Аймақтар • 14 Сәуір, 2018

Өскеменде «Қанипа әлемі» апталығы қорытындыланды

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында ғылым күні аясында «Қанипа әлемі» апталығы қорытындыланды.

Өскеменде «Қанипа әлемі» апталығы қорытындыланды

Апталық шеңберінде облысымыздың Өскемен, Семей қалалары мен аудандарынан келген оқушылар әйгілі ұстаз, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, тіл жанашыры, саналы өмірін ұлтымыздың ұлыларының мұраларын насихаттауға бағыштаған Қанипа Бітібаеваға арнаған өлеңдерін оқып, нақыл сөздерін жатқа айтып, сүйіп тыңдаған әндерін нақышына келтіре орындады.

«Бұл апталық осымен төртінші жыл қатарынан қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Апталық аясында тоғыз құмалақ ойынынан қалалық турнир өткізілді. 8-10 сынып оқушылары ұстазға арнаған ғылыми жобаларын қорғады.

Төртінші күні оқушылар аспанға зымырандар ұшырды, яғни олар зымырандар байқауына қатысты. Әкеміз Омарғалидың анамызға айтқан өсиеті көрініс ретінде сахналанды. Апталық қорытындысында Қанипа Бітібаеваның досы Шолпан Жиенбаева, шәкірттері Түсіпхан Түсіпбеков пен Айгүл Қапиратқызы ұстазы туралы толқып сөйлеп, тебірене естеліктерін айтты. Туыстары мен сіңлілері де шараға белсене қатысты. Осы ретте іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп директоры Нүркен Акимовқа, тоғыз құмалақтан жаттықтырушы Асқар Рамазановқа, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Қарлығаш Сағиеваға, Жәния Әлдебаеваға, Меруерт Мұқашеваға алғысымды білдіргім келеді», - дейді апталықты ұйымдастырушы, Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының ғылыми инновациялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева.

Апталықтың қорытындысында Семейдегі №37 орта мектептің мұғалімі Құралай Жакенова «Үздік зертхана жетекшісі», Аягөздегі №6 орта мектептің ұстазы Жанар Саяжанқызы «Үздік орталықтар» аталымдарымен марапатталды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»