02 Желтоқсан, 2011

Әділеттік салтанат құрды

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің Парламенті Сена­ты­ның депутаттары халық көкейінде жүрген елдік мүддеден шығатын шынайы тарихи шешім қабыл­да­ды. Тұңғыш Президентімізге заң­ды негізде «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсыры­ла­тын «Халық Қаһарманы» атағын беру жөнінде «Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік награда­лары туралы» Заңға толық­ты­ру­лар енгізілді. «Заманына қарай – адамы» дегендей, мыңнан тұлпар шығып, халқының абыройын асқақтатып, егемен елінің ұлы көшін бастаған біртуар перзент, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде атқарған еңбегі ғасырлар салмағымен өлшенетін ерен құбылыс. Елі мен жері үшін, кешегі мен бүгінгісі үшін басын бәйгеге тігіп, небір сын сағатта сындарлы ерлік, ұлағатты аза­маттық танытқан замана дара­бо­зы Нұрсұлтан Назарбаевтай-ақ болар! Бәрімізге белгілі, бұдан бұрын Елбасын Отанымыздың ең жо­ғары наградаларымен марапаттау туралы еңбек ұжымдарынан, қо­ғамдық ұйымдардан, халық өкіл­дерінен көптеген өтініштер түс­кен болатын. Елімізде «Еңбек Ері» атағы алғаш бекітілген кезде осы марапаттың бірінші нөмірін де Елбасыға беру жөнінде көп­те­ген ұсыныстар болды. Бірақ Тұң­ғыш Президентіміз өз Жарлы­ғы­мен өзін марапаттаудан бас тарт­ты. «Рахмет, маған ешқандай марапат керек емес. Мен үшін ең үлкен награда – халық сенімі», деген болатын Елбасы. Еліміз өз тарихындағы даму биігінің шыңына шығып, төрткүл дүниеге танылған Тәуелсіз­дігі­міз­дің 20 жылы ішінде Мемлекет басшысы өз қолымен ел егемендігіне ерен еңбегімен үлес қосқан талай отандастарымызға жоғары наградалар тапсырды. Ал осы ел егемендігіне қосқан үлес тұрғы­сынан келетін болсақ, Тұңғыш Президентіміздің бұл орайдағы баламасыз еңбегіне өлшем жетпейді ғой. Ендеше, шежірелі де табысты 20 жыл ішінде Елба­сы­ның халық мүддесі, ұрпақ бола­шағы, ел бірлігі, табысты эконо­ми­калық даму жолындағы жан­қияр­лық еңбегін ескермесек, бұл тарих алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы әділетсіздік болар еді. Сондықтан заң жобасына енгізілген өзгеріс сол әділетсіздіктің ал­дын алған шын мәніндегі әділетті шешім. Сенат отырысында менің әріп­тесім Мұхтар Алтынбаев «Осы уақытқа дейін Тұңғыш Президентімізде жоқ марапатты иеленіп, менің «Халық Қаһарманы» болып жүргенім өзіме ыңғайсыз көрі­ну­ші еді. Енді әділеттілік салтанат құрды», деген болатын. Мен бұл пікірге толық қосыламын. Тіпті мәселе мемлекеттік наградада емес, Конституция бойынша біз­дің еліміздің әрбір адамы тең құқылы. Сондықтан нар көтермес ауыр жүкті көтеріп, Тәуелсіз елін асқар асуларға бастап келе жатқан Елбасының құқы неге шектелуі керек?! Міне, Парламент Сена­ты­ның бүгінгі тарихи шешімі ар­қылы Тәуелсіздік тойының 20 жыл­дығы қарсаңында әділет шы­ны­мен салтанат құрып, ел мерейі тағы да еселей өсті. Халқымыздың маңдайына біткен осындай біртуар тұлғаның қа­дірін түсініп, абыройын асқақ­та­тайық. Тұңғыш Президентіміздің ел болашағы жолындағы ерен еңбегі алдағы уақытта да табысты болып, асқаралы асуларды ала берейік, ағайын! Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Парламент Сенатының депутаты.