02 Желтоқсан, 2011

Әлем алдында жүзіміз жарқын

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Президент те – Адам! Біздегі ет-жүрек Президентте де бар! Сондықтан ол да толқиды, ол да толғанады! Алайда, біздің жүрек тол­қуы­мыз бен толғаныстарымыздың ара-жігін ажырата сөйлер болсақ, Елбасының жүрек толқулары мен толғаныстары тұтаса біткен қа­лың елінің тұтаса біткен талайлы бір талаулы тағдыры болатын! Замана мен дәуірдің қилы да аласапыранды тар жол, тайғақ ке­шу­лерінің аумалы да төкпелі ке­зеңдерінен туған елін аман алып өту ғана толғандырып келді, әлі де сол жай толғандырады Елбасын! Қай бір қатал да қаһарлы тажал ғасырлардың тауқыметі мен қасіретін де, зардабы мен залал-зауалын да көп тартқан туған хал­қын жиырма бірінші ғасырдың, мына біз өмір сүріп отырған жаңа дәуірдің жақсылықтарына ілестіріп жіберсем деген арман-мүд­демен толқып, толғанған еді Елбасы! Біз осыдан жиырма жыл бұ­рын тәуелсіз ел болғанымызды ай­дай әлемге батыл жария­ла­ған­нан кейін, сол айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадамдар жа­са­уымыз да керек еді. Соны жасай да білдік! Және де соны жасай білген де бір ғана адам болатын. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Сол батыл үнімен, сол батыл қадамымен жер-жаһанның өрек­піген саясаткерлерін де, өркениеті бар мемлекеттерін де қазақ еліне де, өзіне де қарата білді Елбасы! Біздің Елбасы дүниедегі бар­лық мемлекеттердің басшыла­ры­мен де, саясатшыларымен де тең сөйлесіп, тіл табысып, Қазақ­стан­ның мүддесін бәрінен де жоғары қойып, елімізді аса қысқа кезеңде әлемге таныта білді! Қазақ елінің және оның Көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы На­­зарбаевтың әлем алдындағы абы­ройының жоғары, беделінің ас­қақ, жүзінің жарқын, сөзінің өтімді, ойының ұтымды, пікірінің пайымды, айтқаны келетін де тұ­ратын қасиетін әлем түгел танып, бір ғана қазақ мемлекетінің ал­дын­дағы емес, Адамзат өркениеті алдындағы ұлы ерлігін танып та, біліп те отыр десе де болғандай! Біз бүгін Елбасы туралы Конс­титуциялық заңға өзгерістер енгізе отырып, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әб­іш­­ұлы Назарбаевқа «Халық Қа­һар­маны» атағын беру жөнінде шешім қабылдау арқылы барлық қа­зақстандықтардың ерік-жігерін де және қалың елдің тілегін де ор­ындап отырмыз. Сөйтіп, дүние жүзі алдындағы жүзіміз де жар­қырай түскендей. Біздің бұл шешіміміз тарихи шешім! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.