Атап айтқанда, «Kazakh Invest» «General Electric», «Al Ahli Holding Group», «Al Nowais Investments», «KAAF Investments», «Loukil Group», «Phoenix Global DMCC», «Royal International Group» компаниялар тобымен, «Kanoo Group», «Petromal» және басқа да аса ірі холдингтермен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар форум аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Экономика министрлігімен, MUBADALA, DP World, Emaar, Etisalat, Borouge сияқты ірі компаниялар және басқалары мүше болып табылатын Халықаралық инвесторлар кеңесімен, Шаржа әмірлігінің Инвестициялар және даму агенттігімен келіссөздер сәтті өтті.
AIM пленарлық сессиясында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін, Қазақстан экономикасына инвестиция тарту саласындағы индустриялық-инновациялық қызметке мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауларды таныстырды.
Келіссөздердің нәтижесінде инвестиция тарту саласындағы екіжақты өзара қарым-қатынасты дамыту үшін AIM алаңында «Kazakh Invest» пен «Annual Investment Meeting» арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Алқалы жиын барысында трансұлттық компаниялар Қазақстан экономикасының басым салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаларға қызығушылық танытты.
Алдағы уақытта «Kazakh Invest» БАӘ мен Қазақстанның бизнес қауымдастықтарының инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды қостау және іске асыру мәселелері бойынша екіжақты қарым-қатынастарды үйлестіруді жоспарлап отыр.
Annual Investment Meeting әлемдегі халықаралық инвестициялық қауымдастықтың диалог алаңы ретіндегі ең танымал инвестициялық конференция екенін атап өткен жөн.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»