Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Мұнай өндірісінің тың міндеттері

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде компанияның бастамасымен және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Энергетика ми­нис­тр­лігінің қолдауымен мұнай-газ саласына сандық технологияларды ен­гі­зудің өзек­ті мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті. Форумға са­ла­­лық ми­нистрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қыз­меткерлері, халықаралық сарапшылар және IT саласында қызмет көр­се­тетін компаниялардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қа­тыс­ты. 

Мұнай өндірісінің тың міндеттері

– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының іс-шаралар тізіміне ен­ген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүзеге асырып жатқан «Цифрлы кен алаңы» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың «Жабдықтарға техникалық қызмет көр­сету және жөндеудің авто­мат­танд­ы­ры­л­ған жүйесін енгізу» жобала­ры мұ­най-газ саласындағы негізгі жобалар болып сана­лады, – деп баса айтты Энергетика ви­це-министрі Болат ақшолақов.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында Уаз кең алаңында «Цифрлы кен алаңы» қа­нат­қақты жобасы іске қосылып, өз ти­ім­ді­лігін дәлелдеді. Электр энергиясын қол­дану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қо­рын пайдалану коэффициентін көбейту ар­қылы қосымша 1360 тонна мұнай өн­діру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Жинақталған тәжірибеге орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ ком­паниялар тобына тарату мақсатында бар­лық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы келетін бірқатар негізгі кен алаңдары іріктелді. 2017 жы­лы ЕМГ-да «Цифрлы кен алаңы» тұ­жы­рымдамасы Прорва кен алаңдары то­бына да таратылып, биылғы жылы «Жай­ық­мұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңаталап кен орнына енгізілуде.

– Қазіргі таңда ірі мұнай компа­ния­ларының барлығында дерлік интеллек­ту­алды кен алаңы тұжырым­да­масын әзірлеп, ен­гі­зумен айналысатын бөлімшелері бар. Жал­пы алғанда, әлем­дік мұнай-газ саласы интеллектуалды кен  алаңдарын құруға ал­дағы 5 жыл­да 1 млрд доллардан астам қаражат жұм­сауды жоспарлап отыр. Сондықтан біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық сандық технологияларды таныс­тыру мақсатында аталған форумды ұйым­дастыруды жөн санадық, – деп атап өтті ЕМГ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

Форум барысында қатысушы деле­гат­тарға 11 баяндама оқылып, таныс­ты­рыл­ды. Оның ішінде, 8-і – Microsoft, IBM, Schlumberger сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұ­мыстар. Цифрландыру жүйесінің келе­шек­тегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-ми­нистрі Б.Ақшолақовтың, халықаралық са­рапшылардың, ірі мұнай-газ және сер­вис­тік компаниялар басшыларының қа­ты­суымен пікір алмасу алаңында кеңінен тал­қыланды.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»