02 Желтоқсан, 2011

Келешегі кемел ерен кәсіпорын

355 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Құрылыс қарқынды жүруде Ақтаудағы «Каспий Битум» зауытының құрылысы еліміздің үдемелі инновациялық-индус­трия­­­лық даму бағдарламасы аясын­да­ғы аса маңызды серпінді жоба­лар­­дың бірі саналады. Қазір зауыт­­тың құ­ры­лыс жұмыстары қарқын алуда. Жо­баның құры­лыс-мон­таж жұ­мыс­тарын қазақ­стан­дық «ҚазСтройСер­вис» акционерлік қоғамы және қытай­лық CITIC Construction Co., Ltd компания­лары­нан құралған консорциум атқаруда. Аталмыш жобаның жалпы құ­ны 290 млн. АҚШ долларын құ­райды. Жобаның 80 пайыз қар­жы­сын «CITIC Group» компания­сы­ның кепілдік беруі арқылы Bank of China қамтамасыз етсе, қалған қаржы «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тең үлес салуы арқылы құралады. Зауыт­тың құрылыс-монтаж жұмыс­та­ры 2010-2012 жылдар ара­лы­ғын­да жүргізіліп, құрылыс 2012 жыл­дың аяғында пайдалануға беріледі. Сол кезде зауыттың жылдық өнімі 406,5 мың тонна жоғары сапалы, еліміздің клима­ты­на сай келетін жол битумдары болмақшы. Жобаның құрылыс жұмыс­тары шартты түрде екі бөлімге бөлінген. Олар жалпы зауыт қо­жалығы және технологиялық ны­сан­дар. Жалпы зауыт қожа­лы­ғы­ның құрылысын қазақ­стан­дық «ҚазСтройСервис» АҚ тех­но­ло­гиялық нысандар құрылы­сын Қы­тай Халық Республи­ка­сын­­да жасалынған технология жә­не өн­дірістік құрал-жаб­дық­тар­дың негізінде қытайлық  CITIC Cons­t­ruc­tion Co., Ltd серіктестіктері жүргізуде. Жалпы, зауыт қожалығында қазіргі таңда 24 резервуарларда және олардың айдау қондыр­ғы­ларында, 14 қатты битум сақтай­тын қоймаларда, зауыттың жеңіл фракциялары мен вакуумдық газойльдерін құятын темір жол мен темір жол эстакадаларында, авто­көлікке сұйық битумды құятын стансасында, өртке қарсы объек­ті­лерінде және тағы да басқа ны­сандарда қызу құрылыс жұмыс­тары жүргізілуде. Бұл жұмыс­тардың механикалық аяқталуын осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Технология бөлімінде жердің нөлдік жұмыстары мен іргетасын құрас­тыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, зауыт қожалығындағы ішкі инженерлік жүйелер және автоматтандырылу, электрлен­ді­рілу жүйелері, басқа да инфра­құ­рылымдық жұмыстары және де технологиялық бөлімдері келесі жылдың үшінші тоқсанында жү­зе­ге асырылмақшы. Бүгінгі күнгі атқарылған жұ­мыстарға тоқталсақ, 22 резервуар­дың 80 пайызға жуық жұмысы ат­қарылды. Жыл аяғында оларға гид­равликалық байқаулар өткі­зі­ліп, келесі жылы күн жылына іші-сыртын бояу жұмыстары жүр­гізіледі. 14 қойманың қабыр­ға­лары биіктеп, жұмыстары жартылай біт­се,  8-інің іргетасы қалануда. Жобаны жүзеге асыру бары­сын­­да құрылыс жұмыстарына жал­­пы саны 1000-нан аса жұ­мыс­­шы­лар тартылып отыр, жоба іске қо­сылған соң 500-ге жуық инженер­-техник мамандар мен жұ­мыс­шы­лар тұрақты түр­де жұмыс орын­дары­мен қамта­ма­сыз етіледі деп жоспарлануда. Ол жұ­мыс­шы­лар­дың 90 пайызы­нан астамы жергілікті мамандардан құралады. Зауыт­тың құры­лыс жұмыстары сатысында қы­тай мамандары тек қана монтаждау жұмысын бас­қа­ру­шылар (шеф-монтаж) ретінде қатысады. Өйткені негізгі қондыр­ғылар мен құрал-жабдықтар әлем­ге белгілі қытай қондырғылар да­йындау зауыттарында жасалы­на­тын өнім­дер болып келеді. Сонымен қатар жобаның тап­сырысшысы «Caspi Bitum» БК» се­ріктестігі тарапынан тауарлар, жұ­мыстар және қызмет көрсету