Бұл күн ерекше есте қаларлық күн болғалы тұр. Өйткені, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізілді.
Жиырма жыл ішінде еліміз аумақтық тұтастығын сақтай отырып, тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттіліктің жаңа бейнесін қалыптастырып үлгерді. Біріккен Ұлттар Ұйымының және өзге де халықаралық белді деген ұйымдардың мүшесі болған Қазақстан халықаралық құқықтың субъектісіне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мен еліміздің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық көкжиегіндегі мәселелермен айналысуда Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бес жылдай бірге жұмыс істеу бақытына ие болдым. Сол бес жылдың ішінде өзім Елбасының сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемей қалған сәттерін көрген емеспін.
Әрине, ол кездер өзінің қиындығымен және қарбаласты кезеңдерімен есте қалды. Кеңес Одағының құлауымен Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өзін танытуы тиіс еді. Бұл жолда әр түрлі тәуекелдерге барып, қауіп-қатерлерді еңсеруге тура келді. Бір ғана ядролық қарусыздану мәселесінің өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншама күш-жігерін алды десеңізші. Мемлекет басшысы – әлемдік антиядролық үдерістердің басталуына негіз қалай отырып, соны іс жүзіне асырған жаһандық деңгейдегі дара тұлға.
Нұрсұлтан Әбішұлымен өткізген бес жыл мен үшін ұлы өмір сабағы, ұлы тәжірибелер сабағы болды десем, артық айтқандық емес. Өйткені, мен Елбасының принципін білемін, ол өзіңнің қолыңнан келетіннен де көп істеуге тырыс дегенге саяды. Осы өткен жиырма жылдың ішінде Елбасы осы принципті үнемі ұстанып келеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырыла отырып, «Халық Қаһарманы» атағының берілуі өте орынды.
Кейбір әріптестерім айтқандай, бұл мемлекеттік марапат бірнеше жылға кешіктіріліп беріліп отыр дер едім. Егер қателеспесем, Елбасында отандық наградалардан тек мерекелік медаль ғана бар-ау деймін. Қаншама шет мемлекеттер өздерінің жоғары мемлекеттік наградаларымен марапаттап үлгерді. Демек, бұл – олардың біздің Президентіміздің әлемдік саяси аренадағы еңбегін бағалап, халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін шынайы мойындағаны деген сөз.
Егер де біз Нұрсұлтан Әбішұлын құттықтайтын болсақ, онда ең алдымен ұлы жеңістерімен, табыстарымен бүкіл халықты шын жүректен құттықтауымыз керек.
Ғани ҚАСЫМОВ, Парламент Сенатының депутаты.