Тараз қаласының «Автобекет» маңынан салынып жатқан 14 шағын ауданның және Ы.Сүлейменов көшесінің соңынан салынып жатқан 15 шағын ауданның егжей-тегжейлі жобасымен танысқан М.Әшімбаев халық үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігін атап өтті. Мәселен, 14 шағын ауданның жалпы жер көлемі 100 гектарды құрайды. Мұндағы құрылыс 200 көп қабатты үй немесе 5460 пәтерге арналған. Сондай-ақ 15 шағын ауданның жалпы жер көлемі 362,2 гектарды құраса, мұндағы құрылыс 280 көп қабатты шағын үйлер немесе 9,0 мыңға жуық пәтерге жоспарланған. Жалпы, жуық арада өңірде 784 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліп, «7 – 20 – 25» президенттік бағдарлама бойынша 9 мыңға жуық отбасын баспанамен қамту көзделген. Құрылыс нысанына арнайы келіп, құрылысшылармен кездескен М.Әшімбаев Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі басым бағыттарға тоқталып, аталған бастамалардың ел дамуына ерекше әсер ететінін айтты.
Жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен, университет студенттерімен және «Жас Отан» жастар қанаты IV съезінің делегаттарымен кездесті. Онда таяуда ғана өткен «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі еліміздегі жастар саясатының дамуына тың серпін бергені айтылды. Аталған съезд аясында «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыбындағы 5 панельдік сессия өткен болатын. Нәтижесінде мұнда көптеген игі бастамалар көтеріліп, тың ұсыныстар айтылған еді. Осы орайда М.Әшімбаев еліміздің бас партиясы тарапынан жастарға арналған жаңа жобалар қолға алынғанын айтты.
Сондай-ақ кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көріп, қалың оқырманға жол тартқан 18 оқулық жайында да кеңінен әңгімеледі. Өз сөзінде М.Әшімбаев жастарға Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін түсіндіріп берді. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, Әулиеата өңірінің зиялы қауымымен және «100 жаңа есім» жобасының қатысушыларымен жүздескен М.Әшімбаев елімізде бастау алған игі бастамалар жайына тоқталды.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесіне арнайы барып, аталған бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өз кезегінде партияның облыстық филиалының ХХІ конференциясына қатысып, партия алдында тұрған басым бағыттар жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар өңірде партия жұмысын одан әрі жандандыру керектігін сөз етіп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа түсіндіріп, оны жүзеге асыруда жамбылдықтардың белсенділік танытуы керектігін айтты. Конференция барысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы