Қазақстан • 16 Сәуір, 2018

Ақтау жастарына 500 орындық жатақхана берілді

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін облыс бас­шысының өкімімен өңірлік жобалық офис құрылып, өңірлік сарап­тау кеңесі құрамы бекітілді. «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы Гүлайым Азанның айтуынша, 25 тәжірибелі маман­дардан, зиялы азаматтардан құралған кеңес бір жыл ішінде 11 рет жалпы отырыс, 6 рет кеңейтілген отырыс өткізген.

Ақтау жастарына 500 орындық жатақхана берілді

– «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында жасалып жат­қан жұмыс­тар өте көп. Бір ғана «Ата­ме­кен» бағдарламасының алғашқы «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағыты бойынша реестрге енген 118 іс-шараның өткен жылы 59-ы жүзеге асырылды, қалған 59 шара биылға межеленген. Бағдарламаны іске асыру барысында 50 орта мектеп спорттық жабдықтармен қамтылып, облыс­тағы емханаларға дәрігерлік құ­ралдар алынып берілді. Ақтау қа­ласы тұрғындарына спорт алаң­дары тарту етіліп, жас мамандар үшін 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Мемлекет, коммерциялық емес сектор және бизнес әріптестігі бойынша өзара әрекеттестік алаңын құру мақ­сатында «Асар» форумы өткізіліп, екі кезеңде жиналған 55 млн тең­геге 6300 отбасына – ауыр дерт­ті сә­би­лерге, қарттар үйіне, жал­ғыз бас­ты аналарға, балалар үйі­нің тәр­биеленушілеріне көмек көр­сетілді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында түлектер қолдауымен Бейнеу ауданының Тұрыш ауылында «Демалыс бағы» ашылса, аудан орталығында «Жұбайлар бағы», Боранқұл ауылында спорт алаңы, Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде спорт кешені, сауық­тыру-жүзу бассейні ашылды.

«Рухани қазына» ішкі бағдар­ламаның үш базалық бағыты да ауқымды істерді атқара білді. Кі­тап­ханалар мен мұражайлар қыз­ме­тін реттеу бағытында бір­неше маңызды іс-шаралар өтіп, мұра­жай қорындағы жәдігерлерді насихаттау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда «Мұражай құнды­лық­тарының қозғалысы мен есебі­нің автоматтандырылған жүйесі» бағдарламасын алу мен қон­дыру, электронды сенсор­лық киоскілер алу және орнату жұмыстары жүруде. Отпан тауда Амал мерекесі, ақындар С.Адай, С.Нұржан, Е.Раушановтың шы­ғар­­машылық кештері, респуб­ли­­калық жыршылар байқауы, халық­аралық театр фестивалі, тағы басқа көптеген шаралар ұйым­дастырылды, – дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы Г.Азан.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы