Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Жер қатынастарын реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланды

862 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиевтің жетекшілігімен өткен комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Жиында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев баян­дама жасап, заң жобасына енгі­зілген өзгерістер мен олардың маңыз­дылығы жөнінде мәлімет берді.  

Жер қатынастарын реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланды

Заң жобасы Қазақстан Прези­дентінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жар­лығына сәйкес құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия­ның ұсыныстарын іске асыруға бағыт­талған. Осы арада ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді сату­ға, сондай-ақ оны шетелдіктерге беруге тыйым салу «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» 2016 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгі­ленгенін атап өту керек.

Бұл құжатта ауыл шаруашы­лығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, жалға берілетін жердің шекті мөлшерін белгілеу, шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту, тұрғындардың жайылым алқаптарына қажеттілігін қам­тамасыз ету қамтылған.

– 2016 жылы жер мәселесіне бай­ла­нысты қоғамда қызу талқы­лаулар­дың жүргендігі белгілі. Нәти­же­сінде Елбасы аталған заңның кейбір нормаларына 2021 жылдың желтоқсанына дейінгі мерзімөге мораторий жариялап, Үкімет Қаулысына сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, белсенділер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден құралған 75 адам кірді. Аталған комиссия жер мәсе­лелеріне байланысты туын­даған сауалдар бойынша Астана қаласында 5 мә­жіліс өткізді, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарында жергілікті халықпен кезде­сіп, өтініштері мен сауалдарын жинақтады. Сондай-ақ жерге байланысты заңнамаларды халыққа түсіндіру жұмыстары үшін ашылған 16 Call-орталыққа 13 мыңнан аса сауал мен ұсыныстар түсті, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.

Е.Нысанбаев атап өткендей, заң жобасында халық та, комиссия мүшелері де қолдау білдірген жерді 49 жылға жалға беру институтын сақтап қалу, жерді жалға беруде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, қазақстандықтарға жалға беруде жердің шекті мөл­шерін белгілеу, конкурстарға қатысу­шыларға тең құқықтық мүмкіндіктер беру тәрізді маңызды мәселелер ескерілген.

Қолданыстағы заңда жер­дің мөлшеріне шектеу тек жеке­меншікке сатылатын аумақтар мен шетелдіктерге байланысты баптарда ғана бар еді. Ендігі өзгеріс көлемді жер телімдерінің бір қолға өтіп кетпеуінің алдын алады.

Сонымен қатар мүдделі тарап­тардың ұсыныстары негізінде шекараға жақын учаскелерді беру тәртібі де күшейтілген. Қазіргі нормада алдымен ұлттық қауіпсіздігімізге тәуекелді қауіпті күшейтетін бұл мәселе де ерекше көрсетілген.

Ал қорасындағы азын-аулақ малға жайылым таппай отырған ағайынның көңілі жайланатын уақыт та жақын сияқты. Өйткені құжатта ауыл-аймақ аумағынан жа­йы­лымға қажет жерлерді мем­лекет­тік қажеттілік есебінде қайта­рып алуға мүмкіндік туғалы отыр.

Заң жобасымен 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Респуб­ликасының Жер кодексіне, Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңдарға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, елімізде ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы 104 млн гектар жер қол­даныста, соның 1 млн 300 мың гектары жеке меншікте, ал қалғаны жалға берілген.

Аталған ұсыныстар Мәжілісте қаралғаны, бір жылдай уақытта қоғам арасында да қызу талқыға түскені белгілі. Енді Сенат заң жобасын көп кідіртпестен жалпы отырыста талқылауға кіріседі.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»