Айтарға осылай, құрылыс қысы-жазы тоқтамай жүріп жатыр. Облыста баспана салуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 5 есе көбейген. Бірақ кейде салған үйлердің сапасына келгенде көңіл су сепкендей басылады. Өткен жылы қыркүйекте Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын аудан салынып, онда Қазақстан бойынша алғашқы коттедждер тапсырылған болатын. Қостанайлықтар бірінші рет пәтердің емес, 10 сотық жері бар жеке үйдің иесі атанған. Солардың біріне Нұртас Шайсұлтановтың отбасы кірген болатын. Бірақ оның қуанышы көпке ұзамады. Биылғы қыста қар аз болса да қара суық, аяз қатты болды.
–Үйдің есігі дұрыс орнатылмағаннан одан кірген жел еденге жапқан линолеумді көтеріп тұратын. Ваннада жылу 10 градустан аспады. Тоңып бара жатқан соң газдың пешінің қуатын көтереміз, оған да болмады. Сосын шағымданған болатынбыз. Осы үйді салған «Ирина и К» компаниясының басшысы Александр Корчинский келіп, «пештің қуатын көтеріңдер, ең жоғары нүктесіне, 80 градус етіп қойыңдар» дейді. Егер дұрыс, саңылаусыз, сапалы салынған үй болса, айналдырған 90 шаршы метр үй газ пешінің ең жоғары қуатын жаққанда қайнап кетер еді. Біз 65 градусқа қойып отырдық. Ал көршіміз, 6-үйде тұратын қария қыс бойы 75 градусқа қойып отырды, сонда да даладағы аяз 35 градусқа көтерілгенде оның да, біздің үйдің де төбесі қырауланып, үйдің іші дымқыл тартып кетті, – дейді жаңа салынған шағын ауданның 4-ші үйінде тұратын Нұртас Шайсұлтанов.
Олар Заречный ауылының әкіміне, мердігер компанияның басшылығына әлденеше рет шағымданды. Компания мамандары келіп, үйдің төбесін бір жауып кеткенде, ваннаның жылуы 10 градустан 16 градусқа көтерілген. Есікті жөндеп берген. Төбенің жабуы жұқа болғандықтан үйдің қыраулануы сол күйінде қалған. Нұртастың үйіне комиссия да келіпті. Олар көрді де, «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» керімен, бастарын шайқап, «бүлініп кеткен ешнәрсе жоқ» деп кетті. Осы үйлерді салған «Ирина и К» құрылыс компаниясының мамандары келіп, «үйдің төбесін шатырға шығып, сыртынан қымтамай, ішінен бұзып істеп берейік» деген ұсыныс айтқан.
–Үйдің төбесін ішінен қалай бұзады? Ол қандай технологияға жататынын білмедік. Әу баста жылы болуы үшін үйдің төбесін қалыңдатып жабу керек еді, ондай жұмыс жүргізілмегені белгілі болып отыр. Тек біздің үй ғана емес, мұндай көрініс көршілерде де орын алып отыр. Қыруар қаржыға салынған үйді не істеуіміз керек? – деп қынжылады Нұртас.
Көршілер қыстай 90 шаршы метр үйдің жылуына ғана айына 30 мыңнан 40 мың теңгеге дейін төлеп отырған. Үйді тапсырғанда үздік-создық етпей, тап-тұйнақтай етіп тапсыруға болмай ма? Біз Қостанай қаласындағы 110 шаршы метрден кем емес жеке үйде тұратын кісілерден сұрастырғанымызда қыстың суық айларында олардың жылуға төлемі 13 мың теңгеден аспаған.
Былтыр осы тұрғын ауданда 60 коттедж салынды. Тұрғындарға жаңа үйдің кілті тапсырылғанда облыс басшылығы мердігер компанияның әр коттеджді озық технологиямен 3 айда бітіргенін айтқан болатын. Биыл осы тұрғын ауданда 270 үй және әлеуметтік нысандар орын тебеді. Егер әр үйдің сапасы осылай болып, Қостанайдың суығына шыдас бере алмайтын болса, ондай озық технологияның қажеті қанша? Құрылыс компаниясын ешкім қуып бара жатқан жоқ, неше айда салса да үйді сапалы тапсыруға болмай ма? Үй машинкамен басып шығаратын қағаз емес қой, оның қате кеткен, асығыс жасалған жерін жөндеу оңайға түспейді әрі қып-қызыл ақшасына алып отырған адамдар неге сергелдеңге түсуі тиіс?
«Ирина и К» компаниясы салған үйлерден құтыла алмай отырған тек Нұртас емес. 2014 жылы қаңтар айында осы құрылыс компаниясы тапсырған 9 қабатты арендалық үйдің 9-шы қабатындағы 35-пәтерде тұрып жатқан көп балалы ана Хамдуна Денисова қарияның қазіргі көрген күнін адам баласының басына бермесін дер едік.
– Мен алты бала тәрбиелеп өсірген көп балалы ана ретінде үйдің кезегінде 30 жыл тұрдым, қолым зорға жеткен баспана еді. 2014 жылы 18 қаңтарда осы пәтерге кірдім, сәуір айында қабырғалары қап-қара болып қарайып кетті, бұрыштарынан, аспа шамнан су ақты. Аязды күндері аспа шамнан сүңгі мұздар салбырап тұрды десем, сенесіз бе? – дейді Хамдуна апай күйініп.
Үш-төрт жыл бойы зейнеткердің осы үйдің жөндеу жұмысынан қолы бір босаған емес. Қазір компанияның бұл үйге берген кепілдік үш жылы өткен. Біз келгенде де компания зейнеткерге «қайырымдылық» ретінде жалдаған құрылысшы тұсқағазын қайта жапсырып, қабырғаның су кеткен, жарылған тұстарын қайта сылап жатыр екен. Үй ішінің көшетін адамдай астан-кестеңі шыққан. Құрылысшы жөндеген қабырғалардың іргесі қайта сулана бастапты. Пәтер иесінің айтуынша, үйдің жоғарыдағы техникалық қабаты дұрыс жасалмаған, жылытылмаған. Төрт жылдан бері аяз басталысымен пәтерінің төбесінен су ағады. Хамдуна апай қысымен ауасы қапырық дымқыл үйден денсаулығы нашарлағанын да айтты. Үйдің техникалық қабатының жасалуына құрылыс компаниясы ешқандай да сөз беріп отырған жоқ көрінеді. Оның шала-шарпы тастап кеткен, төрт жылдан бері тұрғындарды азапқа салған ісін кім мойнына алады? Біз мердігер «Ирина и К» компаниясының директоры Александр Корчинскийге хабарласқанымызда, ол барлық кінәні «ЖЭС» ЖШС-не жапты.
– Біздің кепілдік мерзіміміз өткен, «ЖЭС» жасасын, бізге кінә таға береді, – деді Александр Васильевич.
– Хамдуна Денисова пәтерге кірген сәттен-ақ дабыл қақты ғой, сонда ол біздің кінәміз бе? Төрт жылдан бері осы іспен алысып келеміз. Жақында ғана «Ирина и К» компаниясы құрылысшы жалдап, тағы да пәтерге жөндеу жүргізді. Кінәлі болмаса бұл не? Негізі «Ирина и К» компаниясының барлық үйін жамандауға болмайды, үйлері жылы, жаман емес. Ал мына қателіктерін дер уақытында дұрыстау керек еді, – дейді «ЖЭС» ЖШС директоры Татьяна Олексюк.
Қалада жаңадан салынып жатқан үйлердің ауласы, жолы да тыңғылықты бітпейді. Облыс орталығының Арыстанбеков көшесіндегі 3/10 үйдің тапсырылғанына 3 жылдай болса да, әлі инфрақұрылымында шикілік толып жатыр. Үйдің кіреберістеріндегі табалдырық сынып, үйдің іргетасын айналдыра құйған цемент плита екі жылда езіліп кетті. Үйлер осындай ала-құлалықпен тапсырылған соң, оның бітпейтін жұмысының барлығы пәтер тұтынушылар кооперативтеріне «мұраға» қалады. Тұрғындар анда-санда шулап-шулап басылады. Бірақ ол шудан бітіп жатқан іс жоқ. Күн жауса, қар ерісе, есіктің алды көлге айналып, бар су үйдің іргесіне сіңеді.
Салынған үйлер тапсырылған кезде сапасын кім саралайды, қандай мекеме қабылдап алады? Осы сұрақ қазір көптеген тұрғындардың көкейін теседі.
– Бұрын 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін құрылысы біткен нысанды мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдап алатын. Оның құрамына басқа мемлекеттік органдармен қатар Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кіретін. Комиссия ең бастысы нысанның сапасын, ол құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілді ме, нәтижесі қалай болды деген мәселелерді тексеретін, қарайтын. 2016 жылы 1 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, құрылысы біткен нысандардың қабылдануы ресми рәсім болып қалды. Оның қабылдануына сұраныс беруші жақтың, мердігер компанияның, техникалық қадағалау ұйымының және жобаны жасаушы жақтың өкілдері қол қояды. Сонымен нысан пайдалануға рұқсат алады, – дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Берік Таңжарықов. Оның айтуынша, қазір бұл мемлекеттік бақылау басқармасының қызметі құрылыс жүріп жатқандағы, жұмыс барысындағы шағымдарды қарау болып табылады. Оларға құрылыс алаңдарынан күніне 5-6 дабыл түседі екен. Құрылыс нысандарының жұмыс қорытындысын тексеру комиссияларының шеттетілуі кәсіпкерлікке кедергілерді алып тастау ниетінен туған, мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытудағы бір шарасы, қамқорлығы екені белгілі. Бірақ кәсіпкерлердің оған босаңситын жөні жоқ.
Бір қызығы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жеке үйлер біткеннен кейін оларды қабылдап алу жүргізілмейді, яғни мердігер компания жұмысының сапасын ешқандай комиссия, мемлекеттік бақылау органдары тексермейді. Өйткені ол бюджет қаржысы емес, тұрғындардың, яғни банк салымшыларының өз қаржысына салынады. Егер үй ұнамаса иесі оны алмауына, бас тартуына еркі бар. Бірақ кезек күтумен қолы зорға жеткен, шыны сарайдай жылтырап, бояп-сырлап қойған үйден кім бас тартады? Қарапайым, құрылыс ісінің бүге-шігесін білмейтін жандар күн суы-
са үйдің қабырғасының қарайып кететінін, төбеден су ағатынын алдын ала қайдан білсін? Тәуелсіз сарапшы тауып алып, оның ақылы қызметі арқылы үйдің құрылыс нормалары дұрыс орындалмағанын дәлелдеп, мердігер компанияны сотқа беру керек екен. Мұның өзі қарапайым адамдар үшін қанша бас ауру екенін сондай баспанаға тап келгендер біледі. Үйге бір кіргеннен кейін адамдар да жылап жүріп, ипотекалық қарызын төлеуден басқа амал қалмайды. Инвесторға да мердігер компаниялардың қуаты мен біліктілігіне сенген дұрыс шығар, бірақ сапаны тексеру олардың жұмысына кедергі бола ма?
Біз бұл мақаланы жазғанда Қостанайдағы салынып жатқан бар үйдің іргетасы қисайып тұр деуден аулақпыз. Бірақ мердігер кәсіпорындардың сәл де болса жауапкершіліктен ауытқуы салдарынан сапа төмендеп, одан адамдардың зардап шегетінін айту бізге парыз еді. Елбасы Үндеуінде айтылған әлеуметтік тапсырмалардың орындалуы үшін құрылыс жұмыстарының санымен қатар сапасына мән бермесе, еңбектің де, қаржының да желге ұшқа
ны емей немене?
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