бары­сында қазақстандық үлестің мөл­шерін ұлғайтуға баса мән беріліп отырғандығын айтқымыз келеді. Көлік және коммуникация ми­нистрлігінің мәліметі бойын­ша, 2011-2015 жылдары Қазақ­стан Республикасының битум өніміне жалпы мұқтаждығы 600 мың тонна болса, оның 400 мың тоннасы Ақтау битум зауытында өндіріледі. Сондықтан да бұл зауыттың келешегі зор, мәртебесі биік деуге болады. Қорыта айтсақ, мемлекеттік үдемелі инновациялық-индус­трия­­лық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан битум зауытының құрылысы мен іске қосылуы еліміздің жол-көлік са­ла­сының дамуына, өлкедегі әлеу­меттік жағдайдың жақсаруына үлкен үлес қосатыны анық. Аслан МЫҢБАЕВ, «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  бас директоры.   Дерек пен дәйек Каспий битум зауыты жобасының жалпы құны 290 млн АҚШ доллары мөлшерінде. * * * Аталмыш зауыт 2012 жылы іске қосылып, өнім шығара бастайды. * * * Көлік және коммуникация министр­лігінің мәліметі бойынша, еліміздің битум өніміне мұқтаждығы 600 мың тонна болса, аталмыш зауыт жылына 400 мың тонна сапалы битум шығарады. * * * Зауыттың негізгі шикізаты Қаражанбас кен орнынан шығатын ерекше сапалы мұнай. Және де ол өнім құбырмен зауыт құрылысы жүріп жатқан жер арқылы өтуде. * * * Бұл күндері зауыт құрылысына 1000-ға жуық жұмысшы тартылған, ал жоба іске қосылғанда 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. * * * Қазыналы түбекте алғаш салынудағы зауыт­тың болашақ мамандары мен жұмыс­шылары­ның 90 пайызынан астамы жергілікті тұр­ғындар болмақшы.   Тойға тартуымыз – еселі еңбек Қазыналы түбек соңғы жылдары алып құрылыстар алаңына айналып келеді. Әсем Ақтау мен ауыл, елдегі құрылыстарды көр­генде көңіл қуанады. Қала ішіндегі автокөлік жолдары қан­дай тегіс, үнемі таза ұсталады. Оның бәрі тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да игі әсер етеді екен. Сайып келгенде мұның бәрі егемен еліміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алып қадамы, биік асулары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тыным­сыз ерен еңбегі, сарабдал саясатының жемісі екендігін халық жақсы біледі. Солардың бірі мен өзімнің еліміздегі халық үшін аса қажетті зауыттарды салуға үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Қуа­на­мын. Олай дейтінім осыған дейін Батыс Қазақстан об­лысындағы Қарашығанақ газ өңдеу зауыты құрылысында жұмыс жасап, оның салтанатты түрде пайдалануға тапсырыл­ған­дағы халық­тың қуанышы әлі есімде. Өйткені ол «көгілдір отынды» халық игілігіне қажетінше жаратуға жол ашты. Ал бүгіндері жұмысы қарқынды жүрудегі Каспий битум зауыты өнімі өңіріміздің көлік жолдарын жаңалап, жаңа жолдарды төсеуге бағытталған бағалы байлық. Яғни, ауыл-ел арасында жүздеген шақырым асфальт жол төселеді. Алыс жақындай түседі. Барыс-келіс көбейеді. Үл­кен қуаныш емес пе? Сол үшін біздің бригада уақытпен санаспай жұмыс жасап, зауыт құрылысы келесі жылы ойдағыдай аяқ­талуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Мұнда еңбек етуге де, демалуға да жақсы жағдай жасалған. Қажетті құрал-жаб­дықтар да уақытында жеткізіліп отырады. Сондықтан біз қолға алған зауытішілік темір жол құрылысы мерзімінен бұрын орын­далғалы отыр. Бұл құрылысшы әріптестерімнің ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерейтойына деген еңбек тартуы болмақшы. Айболат МҰСАҒАЛИЕВ,  прораб.         Заман талабына сай зауыт Ақтау қаласында битум зауыты салынады деген хабарды естіп қуанғандардың біріміз. Өйткені біздің күнделікті жұмысымыз көлік жолдарын салу және жөндеу. Ал оған қажетті битумды Маңғыстау жол материалдары комбинаты мен Ақтау жол құрылысы зауыты арқылы Ресейден алып жүрміз. «Кісідегінің кілті – аспанда» дегендей, кейде тапсыры­сымыз уақытында орындалмай қиналатын кездеріміз де жоқ емес. Біздің кәсіпорын жалпы ұзындығы 150-160 шақырымға созы­латын қалаішілік, шағын аудандар аралық және қала сыртындағы да мекемелер мен кәсіпорындарға баратын көлік жолдарына күтім жасайды. Күзгі жауын-шашын, қыста түскен қардан соң жыл басынан-ақ жөндеу, қалпына келтіру қажет болып жатады. Яғни жолдардағы мыңдаған шаршы метр жарам­сыз жерлерге мыңдаған тонна битум қажет болады. Нарық заманы, алыстан әкелінетін өнім бағасы да жыл сайын көтеріліп, бұл күндері 1 тоннасы 150 мың теңгеге жеткен-ді. Бірақ қиын да болса жергілікті биліктің көмегімен қажетті битум алынып, жолдар бірқалыпты күтіліп келеді. Ал облыстағы Каспий битум зауыты іске қосылып өнім бере бастағанда біраз қиыншылықтардан құты­лып, жұмысымызда соны қарқын болатын­дығына орай қуанып отырмыз. Тәуелсіздік нәтижесінде қол жетіп, көз көріп отырған жетістіктеріміз баянды бола берсін. Қылышбек СҮЛЕЙМЕНОВ, Ақтау қала жолдары МКК-ның директоры.         Үлкен іске үлес қосудамын Біраз жылдан бері айтылғанмен қағаз жүзін­де қалып келген битум зауытының Тәуел­­сіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынуы қуаныш­ты жағдай. Олай дейтініміз, жолдар тіршілік тамырлары екендігі белгілі. Енді осы зауыт өнім бере бастағанда аудан, қалааралық жолдар жүйелі жөнделіп, ауылдар мен елді мекендер арасында қатқыл табанды көлік жолдары көптеп салынады. Ауыл адам­дары жол қиындығын жеңіп, тұрғын­дардың тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі. Екінші жағы­нан жүздеген жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт құрылысы келесі жылдың аяғында аяқталады. Олай деуге анық негіз бар. Қазір жоспарланған жұмыстар кестесі дәлме-дәл орындалып келеді. Әрқай­сы­сына 5 мың, 1 мың текше метр мұнай сыятын алып 24 резер­вуардың құрылыстары 80 пайызға жуық, дайын өнімдер үшін салынатын 14 қой­маның 8-і жартылай бітуге жақын. Осы жыл аяғында олар түгелге жуық салынып бітеді. Келесі жылы құрал-жабдықтарды монтаждау жүзеге асады. Аталған жұмыстардың ойдағыдай жүруі үшін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Еңбекақы уақтылы беріліп келеді. Өзім туралы айтсам, мен құрылысшы, инженер-механикпін, маусым айында жұмысқа қабыл­дандым. Құрылыстағы 1 мыңға жуық адамның бірімін. Ел еңсесін көтеріп, жүздеген әріптес­терімнің болашаққа деген сенімін нығайта түс­кен зауыт құрылысынан күтеріміз көп. Сәтін салса, келешекте қазыналы түбек­тегі ерекше кәсіп­орын болып есептелетін битум зауы­тында жұмы­сымды жалғастырамын деген ойым бар. Сөйтіп, өлкеміздің өркендеп, абы­ройымыздың өрлей беруіне үлес қоспақ­пын. Ел тәуелсіздігінің арқа­сында қол жетіп, салынып жатқан Каспий битум зауыты түлеген түбекті әлемге таныта түсетін келешегі зор кәсіп­орын болатындығына сенемін және де оның құрылысына үлес қосып жүргеніме қуа­ныштымын деп айта аламын. Балтабек ЖАЙЛЫБАЕВ, құрылысшы, инженер-механик.   Айқарма беттегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ, суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.