02 Желтоқсан, 2011

Жоғары марапатқа әбден лайық

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үкіметтің тұңғыш Президентімізге заңды негізде «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса берілетін «Халық Қаһарманы» атағын тапсыру бой­ын­ша «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға жә­не «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наг­радалары туралы» Заңға толықтыру енгізу туралы ұсынысын Парламент Сенатының депутаттары бірауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады. Біздің осылайша барша қазақстандықтардың ерік-жігерін білдіре отырып, әлемдік саяси сахнада дара тұлғасымен, айрықша қарым-қабілетімен, зор ақыл-ойымен танылған дара тұлғаға жан-жақты қолдау көрсетуіміз өте орынды және солай болуы тиісті жәйт. Жұртшылық Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысына деген шынайы құрметін әркез көрсетіп келеді. Талай рет жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынды да. Бұл жолғы шешімнің жөні бөлек. Бұл заң еліміздің Тұңғыш Президентінің мәртебесіне әбден лайық қарастырылған дер едім. Шынына келгенде, Президентіміз кез келген мемлекеттік марапатқа әбден лайық. Мұның бәрі – 20 жылдың ішінде зор экономикалық-әлеуметтік өрлеулерге жеткізіп, та­рихтың қиын кезеңдерінен дін аман алып шыққан, бүгінде әлемдегі өркениетті елдерге теңестіріп отырған Мемлекет басшысына деген шексіз құр­метіміздің белгісі. Осынау тарихтың қас-қағым сәтіндей қысқа уақытта мемлекет құрып қана қоймай, іргетасын қалыптастыру, бар қажыр-қайратын, күш-жігерін Отанын гүлдендіруге, адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға арнау, осы жолда ұлан-ғайыр ғаламат істер атқару тек біздің Елбасының ғана қолынан келсе керек. Сыртқы саясатта Қазақстанның бейбіт ел ретінде танылуы, экономикалық, әлеуметтік салалардағы табыстар – мұның бәрі Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ел бірлігін сақтап, адамдардың конституциялық құқықтарын қорғауда зор жұмыстар атқарды. Президентімізге деген қазақстандықтардың зор сенімі мен құрметі ешқашан жоғалмайды. Отан ал­дында сіңірген орасан зор еңбегін еш ұмыт­пай­ды. Сенат депутаттары осындай ортақ пікірге келіп, халық көкейіндегі ойды дөп басты. Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,  Парламент Сенатының депутаты.