Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Шымкентте Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті

691 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының жоғары оқу орындарында білім алатын 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана бар. Соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында студенттерге арналған тағы екі жатақханның құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр.

Шымкентте Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі отырысында  ОҚО әкімі Ж.Түймебаев осындай деректер келтірді.  Еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысқан пленарлық отырыс ашық әңгіме форматында өтті. Қатысушылар алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған кешенді көрмесіне қойылған жұмыстармен танысты. Ал кеңес отырысының күн тәртібінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясындағы қазіргі қазақстандық жастардың құндылық пайымдары және өзекті аспектілері мен жастардың мәдени – демалыс қызметтерін ұйымдастыру жайы қаралды. Дін істері және азаматтық қоғам министрі, ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Дархан Калетаев елімізде жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталған өзекті мәселелерге тоқталды. Мысалы, жастардың 97 пайызы Қазақстан азаматы екенін мақтан тұтса, 92 пайызы өзін ел патриоты санайды. «Дегенмен, бетін аулақ қылсын, сауалнамаға қатысқан жастардың 8 пайызы ел қорғау қажет болса қолға қару ұстауға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, жастарымыздың денсаулығы да алаңдатарлық жағдайда», - деді Д.Қалетаев. Зерттеу нәтижесінде жастардың 49,9 пайызы кітапханаға бармағаны, 83 пайызы ғаламторда көп отыратыны анықталған. Дегенмен жастардың 82,8 пайызы отбасын басты құндылық санайды.

Кеңесте қоғамдық сананы жаңғырту және жастардың мәдени – демалыс қызметтерін ұйымдастыру туралы Мәдениет және спорт министрі, «Жас Отан» жастар қанатының, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағалары, жас кәсіпкерлер баяндама жасады. Тек студенттермен ғана емес ауылдағы жастармен, жұмыссыз жүргендермен жұмыс істеу, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жастар жобаларын әзірлеу және ұлттық құндылықтарды зерттеу, қолдау орталықтарын ашу қажеттігі айтылды. Кеңес мүшелері Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын мақұлдады.

Жиын қорытындысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар министрліктер мен әкімдерге жастардың мәдени-демалыс орындарын қажетті материалдық-техникалық базамен нығайту, спортпен шұғылдануына жағдай жасау, спорттық мәдени үйірмелерге тегін қатысуына қолдау көрсету, жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, мұражайға баруына жағдай жасау, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жастар саясатының даму барысы және жастарға қолдау шаралары туралы ақпарат тарату, жастарға жасалатын жеңілдіктер мен төмен бағалар, сол орындардағы жұмыстар жайлы алдын ала таныстырып отыруды тапсырды. Жалпы отырыстан кейін кеңес мүшелері өңір жастарымен «ашық әңгіме» форматында кездесулер өткізді.

Айта кетелік, облыстағы жастардың саны 750 мың шамасында, яғни, облыс халқының жалпы санының 26 пайызын жастар құрайды. Сондықтан да жастарды жұмыспен қамту жергілікті биліктің басты назарында. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 905 жас маман, «Жастар практикасы» бойынша 5204 жас жұмысқа орналасты. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген 15 мыңнан астам мемлекеттік гранттың 50 пайызы немесе 7587-сі Оңтүстік жастарына тиесілі. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланушы жастардың саны да күннен күнге артып, 2015 жылмен салыстырғанда 53,1 пайызға артқан.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы