Әлем • 16 Сәуір, 2018

Соры арылмаған Сирия

4552 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елдегі жағдай ушығып барады.

Соры арылмаған Сирия

Скрипаль оқиғасына байланысты мәселе сәл басыла бергенде, өткен жексенбіге қараған түні Сирияның Дамаск маңындағы Дума қаласында хлор толтырылған бомба жарылып, ондаған адам мерт болғаны туралы ақпарат сол сәтте бүкіл әлемді шарлап кетті. Құрбан болғандардың дені балалар екен. Бұл қайғылы жағдайды Батыс елдері мен Сирия оппозициясы Башар Асад әскерінен көреді, сондай-ақ олар бұған Ресейдің де қатысы бар деп санайды.

Дайын болуға шақырып, доқ көрсетті

Бәрінен бұрын осыған қа­тысты АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге бағыт­тап Пентагон тарапынан жасалуы мүм­кін зымыран соқ­қы­сына дайын болуға шақырып, доқ көрсетуі тым оғаштау болды. АҚШ пре­зи­­­де­н-
тінің әлеуметтік желіде жария­лан­ған бұл жазбасы онсыз да ушығып тұр­ған Ресей мен Батыс арасындағы шиеленісті одан әрі асқындырып жіберді.

Дегенмен Ресей прези­денті Владимир Путиннің өткен сәр­сенбі күні Мәс­кеуде шетел ел­ші­лерінен сенім гра­мотасын қабылдау салтанатында сөйлеген сөзінде айтқан пікіріне қарағанда, ресейлік тарап қандайда бір «зымыран атқылауға» бармайтын сияқты. Геосаяси жағдай­дың ушығып бара жатқанын, ол алаң­­даушылық ту­ғызбай қоймай­тынын атап өткен В.Путин: «Бәрібір түбінде пара­сат­ты­лық үстемдік құрады. Халық­аралық қа­­тынастар өзінің үйлесімді арнасына тү­седі және әлемдік жүйе бұрынғыдан да тұрақты әрі болжауға болатындай қалыпқа келеді деп үміттенеміз», деді.

Осы «химиялық шабуыл» мәселесі сейсенбіде БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінде де сөз бол­ды. Кеңес отырысында Ресей де, АҚШ та Сирияға қатыс­ты өз алдарына жеке-жеке қарар жобасын ұсынған еді. Екі жоба да қабылданбады. Ең дұрысы осы болды. Себебі бұл «химия­лық шабуыл» тыңғылықты зерт­теуді, жан-жақты тал­дауды қажет етеді... Ал Д.Трамп­тың сес көрсетуінен соң Сирия­ның үкімет әскері дереу Хмей­мим­дегі Ресейдің әскери базасына көшірілді. Сондай-ақ Башар Асад әскерінің бас штабы да басқа жерге ауыстырылды.

Көп кешікпей АҚШ Жерорта теңізінің шығысына, дәлірек айтқанда Сирия жағалауына әс­кери-теңіз күштерінің «Гарри С.Трумэн» деп атала­тын ұшақтары бар кемелер то­бын, бірнеше крейсері мен со­­ғыс кемелерін аттандыр­ды. Кейбір ақпараттар бо-
йын­­­­ша, топта АҚШ әскери-те­ңіз күш­­т­ерінің 6,5 мың әс­кери қыз­­­ме­т­­шісі бар. Бұдан бөлек «Томагавк» қанатты зымы­ран­дар­мен жабдықталған «Дональд Кук» эскадралық минатасы­ғыш ке­ме­сі Жерорта теңізіне жетіп үл­гер­­ді. АҚШ билігі осыншама соғ­ыс техникаларының Жерорта те­­ңі­­­зі­нің шығысына қарай «жортуын» жоспарға сәйкес деп түсін­діруде. Са­рапшылар егер қа­жет­тілік туа қал­са, дәл осы кеме­лер Си­рияның әскери ны­сан­дарына соқ­қы беретінін жоқ­қа шы­ғармайды.

Ақ үй басшысы Д.Трамп 11 сәуір­де Сирияға зымыран шабуылын жасау ту­ралы нақты шешім 24-48 сағат ара­лығында қабылданатынын айт­қан еді. Сондай-ақ ол шабуыл жасамас бұрын бірінші кезекте Лондон жә­не Парижбен ақылдасатынын да ес­кертті. Бірақ британдық ақпарат құрал­дарының хабарлауынша, Ұлыб­ри­тания премьер-министрі Тереза Мэй әскери іс-қимылға қосылу үшін Д.Трамптан Сириядағы химиялық шабуыл жөнінде нақты деректерді талап еткен. Бірақ кейін премьер-министр АҚШ-тың ұсынысына қолдау білдірді. Бұған Франция да қосылды. Ал Ресей мен Сирия тараптары бұл айыптауларды теріске шығарып отыр.

Қазіргі кезде ресейліктер өздерінің Сирия аумағындағы әуе қорғанысы күштерін, әскери барлау және шабуыл-
даушы бөлімшелерін соғыс жағ­дайы режіміне келтірген. Сонымен қатар Ресей әскери-теңіз күштері Тартус портынан барлық кемелерін шығарғандығы жөнінде дерек бар.

АҚШ бастаған Ұлыбритания мен Франция елдері беделді халықаралық ұйымдардың қарсылығына қарамастан, 14 сәуірде Дамаск уақыты бойынша таңғы төрттер шамасында Сирияға зымыранмен соққы берді. Бұл жағдай әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.

Пентагонның ақпараттарына қа­ра­­ған­да, бұл жолғы әуе соққысы бұ­дан бір жылдай бұрынғы Сирияның Шай­раттағы әскери базасына жасалған шабуыл­дардан екі еседей күшті болған. Бір жақсысы – адам шығыны туралы ақпарат жоқ. Рас, соққы беру туралы алдымен АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады, одан кейін Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй мәселеге қатысты пікірлерін білдірді.

«Әңгіме азамат соғысына араласу немесе Б.Асад режімін ауыстыруға байланысты емес, деді Т.Мэй. Сирияға берілген әуе соққылары химиялық қаруды қолданып, жазасыз қалуға болады деп санайтындардың барлығына берілген ескерту». Ал Франция президенті Э.Макрон «Сирия қызыл сызықтан өтіп кетті. Біз химиялық қару қолдануына шыдап отыра алмаймыз» деді.

Германия канцлері Ангела Мер­кель де АҚШ, Ұлыбритания және Фран­цияның Сирияға соққы беруін қол­дайтыны туралы мәлімдеді. Сондай-ақ Жапония үкіметі және Түркия да химиялық шабуылға жауап ретінде Сирия нысандарына соққы жасалуын қолдайтынын білдірді.

Ал Иран президенті Хасан Ру­хани Батыс елдерінің соққысы Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен тер­роризмді күшейтуге бағытталып отыр деп санайды.

Ресей президенті Владимир Путин бұл мәселеге «агрессия» деген баға берді. «Бұл БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің жарғысын бұзу болып табылады. АҚШ өзінің осындай іс-қимылымен Сирия халқын гуманитарлық апатқа ұрындырып отыр», деген В.Путин БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақырды. Сенбі күні өткен отырыста Ресей АҚШ-пен оның одақтастарының Сириядағы нысаналарға шабуылын айыптаған қарар ұсынғанымен, да­уыс беру нәтижесінде ол қабылданбай қалды.

Бірқатар мәліметтерге қарағанда, АҚШ, Ұлыбритания және Францияның қарулы күштері Сирия аумағына 100-ден астам қанатты зымырандары мен «Әуе-Жер» класындағы зымырандарын жіберген. АҚШ әскери күштерінің екі кемесі Қызыл теңізден және Жерорта теңізінен соққы берген. Қарулы операция 50 минутқа жуық уақытқа созылыпты. Елдің бірқатар инфрақұрылымдарына зақым келген.

Осы жағдайға байланысты еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты өкілі Қайрат Омаров та мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанның Сириядағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақыратынын мәлімдеді. «Қазақстан «әскери қимыл – Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара» деген ұстанымды қолдайды. Бұл Кеңес кеше болған әскери соққыны мақұлдаған жоқ»,  деді ол.

Қара алтын бақ емес, сор болды

Сирия мұнай өндіруші елдердің қатарында болғанымен, оны саудалап, қыруар пайда тауып жүрді деп айта алмаймыз. Бұл ел Парсы шығанағындағы тарихи ескерткіштерге аса бай мем­ле­кеттердің бірі саналатын... Осыдан біраз жыл бұрын әлемнің көптеген бұқа­ралық ақпарат құралдары Нор­вегия геологиялық барлау ком­па­ния­сының Сирия аумағынан мұнай мен газдың мол қоры табылғаны жө­нінде ақпарат таратты. Табылған он төрт мұнай бассейнінің төртеуі Си­рия­ның Ливанмен шекарасында екен. Бұл кен орындары мұнай өнді­ру­ден тоғызыншы орында тұрған Кувейтпен деңгейлес қара алтын өнді­ру мүмкіндігіне жетеғабыл көрінеді.

Сонымен қатар бұдан басқа тағы төрт кен орнындағы мұнай қоры Кипр, Ливан және Израиль елдеріндегі мұнай қорларымен бірдей екен. Міне, осы мол байлық игерілген жағдайда Сирияның тәулігіне 6-7 миллион баррель мұнай өндіруге әлеуеті жетеді. Бұл – мұнай өндіруден алдыңғы орында тұрған Сауд Арабиясы өндіретін қара алтынның жартысы. Норвег геологтары Сирия аумағынан, сондай-ақ ірі көлемде газ қорын да тапқан. Ел аумағынан табылған осы мұнай мен газдың мол қоры Сирия халқының ба­ғы емес, соры болды. Өйткені ке­зін­де Сирия Қатар елінің өз аумағы арқылы газ құбырын тартуына қарсы болды және өздерінде өндірілетін газды Еуропаға экспорттауды көздеді. Бұл АҚШ-ты одақтастары санайтын Сауд Арабиясы мен Қатарға ұнамайтыны сол кезде-ақ белгілі болған...

Сирия Араб Республикасы страте­гия­лық жағынан алып қарағанда өте қолай­лы аймаққа орналасқан. Себебі бұл мемлекет Еуропа, Азия және Афри­ка құрлықтарының түйіскен тұсында жатыр. Осы құрлықтар елде­рі­нен әрі-бері ағылған жүк тасымалы мен көлік қатынасының Сирия жерін басып өтпейтіні сирек. Мұндай стра­те­гиялық маңызы ерекше ел мен жер­ге әркім де қызығатыны, тіпті көз алар­­татыны анық. Сарапшылар мен сая­­саткерлер Сирияға әуеден соқ­қы бе­рілген кездің өзінде-ақ «Бұл Ва­шин­г-
тон мен Мәскеудің тартысы. Қай­сысы жеңсе, аймақты сол ба­қы­лауына алады» деп айтқандары бү­гінде айна-қатесіз келіп отыр.

Соғыс қасіретін қарапайым халық тартты

Сириядағы азаматтық соғыстың басталғанына сегіз жылдан асты. Бү­гінде ол Таяу Шығыстың ең ауыр со­ғыс ошағына айналды. Осы жылдар ішінде шамамен 400 мың адам өмі­­рімен қоштасқан. Сондай-ақ 3 мил­­лион адам жараланып, 1 миллион адам мүгедек болып қалды деген мә­­лімет бар. Соғыстың кесірінен мил­ли­­ондаған адам босқынға айналып, та­ри­хи ғимараттар қайта түзеуге кел­мес­тей болып үйіндіге айналды.

Иордания шекарасындағы Дера қаласында бас көтерген ел билі­гіне қарсы наразылық шарала­рын атыс қа­рулары арқылы ауыздықтауға ты­рыс­­қан кезде елдің барлық өңі­рін­де қар­сылық әрекеттері бой көр­сетті. Кей­­ін ол қарулы қақ­ты­ғыс­қа ұлас­ты... Сегіз жыл бойы то­лас­­­та­ма­ған аза­­маттық соғыстың ушық­­­қан кез­де­рі­­нің бірі ретінде 2014 жыл­дың маусым айындағы оқи­­­ға аталады. Себебі ИЛИМ/ДА­ИШ террор­лық ұйымы Сирия мен Ирак­тың сол­түс­тігіндегі басып ал­ған ай­мақ­тар­да «халифат» жа­рия­ла­­ды. Үш айдан кей­ін АҚШ-тың же­тек­ші­лі­гін­­дегі ха­лық­аралық күш­тер ИЛИМ/ДА­ИШ-қа қарсы әуе шабуылдарын бас­тады. Со­ғыс барысын өзгерткен бұл оқиға 2015 жылдың қыркүйек айында орын ал­ды. Сирияға әскери нысандарын ор­наластырған Ресей Асад билігіне қолдау көрсету үшін әскери операцияларды қолға алды. Ол кезде жағдай бұрынғыдан да қатты ушыққан еді.

Сирияда жалпы халық саны соғыс басталмай тұрғанда 23 миллион адам екен. Бүгінде 11 миллион сириялық соғыс кесірінен елін тастап кетуге мәжбүр болған, 6,1 миллион адам үй-жайынан айырылып, өз елінің аумағында босқынға айналған. Ал 5,4 миллионнан астам сириялық Түркия, Ливан, Иордания, Ирак және Мысыр секілді көрші елдерге бас сауғалап қашқан. Сарапшы мамандар соғыстың Сирияның инфрақұрылымдарына орны толмас залал әкелгенін айтады. Осы жылдар аралығында соғыс зұлматы ел экономикасын 30 жылға кейін шегерген. Ал өткен жылдың шілде айында Дүниежүзілік банк тарапынан соғыстың экономикалық және қоғамдық салдарына қатысты жасалған баяндамада ішкі жалпы өнім бойынша жиынтық шығынның 226 млрд долларды құрағаны көрсетілген екен.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»