Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Әлеуметтік осал топтарға оңды көзқарас қажет

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров кепілге қойылған мүлік арқылы қарызды өндіріп алу туралы сот тәжірибесі мәселесі бойынша Жоғарғы сот төрағасына жүгініп, үндеу жолдады.

Әлеуметтік осал топтарға оңды көзқарас қажет

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, банктер банктік қарыз шартында көзделген қарыздарды өтеу бойынша кез келген шараларды қолдануға, соның ішінде соттан тыс немесе сот тәртібімен кепілге салынған мүлік арқылы өндіріп алуға құқылы.

Үндеуде мемлекет тарапынан қолға алынған ипотекалық несиені қай­та қаржыландыру бағдарла­ма­сы шеңберінде азаматтарға қол­дау көр­сету үшін қажетті шара­лар қабыл­­­да­нып жатқаны атап өтілді. Осы құ­жатқа сәйкес, халықтың әлеу­мет­тік осал топтарына жататын қарыз алу­шы­ларға, сондай-ақ 2004 жыл­дан 2009 жылға дейінгі кезеңде ипо­те­­калық несие алғандарға көмек көрсету көзделген.

Осы жылдың ақпан айында Ұлт­тық банкі екінші деңгейдегі банктерге жоғарыда аталған бағ­дарлама өлшеміне сәйкес келетін қарыз алушыларды баспанасынан шығару тәртібін тоқтата тұру жөнінде ұсы­нымдар жіберді.

Омбудсмен, сондай-ақ аталған бағдарлама шеңберінде заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға жататынына назар аударды.

Азаматтардың келіп түскен өтініш­терін талдау және тиісті сот тәжірибесі соттардың кепіл мүлкін сату жолымен берешекті өндіріп алу туралы банктердің талаптарын қарастырған кезде, әдетте олардың пайдасына шешім қабылданатынын куәландырады.

Өз үндеуінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қабылданған сот шешімдеріне және борыштық міндет­темелерді орындау қажетті­лігі туралы банктердің талап арыздарының негізділігіне наразылық білдірмей, соны­мен қатар соттардың мұндай істер­ді жеке тәртіппен, барлық мән-жай­ларды ескере отырып, сон­дай-ақ банктік қарызы бойынша мін­дет­теме­лерінің мерзімін ке­йі­н­­ге қал­ды­ру немесе тәртібін өз­гер­­ту мүмкін­дігін қарастырудың ма­ңыз­дылығын атап өтті. Бұл жағ­дай­да әңгіме тек халық­тың әлеумет­тік әл­сіз топтарына жататын, кепілдік қам­тамасыз ету үшін жал­ғыз тұрғын үйін ұсынған және қиын қаржылық жағдайды бастан кеші­ріп жүрген, қолдауға мұқтаж қа­рыз алуш­ылар туралы айтылып отыр.

Бұрын бұл мәселе Омбудсменнің тиісті органдарға, оның ішінде Ұлт­тық банкке жіберілген үндеу­лер­дің нысаны болды. Алайда аза­мат­­­тардың ұлт­тық құқық қорғау меке­месіне ке­л­іп түскен шағым­дары мәселенің ше­ші­мін таппай отыр­ғанын куәлан­дырады.

Жоғарғы сот төрағасымен ынты­мақ­тастық туралы қолданыстағы меморандумға сәйкес, Омбудсмен банк қарыздарын өндіріп алудың сот тәжірибесі қорытындыланған кезде, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан ипотекалық қарыз алушыларға қолдау шараларын, атап айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың жалғыз тұрғын үйін сақтап қалуын ескеру өтінішін білдірді.

Халықаралық стандарттарға сәйкес, көшіру үйсіз адамдардың немесе басқа да құқықтардың бұзылуы­на ұшыраған адамдардың пайда болуына алып келмеуі керек. Осы орайда Үндеуде БҰҰ Арнайы баяндамашысы Р.Роль­ник­тің Қазақстанға жеткілікті тұрғын үй мәселесі бойынша сапары қорытындысы негізінде, аз қам­тылған отбасылардың несие және ипотекалық қарыздарды өтеу қабілетсіздігіне орай азаматтар­ды мәжбүрлеп үйден шығару мәсе­лесіне ерекше көңілі бөлінген.

«Егемен-ақпарат»