Осының ішінде елімізді көгілдір отынмен қамтуды жалғастыру жайына аз-кем тоқталсақ. Қазір Алматы облысында аймаққа газ тарту ісі қызу жүріп жатыр. Биыл соңғы 50 жыл бойына көгілдір отынға қол жеткізуді армандап келген Талдықорған қаласының тұрғындары табиғи отынға қол жеткізбек. Бүгінде қала бойынша газ желісін тарту аяқталып, көп қабатты үйлер мен жеке тұрғын-жайларды желіге қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазірге дейін табиғи газға 393 абонент қосылған.
Облыс орталығының табиғи газ желісіне қосылуы бірнеше мәселенің шешімін бірден шешетіні анық. Мысалы, қалада орталық жылу жүйесіне қосылмаған жеке тұрғын үйлер көп. Олар қыс бойы көмір жағып шығады. Бұл дегеніңіз экологияға зиян. Оның үстіне биылғы қыстағыдай саршұнақ аяз кәріне мінгенде көмір тапшылығы болып, жұрт әбігерге түсіп қалатыны тағы бар. Ал тұрғын үйлерді толықтай газбен қамту аяқталғасын, қаланың экологиялық мәселесі де, отынға деген сұраныс та бірден шешіледі деген үміт бар.
«Арғыны қойып, соңғы 50 жыл бойы көгілдір отын арман болған аймақ» дегеннен шығады, облыс орталығына табиғи газ желісін тартуды толық аяқтау ісін Амандық Баталовтың әкімдік қызметінде ерекше есте қалатын жаңалық ретінде айтуға болады. Жалпы, 2020 жылы аймақты көгілдір отынға қосу жұмыстары толықтай аяқталады деп күтілуде. Қазір 11 ауданда табиғи газ бар.
– Бүгінгі таңда республика бойынша тұрғындарды газбен қамту жұмыстары 50 пайызға жетті. Алматы облысы осы көштің ортасында. 11 ауданға газ тартылған. Бұл жұмыстарға 8,5 млрд теңге қаралып, оның 5,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен тартылса, жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде Алматы қаласының аумағынан тартылған газ құбыры облыс орталығына дейін жетіп, мақсат орындалды. Қазір ішкі желілерді тарту жұмыстары мен нысандарды газға қосу жұмыстары басталды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Мұнан бөлек, ауылдардағы әрбір үйді көгілдір отынға қосу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Газдандыру ісінде мемлекет пен жекеменшік әріптестігі жақсы жолға қойылған. Атқарушы билік тарапынан газ желісіне қосылу құнының қолжетімділігі қадағаланады.
Түйіндей айтқанда, Жетісу жерінде бұған дейін қарқын алған көгілдір отын мәселесінің толықтай шешім табуына Елбасы ұсынған 5 әлеуметтік бастама ерекше серпін бермек. Яғни қазіргі күні Талдықорған қаласының аумағына келген газ құбырын Алакөл, Сарқан, Ақсу сияқты шалғай аудандарға да тарту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Сондай-ақ Қапшағай қаласын газ желісіне қосу аяқталуға жақын. Текелі қаласы мен «Бақанас», «Сарыөзек», «Үштөбе» газ бөлу стансаларының құрылысы жүріп жатыр. 2020 жылға дейін Панфилов, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудан-
дарына табиғи газ жеткізу жоспарда тұр. Қазақ мұндайда «қазан аузы жоғары» дейтін еді. Жетісудың әр ауылына газ келіп, мұқым жұрт мәз болатын күн жақындап келеді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы