12 Сәуір, 2018

Ғарыштан Қайыңдыға қонған иттер

1109 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында бұрын Березин, қазір Қайыңды аталатын шағын ауыл бар. «Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов – біздің жерлесіміз!» деп мақтанатын қайыңдылықтар осыдан елу жылдан аса уақыт бұрын төрт аяқтылар арасында чемпион болып оралған ғарышкер иттерді қарсы алған ерекше елді мекен.

Ғарыштан Қайыңдыға қонған иттер

Халықаралық авиация және ғарыш­керлер күні қарсаңында осынау тарихты еске салып қой­ған артық болмас. Оның үстіне биыл – ит жылы ғой. Сонау зеңгір көкке, тылсым ғарышқа адамнан бұрын жол салған да адамзаттың адал достары еді.

Ғарышкер иттер

Жалпы, тіршілік иесін ашық ғарышқа шығару идеясы 1940-жылдардың соңын­да-ақ ойластырылып, Кеңес Одағы 1951 жылы 22 шілде күні таңғы 4-те Бөкей ордасының іргесіндегі Капустин Яр полигонынан «Р-1В» геофизикалық зымыранын ұшырып үлгеріпті. Жердің тартылыс күшін жеңіп, шырқау биікке шыққан алғашқы тіршілік иелері – Дезик пен Цыган есімді қанден иттер еді. Сол жылы бі­рі­нен соң бірі алты сынақтың төр­теуі сәтті, екеуі сәтсіз болып, 4 ит құрбан болған.

КСРО-дағы ғарыш сынағы­ның екінші кезеңінде – 1954-1957 жылдар аралығында иттер ғарышқа – 9 мәрте, зерттеудің үшінші кезеңі өткен 1957-1960 жылдары 12 мәрте көтеріліпті.

Бірақ бұлардың бәрі геофи­зикалық зымыран болатын. Жер орбитасын айналып ұшатын ға­рыш кемесінің кезегі енді кел­ген еді. Орбитаға алғаш шық­қан жан иесі тағы да ит бол­ды. 1957 жы­лы 3 қарашада Байқоңыр­дан «Спутник-2» зымыраны көтерілді. Оның бортындағы Лай­­ка байғұстың басы ажалға бір­ден-ақ байланған екен. Өйт­кені ғылым мен техника мүмкін­дігі «ғарышкердің» Жерге тірі ора­луын қамтамасыз ете алмай­тын. Лайка ғарышта жеті сағаттан кейін қатты қорқу мен қызудан жан тапсырған.

Бұдан кейін тағы 6 зымыран, 10 ит көкке көтеріліп, ғарышкер иттердің алтауы ғана аман-есен оралыпты. Тіпті 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа алғашқы адам – Юрий Гагарин барып келген соң да иттерді сынау тоқтамаған.

Ветерок пен Уголек

Ал енді Қайыңдыға қонған қос итке келейік.

Адамның ғарышта ұзақ болуын сынау мақсатында 1966 жыл­дың 22 ақпаны күні көкке «Кос­мос-110» кемесі жіберілген екен. Оның бортында Ветерок пен Уголек есімді кәдімгі дүрегей иттер болды. Бұл иттер ғарыш кеңіс­тігінде 23 күн жүзді! Бұл сол кез үшін ғаламат рекорд еді. Қос иттің сол рекордын арада бес жыл өткенде, 1971 жылы ұш­қан «Союз-11» экипажы ғана жа­ңартты. Бірақ ғарышта 24 күн бол­ған Георгий Добровольский, Владислав Волков және Виктор Пацаев 1971 жылы 29 маусым күні қону сәтінде қаза тапты. Ал Ветерок пен Уголек әлі күнге дейін ғарышта ең ұзақ болған иттер болып қалды.

Бір қызығы, Ветерок пен Уголек 1966 жылы 17 наурызда Ресейдің Саратов облысы аумағына түсуі керек болған. Бірақ ғарышкер иттер отырған капсула көзделген межеден 60 шақырым ауытқып, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылының Қисмет қыстағының іргесіне қонған.

– 1966 жылы 17 наурыз күні са­ғат 10 шамасында ерекше «гүрс»­ еткен дауысты естіген Қис­­мет қыстағының малшылары жал­­ты­раған жұмыртқа тәріздес бір нәрсенің жерге түскенін кө­ріп­ті. Аспаннан екі ұшақ бақылап ұшып жүрген. Артынша 5-6 тік­ұшақ келіп, әскери адамдар әлгі маңды түгел қоршап ал­ды, – дейді Қайыңды орта мекте­бінің директоры Серікжан Сүлей­менов.

«Қисмет қыстағына ғарыш кемесі қонды» деген хабарды ес­тіген Қайыңды ауылының бір топ тұрғыны трактор тіркемесіне тие­ліп межелі жерге жетеді. Ауыл тұрғындары Есенияз Ер­мұханов, Өмірзақ Сапаров, Қаб­дол Мұхамбетов, Тілекқабыл Ғаб­дуллин, Қайыр Шалабаев, Қайыр­ғали Жұмағалиев, Сәтекен Сұлтанов, Кәрім Мұхамбетов ғарыш кемесі қонған жерге жеткенде биіктігі 2,5 метр, ені 1,5 метр шамасында, құстың жұмыртқасы тәріздес шар иллюминатор терезесі жалтырап, шалшықтың ортасында жатады. Бірақ 100 шаршы метр аумақты қоршап алған он шақты жауынгер мен бір полковник ауыл адамдарына кемеге жақындауға рұқсат етпейді. Бүйірінде крест белгісі бар тікұшақ Қайыңдыға қонып, жол көрсетуге мектептің математика пәнінің мұғалімі Жолдығали Кенжеғалиевті отырғызып, кеме қонған жерге жетеді. Бірақ келген адамдар батпақта жатқан капсулаға жақындай алмай, жергілікті дүкеннен резеңке етік сатып алып киіп, ақ халатты төрт адам ғарыштан түскен шарға жақындайды.

Ақ халатты адамдар иллюминаторды ашып, ішінен қайыс белдіктері айқыш-ұйқыш, қара ала екі қанден итті алып, тікұшақ дереу көкке көтеріледі. Екінші тік­ұшақ «иттердің үйін» және темір сымдар мен самаурындай жалтыраған қалпақты тиеп алып, олар да ұшады.

КСРО Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі медициналық-био­логиялық проблемаларды зерттеу институтының ғылыми қыз­­мет­кері Е.Н.Юмашева-Журав­лева естелік жазбаларында «кеш­кі сағат 19.00-де иттер зерттеу орталығына жеткізілді» деп жазады. Иттердің капрон киімдерін шеш­кенде, түктерінің түгел тү­сіп, терісі қызылшақа болып қалған екен. Уголек пен Вете­рок әуелгіде өте әлсіз болған, аяқ­тарын баса алмай, жүрек қағысы жиілеп, шөл қысып шаршап оралған. Алайда арада аз күн өткенде иттер тез оңалып, институт ауласында асыр салып жүріпті. Ғарыштан оралған Уголек 1976 жылы, Ветерок 1978 жылы әбден қартайып өлген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы