13 Сәуір, 2018

Әдебиет пен әдеп

3133 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиет пен әдеп – мағынасы әртүрлі болғанымен, тегі бір, түбі бір, туыс сөз­дер екенін байқасақ керек-ті. Рухи тұр­ғыдан жақын. «Әдебиет – ардың ісі» деп қайталаудан жалықпай келеміз. Ал ар-ожданның көрнекті тұсында, алдыңғы шебінде әдеп тұрады емес пе. Шынымен-ақ қазақтың бас хакімі айтқандай, «ар ұялар іс қылмас ақыл зерек». Демек әдептен аттаған, ар ұялар іс қылған, қарапайым кісілік мәдениетінен құралақан адам қанша дарынды, тумысынан талантты болса да, халық сүйген ардақты ақын, жампоз жазушы болып та жарытпасы хақ.

Әдебиет пен әдеп

Әдебиет  –  асыл сөз, өмір оқулығы. Әдебиет жалпы мәдениетпен, ішкі мәдениетпен, жан сұлулығы һәм мейірім-махаббатпен үйлесіп, үндесіп жатады. Осынау адами асыл қасиеттермен арасында шек, шекара, кедергі-бөгет болмайды, болмақ та емес. Өмір оқулығы миссиясын зор жауапкершілікпен адал арқалаған әдебиет, сайып келгенде, адамдардың, тұтас ұрпақтардың, бүтін халықтың тәрбиешісіне де айналмақ. Ол жас ұрпақты, жаңа адамды, Алашым деген елжанды азаматты тәрбиелейді, мың-миллион адамдардың болашақ тағдырын айқындап анықтайды. Осы тұрғыдан келгенде әрбір халықтың өзін сыйлайтын ұлттық әдебиеті, оның ішінде қазақ әдебиеті, осынау ардақты мәртебеге лайықты әрбір ақын-жазушымыздың, әрбір әдебиетші қалам иесінің шығармашылығы қашан болмасын Ұлт әдепнамасы биігінен табылуы тиіс деп ойлаймыз.

Әмбеге мәлім, кез келген әдебиет туын­дысының негізгі зерттеу нысаны, ондағы орталық тұлға адам десек, адамшылық әліппесі әдеппен ашылары шүбәсіз. Әдебиет – өмір мен тұрмыстағы әдептің айнасы. Ата-ана мен орта, қоғам ғибраты өз алдына, өскелең ұрпақтың әдебиеттен алар әдеп өнегесі аз емес. Сол үшін де әдебиетіміздің ұлт тәрбиешісіне қойылар талаптарға, әдеп пен ізгілік қағидаттарына сай болмағы лазым.

Қазақ әдебінің қайнары – жыраулар поэзия­сында. Бұқар жырау мен Шал ақын жырларында ерен биікке көтерілген, жат мінез бен анайылықты бойына еш жұқтырмаған әдеби әдеп Абай өлеңдерінде, ғақлия сөздерінде барынша кемел көрініс табады. «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін, жұртты шарлап» деген хакім сол заманның әдеби әдебі қандай болмағын әдемі кестелей келе: «Сый дәметпе, берсе – алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?» деуі сөз ұстаған өнер иесінің бекзат тазалығын ардақтап алға тартады. Мысалы, Ақан сері тәбәрік берілетін, олжа түсетін жерде ешқашан өлең айтпаған екен, жолды өзінің ұстазы Орынбай ақынға беріп отырыпты. Мерейтойларда оқитын өлеңдеріне такса белгілеп, конверт алып, шапан киюге құмартып құнығып алған бүгінгі одашыл кейбір ақындарымыз осыны қаперге алса, құба-құп.

«Әзірет Әлі», «айдаһарсыз» сөз айту, өлеңде «алтын иек, сары ала қызды» дәріп­теуден сақ болу «кәрілікті жамандап, өлім тілеп» арсызданбау Абай заманының ғана емес, бүгін таңдағы да әдеби әдептің өзегі, көкейкесті мәселесі болып табылады. Жеке тұлғаларды, қалталылардың ата-бабасын асыра дәріптеп көркем шығарма-сымақ жазу да әдебиеттің әдебінен шет нәрсе. Ардың ісі деп айта алмаймыз.

Әрине кез келген әдеби ортада әдебиет мәселелері бойынша, қоғам мен халықты толғандырған түйткілді жайттар жөнінде пікірталас, тіптен, айтыс-тартыс орын алуы заңдылық.Ой-пікірлердің бүкпесіз айтылғаны дұрыс. Онсыз шындық ашылмайды, ақиқат айқындалмайды. Бірақ пікір таластырудың жөні осы екен деп басқа шауып, төске озудың, мәртебелі мінберлерді ұрыс-керіс пен байбалам-балағаттың мибатпақ майданына айналдырудың еш қисыны жоқ. Шығармашылық былай қалып, жеке басқа тиісу, атам заманғы пендешілік кірбің-кикілжіңдерді термелеу әдебиетші мен ақын-жазушы атына абырой әпермесі хақ. Бұл дегеніміз еш ақылға да сыймауы былай тұрсын, әдеби де, адами да әдеппен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сорлылық дер едік.

Біз бұл қынжылысты назалы сөздерді жайдан-жай жазып отырған жоқпыз. Соңғы уақыттарда қазақ жазушыларының арасында, әдеби ортада осы айтқандай келеңсіздіктер, келіспеушіліктер, әдеби әдеппен сыйыс­пайтын жайлар белең алып бара жатқанын байқаймыз. Тіптен, тірілерімізді түгендеп болмай, аруақтармен алысатын, сүйегі баяғыда қурап қалғандарға ауыз салатын арсыз үрдіс шығыпты. Ұлыларымыздың өзін нөмірлеп, мынау анадан артық, жоғары, биік немесе пәс, төмен деп, бағасын сантиметрмен өлшеп беретін болыппыз. Осыған біз, жұқалап айтқанда, аң-таңбыз. Өзіміз кітап оқымайды деп кінә тағудан жалықпайтын жамағат қауым да мұндай-мұндай ерсі қылықтардың жазушы қауымға жараспайтынын аңдап, біртүрлі мұңайып қалғандай. 

Қазақ әдебиеті дүниеге ұлы туындылар, керемет шығармалар берген, беріп те жатқан кемел әдебиет. Қазақ жазушылары қашаннан-ақ ұлт зиялыларының алдыңғы шебіндегі ақтаңгерлері, ұлттың ұяты саналады. Осындай үлкен миссия арқалаған қасиетті орта болашақта болымсыз әңгімелерге бой алдырмайды, тұңғиықтағы түбінен тазаланатын телегей теңіздей жазушының азаматтық арына, әдебиеттің әдебіне кіршік шалдырмайды деп сенеміз. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»