02 Желтоқсан, 2011

Еліміздің мақтанышы

2232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан халқының сонау алмағайып, аласа­пы­ран заманда 1991 жылдың 1 желтоқсанында өзінің Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлауы, хал­қымыздың үлкен парасаттылығының, Елбасыға деген үлкен сенімінің белгісі еді. Осы зор тарихи оқиға әрбір отандасымыздың санасында салтанатты күн болып қалды. Жақсы күн жарқын жалғасын тапты. Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен тәуел­сіз­дік жылдарында республикамызда жүз жылға татырлық істер атқарылды. Елбасы экономикасы тығырыққа тірелген, саяси дағдарысқа ұшырау алдындағы Қазақстанды жаңа дәуірлік жарқын күндерге жетелеп алып шықты. Шынында да, осы қысқа уақытты оймен шолып шықсақ, еліміз тәуелсіздік алып, іргесін бекіткен, халқымызды қуанышқа кенелткен, шабытына ша­быт қосып, жігерлендіре түскен, бұрын-соңды түсі­мізге де кірмеген, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйін­діретін, бейнелеп айтсақ, талай ғажайып­тардың куәсі болғанымыз анық. Саясатта болсын, экономикада болсын, әлеумет­тік салада болсын Қазақстан өзгелерге үлгі бола­тын­дай дәрежеде даму үстінде. Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен «Қазақстан-2030» атты стратегия­лық бағдарлама қабылдап, еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын алдын ала белгіледік. Нәтижесінде, Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асы­ру­да кешегі Кеңес Одағы республикаларының алдына шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады. Кезең-кезеңге бөлінген экономиканың дамуының алғаш­қы сатысында «Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырудың бірінші онжылдығы тұжырым­далды. Оны орындаудың барысында елдің ішкі жалпы өнімі екі есеге дейін артып, халықтың әл-ауқаты анағұрлым өсті, ең бастысы – экономикалық даму қарқынды сипат алды. Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі қазірдің өзінде Шығыс Еуропадағы бірқатар елдерге теңесіп қалды. Осы жылдары зейнетақы мөлшері 4,5 есе, жалақы 5,5 есе артқанын айтудың өзі жеткілікті. Енді «Қазақстан-2030» бағдарламасының екінші он­жылдығына арналған міндеттер іс жүзіне асырылуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылып жатқан жүздеген өндіріс орындары, Батыс Қытай – Батыс Еуропа жол құрылысы, Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ – Қорғас газ құбыры тағы басқа да ондаған, жүздеген объектілер еліміздің экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жаңа сатыға көтереді. Әлеуметтік салада да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүздеген мектептер мен ауруханалар, «Балапан» бағдарламалары аясында балабақшалар, ауыз су жүйелері салынуда. Кадр даярлау жөніндегі бұдан 16 жыл бұрын дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы мен еліміздегі маман кадрлар даярлау жөніндегі қазіргі заман талабына сай міндеттер тұрақты күн тәртібіне қойылды. Елбасы азат күндердің алғашқы тынысынан бастап қазақ тілінің мәртебесі мен мерейін көтеру, оның пайдаланылу және қолданылу аясын кеңейту тұрғысында үнемі қам­қорлық пен басшылық жасап келеді. «Қазақ қа­зақпен қазақша сөйлес­сін», деп бұл іске мән беріп, бастама көтерген Елбасымыз одан кейінгі жылдары: «Қазақ­стан­ның болашағы – қазақ тілінде», деген ұста­ны­мын ашып айтып, барша жұртымызды осыған ерекше мән беруге жұ­мылдырды. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына басшылық жасап, халқымыздың көне тарихы мен мәдениетін келер ұрпаққа жеткізетін үлкен іс атқарылды. Н.Ә.Назарбаевтың ең батыл шешімдерінің бірі еліміздің астанасын әсем Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіруі болды. Бұл Елбасымыздың ерлікке  пара-пар ісі болды. Президентіміздің тікелей басшылығымен астана­ға айналған елордамыз бүгінде өте серпінді дамуда. Небәрі 14 жыл көлемінде мұнда жаппай қарқын алған тұрғын үй құрылысын былай қойғанда, ел символы атанған Бәйтеректен бастап, қайталанбас болмыс-бітімді Хан Шатыр, Пирамида, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақстан» концерт залы, «Қазақ елі» монументі, тағы басқа да көптеген әсем ғимараттар бой көтерді. Қазақстанның жүрегі атанып отырған Астананың болашақта мұнан да көрікті бола түсе­тініне ешқандай шүбә жоқ. Астана Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың ғасырлық қолтаңбасы, тәуелсіз еліміздің тарихи жеңісі! Осы орайда Елбасымыздың «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы бүгіннен нұр­лы, бүгіннен жемісті бо­лашағы бар» – деген сөздері еске түседі. Кеу­деңді қуаныш пен шат­тық, өз еліңе деген, Ел­басыға деген мақтаныш сезімі кернейді. Енді екі аптадан кейін еліміздің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Осы тарихи қысқа мерзімде Тәуелсіз Қазақстан Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да жаңарды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Қазақ елін, қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз ал­дымызға келеді, көкірегіңді өз еліңе деген, Елбасыға деген ризашылық сезім мен мақтаныш кернейді. Біз әлемді дүрліктірген қаржы дағдарысының ең қиын кезеңдерін Елбасының сара саясатының арқасында жеңіп шықтық емес пе? Н.Ә.Назарбаевтың данагөй, салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халық­аралық аренада жоғары дәрежеге ие болып, ЕҚЫҰ-ға төраға болды. Әрине, осының бәрі – Тәу­ел­сіз­діктің арқасы, Президентіміздің қажырлы еңбегінің, сындарлы саясатының жемісі. Халқымыздың шексіз ризашылығына бөленген Мемлекет басшысын Қазақстан халқы Елбасы деп үлкен құрметпен атайды. Саналы ғұмырын Тәуелсіз Қазақстанды көркейтуге арнап келе жатқан тұлғаға халық қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Бірақ Елбасы өзінің елге сіңірген еңбегін көрсетіп, еш уақытта атақ-абыройға қызыққанын көрген жоқпыз. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімі өз ұлтымыздың ғана емес, бүкіл түркі жұртының көшбасшысы ретінде төрткүл дүниеге тегіс мәлім деп толық айта аламыз. «Сүйер ұлың болса, сен сүй – сүйінерге жарар ол», деп ұлы Абай өсиет еткендей, бүгінде елін, халқын сүйсінтіп отырған Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазақ­тың мақтанышына, махаббатына айналған ерекше тұлға. «Назарбаевты қазақ халқының бағы үшін бере салған», деп талай елдің әрі қызыға, әрі қызғана айтқан сөздерін сан мәрте естігенбіз. Риясыз көңіл­ден шыққан мұндай мадақтауларға әрбір қазақ­стан­дықтың жүрегі жылып, Елбасымызға деген мақта­ныш сезімі көңілге ұялайтыны сөзсіз. Н.Ә.Назарбаев – өз халқының бар қадір-қасиетін, тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп, халқының сенімін ақтап келе жатқан өз елінің шын перзенті, келешекті болжай білетін, алдағыны ойлай білетін көшбасшысы. Халықтан шыққан қайраткер Тәуелсіз Қазақстан­ның негізін қалаушы, еліміздің экономикасының қар­қынды өсуіне, отандастарымыздың әл-ауқаты­ның артуына қол жеткізген, барша әлем мойындаған қайраткер – тұлға. Бүгінгі таңда дүние жүзінде «Қазақстан» мен «Назарбаев» деген сөздер егіз ұғымға айналды. Сондықтан елім, жерім деген, елдің, жердің қамын жеген Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевпен халқымыз мақтана­ды, құрметтейді, оның амандығын тілейді. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.