға кө­мек қолын созу. Бұл мәселеде бар­лы­ғын мемлекеттің мойнына ар­т­ып қоймай, белсенді азаматтар өз­дері де бас болып, іске кірісу ке­рек деп есептеймін. Біз осы мақ­­сатта «Қазақстан жақсылық жа­сай­ды» атты арнайы бастаманы қолға алдық. Сол арқылы кез келген қазақстандық жылына бір рет 365 теңгесін қайырымдылыққа жұмсай алады. Яғни күніне бар болғаны бір теңгеден осы бағыт­та қайырымдылыққа жұмсап отыр­са, осындай 40 оңалту орта­лы­ғын ашуға мүмкіндік туар еді, – деген Г.Әбілдинова барша қазақ­стандықтарды аталған бастамаға белсене атсалысуға шақырды. Ол үшін арнайы «Қазақстан жақсы­лық жасайды» атты мобильді қосым­ша да іске қосылған. Яғни акцияға қат­ысқысы келген азаматтар сол жерден барлық қажетті мәлі­меттерді ала алады.

Әлеуметтік нысандардың еңбек ұжымымен және ондағы тәр­биеленушілердің ата-аналарымен кездескен партия Төрағасының бірінші орынбасары партия қыз­метін жаңғырту аясында «Ке­дергісіз келешек» жобасының жұ­мысы да одан әрі жанданып, әдіс-тәсілдері жетіле түсетінін айтты.

– Ерекше қажеттілігі бар мүм­кіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қол ұшын созу – пар­тиямыздың басым бағыт­тарының бірі. Осыған орай «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жандандырып, форматын өзгертіп, бұл бағытта бірнеше нақты жұмыс­тарды қолға алдық. Осы санат­тағы азаматтарымыздың негізгі мәселелерін сараптап, партия тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсету үшін негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізу керектігін анықтадық. Олар: инклюзивті білім беру, мүмкіндігі шектеулі жан­дарды жұмыспен қамтуға жағ­дай жасау және қоғамдық орын­дарда «кедергісіз орта» қалып­тастыру, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол осы саладағы бір­қатар мәселелерге де назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, қа­зір­гі таңда елімізде мүмкіндігі шек­теулі жандардың 30 пайызы ғана жұмыс істеп, ақша табу мүм­кіндігіне ие. Сондықтан М.Әшім­баев бұл өзекті мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бір­ле­сіп, жүйелі жұмыс істеу керек­тігін айтты. Бұдан басқа, мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арнал­ған инфрақұрылымның қолжетім­сіз­дігі де өзекті мәселелердің қа­та­рында. Мәселен, бүгінде 31 мың­­нан астам паспортталған инф­­ра­­құрылым нысандарының 3 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі жан­дар үшін қолжетімсіз. Одан бө­лек, елімізде инклюзивті білім беру ісі де лайықты деңгейде дамы­май отыр. Әзірге отандық мектеп­тер­дің тек 30 пайызында ғана мүм­кіндігі шектеулі балаларды оқытуға қажетті жағдай жасалған.

– Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз алдағы уақытта бұл мәселелерді басты назарымызда ұстайтын боламыз. Келешекте осы үш бағыт бойынша жүйелі жұ­мыс істейміз. Жаңғыртылған жоба­ның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып, оларға партия тарапынан нақты көмек көрсету, – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте бүгінде елімізде кей­­бір үкіметтік емес ұйым­дар­дың өз күш­терімен ауқымды жұ­мыстар атқарып отырғанын да атап өткен жөн. Осыған орай келешекте партия сондай ұйым­­дардың бастамасына жан-жақ­ты қолдау көрсетіп, олармен бір­лесіп жұмыс істейтін болады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»