Көп жылдар бойы бақылаудың нәтижесінде, «Көкжиде» мен «Кеңқияқ» сияқты су көздерінде мұнай өнімдері мен ауыр металдардың қалдықтары көбейіп келе жатқанын біз бұрын да айтып, Үкіметке жеткізген едік. Алайда оларға кезекті жалтарма жауап алдық. Қазір жағдай қиындай түскенін айтып, тағы да жазуға тура келіп отыр. Мұнай-газ өндірілетін аймақтардағы көмірсутегі шикізатын өндірудің ұлғаюымен жерүсті және жерасты суларының ластануы арта түсуде. «Көкжиде құмының» массивінде бүгінгі таңда 80-нен артық мұнай скважиналары орналасқан, алдағы уақытқа тағы да 168 скважина бұрғылау жоспарланып отыр. Осының бәрі «Көкжиде құмдары» геологиялық нысан қатарында болуына және осы аймақтың жерасты сулары Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 Қаулысымен республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғат қорығы қорына енгізгеніне қарамастан жасалуда.
Жерасты суларының халықтың ауыз суын алатын көздері екендігін ескеріп, оларға геологиялық зерттеулер мен мониторинг жасау керек. Тек содан кейін ғана бассейндік шаруашылықтардың алуына рұқсат берген жөн. Бүгінгі таңда мониторинг жасалған деп ауызбен ғана айтуға қанағаттанбай келесі шараларды жасауды ұсынамыз:
1. «Көкжиде» жерасты су орнының запасын сақтауды және қайта бағалауды қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар белгілесін. Егер суды ластайтын зиянды қалдықтары көп болса, мұнай өндірушілер мен барлаушылардың жұмыстарына тыйым салынсын;
2. Горизонтальды скважиналарды қолдануға тыйым салынсын және жобалау жұмыстарын жасағанда скважиналардың жерасты суларына бағытталмауы қадағалансын;
3. «Көкжиде құмдары» мемлекеттік табиғат қорының нысандарын бақылау бір операторға жүктелсін;
4. Қазақстанның жерасты тұщы суларының айрықша орындарындағы запастарды қайта бағалау қолға алынсын;
Мәжілістегі Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясы мүшелерінің фракциясы мен экология мәселелері жөніндегі комитеттің бір топ депутаттары осы мәселелерді шешуді ұсынып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық.
Галина БАЙМАХАНОВА,
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы